Кеден ісін жетілдіру мәселелері бойынша консультативтік кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 17 қыркүйектегі N 463 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 18 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6580 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 994 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 12.10.2018 № 994 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 21-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кеден ісін жетілдіру мәселесі бойынша консультативтік кеңестер туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің облыстар, Астана, Алматы қалалары бойынша Кедендік бақылау департаменттері және кедендерінің бастықтары;

      1) кеден ісін жетілдіру мәселесі бойынша консультативтік кеңестер құрсын;

      2) кеден ісін жетілдіру мәселесі бойынша консультативтік кеңестер туралы ережені бекітсін;

      3) тұрақты негізде консультативтік кеңестердің отырыстарында көтерілген проблемалық мәселелерді жинақтауды және қорытындылауды, кеден ісін жетілдіру мәселесі бойынша әзірленген ұсыныстарды жүйелеуді және заң шығармашылық қызметте пайдалану үшін тиісті ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4) осы бұйрықты іске асыру жөніндегі өзге шараларды қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті (Қ-К. Кәрбозов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық ол ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қаржы министрі

Б. Жәмішев


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2010 жылғы 17 қыркүйектегі
N 463 бұйрығымен бекітілді

Кеден ісін жетілдіру мәселелері бойынша консультативтік кеңестер туралы үлгілік ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлгілік ереже кеден ісі саласындағы уәкілетті органның, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің және кедендердің (бұдан әрі – мемлекеттік кірістер органы) жанында құрылатын кеден ісі саласындағы мәселелер бойынша консультативтік кеңестердің (бұдан әрі - консультативтік кеңес) қызметін ұйымдастыру, өкілеттігін айқындау мақсатында әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Консультативтік кеңес қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді жетілдіруге және кедендік әкімшілдендірудің тиімді әдістерін енгізуге ықпал ету болып табылады.

      3. Консультативтік кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Кеден одағының Кеден кодексін, "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін, Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.

2. Консультативтік кеңесті құру тәртібі

      4. Консультативтік кеңестің құрамы мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғаларынан, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан, сондай-ақ өзге мүдделі тұлғалардан, оның ішінде олардың ұсынымдары бойынша қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардан қалыптастырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Консультативтік кеңестің құрамы мемлекеттік кірістер органының бірінші басшысының шешімімен бекітіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. Консультативтік кеңестің міндеттері

      6. Консультативтік кеңестің негізгі міндеттері:

      1) мемлекеттік кірістер органдарының Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстарды және оны іске асыру механизмін пысықтауы;

      2) сыртқы экономикалық қызметті кедендік реттеу әдістерін қолдану тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды шығару;

      3) тауарларды кедендік тазартуды және кедендік бақылауды жетілдіру мен оңайлату, Еуразиялық экономикалық одағының кедендік аумағы арқылы тауар айналымын жеделдетуге ықпал ететін жағдайларды жасау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы субъектілерінің, ұйымдары мен азаматтарының сыртқы экономикалық байланыстарын дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу;

      4) Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызметті кедендік реттеу мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстарды дайындау;

      5) кеден ісі саласындағы құқық қолдану практикасында туындайтын проблемалық мәселелерді талқылауға шығару болып табылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Консультативтік кеңестің өкілдіктері

      7. Өз қызметі барысында консультативтік кеңес:

      1) кедендік бақылауды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды, оның ішінде талдау және ақпараттық материалдар, нормативтік құқықтық актілердің және өзге құжаттардың жобалары түрінде әзірлейді және қарауға шығарады;

      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік кірістер органдарынан, өзге мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ ұйымдар мен тұлғалардан консультативтік кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті материалдарға сұрау салады және алады;

      3) мемлекеттік кірістер органдары кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын алу үшін біліктілік емтихандарын өткізген кезде қатысуға құқылы.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

5. Консультативтік кеңестің басшылығы

      8. Консультативтік кеңесті мемлекеттік кірістер органының басшысы болып табылатын консультативтік кеңестің Төрағасы басқарады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Консультативтік кеңестің Төрағасы:

      консультативтік кеңестің жұмысын басқарады;

      консультативтік кеңес қызметінің негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар дайындайды;

      консультативтік кеңестің отырыстарын жүргізеді;

      консультативтік кеңес хатшылығының жұмысына басшылық етеді;

      мемлекеттік және өзге ұйымдармен, мекемелер және ведомстволармен өзара қатынаста консультативтік кеңестің атынан шығады;

      консультативтік кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

6. Консультативтік қеңестің мүшелері

      10. Консультативтік кеңес мүшелерінің жұмысы өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      11. Консультативтік кеңестің мүшелері консультативтік кеңестің отырыстарына жеке өздері қатысады.

      12. Консультативтік кеңестің мүшесі консультативтік кеңес Төрағасының атына Хатшылыққа жазбаша өтінішті ұсына отырып оның құрамынан шығады.

      Консультативтік кеңестің мүшесі Хатшылыққа өтінішті берген күнінен бастап шығарылған деп танылады.

      13. Төраға консультативтік кеңестің мүшелерімен келісім бойынша мүшені консультативтік кеңестің құрамынан мынадай негіздер бойынша шығарады:

      1) консультативтік кеңестің жұмысына және консультативтік кеңес қабылдаған шешімдерді орындауға кедергі келтіретін іс-қимылдарды жасағаны үшін;

      2) консультативтік кеңес қызметінің беделін түсіретін іс-қимылдарды жасағаны үшін.

7. Консультативтік кеңестің жұмысын қамтамасыз ету

      14. Консультативтік кеңестің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін консультативтік кеңеске қатысушылардың санынан Хатшылық құрылады. Хатшылықты консультативтік кеңестің Төрағасы тағайындайтын хатшы басқарады.

      15. Хатшылық консультативтік кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтар мен ұйымдардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайды, консультативтік кеңестің отырыстарына материалдар дайындайды, консультативтік кеңеске қатысушылар мен басқа ұйымдардың байланысы мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

8. Консультативтік кеңестің шешімдері

      16. Консультативтік кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      17. Консультативтік кеңестің шешімдері консультативтік кеңестің отырыстарында қабылданады.

      18. Консультативтік кеңестің шешімдері консультативтік кеңеске қатысушылардың жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.

9. Консультативтік кеңестің отырыстары

      19. Консультативтік кеңестің отырыстары қажеттілігі бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады.

      20. Консультативтік кеңес отырысының күн тәртібі, сондай-ақ оны өткізу орнын, уақытын, тәртібін және мерзімдерін консультативтік кеңестің Төрағасы айқындайды.

      21. Консультативтік кеңестің отырыстары консультативтік кеңес мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан кезде заңды болып саналады.

      22. Консультативтік кеңестің отырыстары ашық және жабық болуы мүмкін. Консультативтік кеңестің жабық отырыстарына тек қана оның мүшелері қатысады.

      23. Әр отырыстың нәтижелері бойынша консультативтік кеңестердің отырыстарында көтерілген проблемалық мәселелерді жалпылауға, осы Үлгілік ереженің 2, 6-тармақтарында айқындалған консультативтік кеңестің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ықпал ететін нақты конструктивті ұсыныстарды пысықтауға негізделген шешім қабылданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады