"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 378, 379, 381, 383, 387 баптарына сәйкес қалалық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Жеке тұлғаларға қора-қопсы салынған жерді қоса алғанда, өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын, бағбандық және саяжай құрылысын жүргізу үшін берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге базалық салық ставкалары өзгеріссіз және мынадай мөлшерде белгіленсін:
1) көлемі 0,50 гектарға дейін қоса алғанда – 0,01 гектар үшін 20 теңге;
2) көлемі 0,50 гектардан асатын алаңға – 0,01 гектар үшін 100 теңге.
2. Тұрғын үй қоры, соның ішінде оның іргесіндегі құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан елді мекендердің жерлеріне салынатын базалық салық ставкалары алаңның бір шаршы метріне шаққанда өзгеріссіз және мынадай мөлшерде белгіленсін:
1) Қапшағай қаласы үшін 0,39 теңге сомасында;
2) Заречный және Шеңгелді ауылдық округтерінің елді мекендері үшін 0,09 теңге сомасында.
3. Елді мекендердің жерлеріне (үй іргесіндегі жер учаскелерін қоспағанда) Салық кодексінің 381 бабымен белгіленген облыстық маңызы бар қала үшін 6,75 теңгені және селолар (ауылдар) үшін 0,48 теңгені құрайтын базалық салық ставкалары 387 баптың негізінде 1,2 (+0,20,0%) түзету коэффициентін қолдану ретімен алаңның бір шаршы метріне шаққанда мынадай мөлшерде белгіленсін:
1) Қапшағай қаласы үшін 8,10 теңге;
2) Заречный және Шеңгелді ауылдық округтердің елді мекендері үшін 0,58 теңге.
4. Елді мекендер шегінде орналасқан өнеркәсіп жерлеріне (шахталарды, карьерлерді қоса алғанда) және олардың санитариялық- қорғаныштық, техникалық және өзге де аймақтарына Салық кодексінің 381 бабымен белгіленген облыстық маңызы бар қала үшін 6,75 теңгені және селолар (ауылдар) үшін 0,48 теңгені құрайтын базалық салық ставкалары 387 баптың негізінде 1,2 (+20,0%) түзету коэффициентін қолдану ретімен алаңның бір шаршы метріне шаққанда мынадай мөлшерде белгіленсін:
1) Қапшағай қаласының селитебті аумағы және одан тыс жерлері үшін 8,10 теңге;
2) Заречный және Шеңгелді ауылдық округтердің елді мекендерінің селитебті аумағы және одан тыс жерлері үшін 0,58 теңге.
5. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихат | |
сессиясының төрайымы | Керімбаева Г. Д. |
Қалалық мәслихаттың | |
хатшысы | Ахметтаев Қ. Н. |