"Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесін бекіту туралы"

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 308 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 9 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6630 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 100 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 20.02.2015 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 74-бабының 5-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі бекітілсін.
      2. «Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет Төрағасының 2010 жылғы 26 сәуірдегі № 01-01-31/149 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6257 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін
      атқарушы                                   Д. Құсдәулетов

Қазақстан Республикасы
Әділет министрі міндетін
атқарушының     
2010 жылғы 3 қарашадағы
№ 308 бұйрығымен   
бекітілген      

Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі (бұдан әрі - Ереже) тыйым салынған мүлікті сату тәртібін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      аукцион – тыйым салынған мүлікті сату бойынша алдын ала белгіленген жерде және уақытта өтетін жария конкурстық сауда-саттық;
      заңды тұлғаның аффилирленген тұлғасы – өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда, шешімдерді айқындауға және (немесе) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде жазбаша нысанда жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіншілігі бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      кепілдік жарна – борышкерлердің тыйым салынған мүлкін сату жөніндегі сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалар аумақтық органның бақылаудағы қолма-қол ақша шотына, сонымен қатар жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізетін ақшалай сома;
      лоттың ең төмен бағасы – лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға;
      тиісінше хабардар ету – борышкердің немесе оның өкілінің жеке қол қоюымен жазбаша немесе хабарламасы бар тапсырысхатпен немесе факсимильдік байланыспен хабардар ету;
      ұйымдастырушы – аумақтық орган келісім жасасқан сауда-саттықты өткізуді жүзеге асыратын мамандандырылған сауда ұйымы немесе жеке сот орындаушысы;
      жеңімпаз – сауда-саттықтағы затқа ең жоғары баға ұсынған және өткізілген сауда-саттық туралы хаттамаға қол қойған аукционның қатысушысы;
      сатып алушы – сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан және мүлікті сатып алу құнын төлеген тұлға;
      сатушы – аумақтық орган, жеке сот орындаушысы;
      аукцион (сауда-саттық) заты – сауда-саттыққа қойылатын, борышкерлердің атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысы тыйым салған кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлкі;
      лот – аукционның бірыңғай бөлінбейтін заты ретіндегі заттар кешені (немесе бір зат);
      мүлікті сатып алу құны – жеңімпаз сауда-саттық хаттамасына сәйкес соған мүлікті сатып алуға ниет білдірген сома;
      бастапқы баға – сауда-саттық содан басталатын лоттың бағасы;
      аумақтық орган - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау Комитетінің Астана, Алматы қаласының, облыстың Сот актілерін орындау Департаменті;
      уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау Комитеті;
      қатысушы – сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген және осы Ереженің 16-тармағымен көзделген шарттарды орындаған жеке немесе заңды тұлға;
      бағаның өзгерту қадамы – сатылатын мүліктің бағасын өсіру немесе төмендету мөлшері.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.03.2014 № 126 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      3. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес заң бойына айналымнан алынған мүліктен басқа, тыйым салудың негізіне және мүліктің түрлеріне қарамастан, тыйым салынған мүлікті сатуды сот орындаушысы сауда ұйымдары арқылы комиссиялық бастамамен, сондай-ақ аукцион нысанындағы сауда-саттықта жүргізеді. Аукцион нысанындағы сауда-саттықты жеке сот орындаушысы дербес, ал мемлекеттік сот орындаушысы – мамандандырылған сауда ұйымы арқылы өткізеді.

2. Сауда-саттық өткізуге дайындық

      4. Борышкерлердің тыйым салынған мүлкін сауда-саттыққа қою туралы шешімді сот орындаушысы қабылдап, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.
      5. Борышкерді және өндіріп алушыны жүргізілген бағалау туралы тиісінше хабардар етпей немесе таныстырмай және оларға бағалау нәтижесін даулауға он күнтізбелік күн мерзім бермей, тыйым салынған мүлік сауда-саттыққа қойылмайды. Көрсетілген мерзімді есептеу жүргізілген бағалау бойынша борышкерді және өндіріп алушыны таныстырған немесе хабардар еткен күннен есептеледі. Борышкердің іздеуде болған кезі оның мүлкін өткізуді жүзеге асыруға кедергі болмайды.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Өндіріп алушылар ретінде екі және одан көп өндіріп алушылар әрекет ететін атқарушылық іс жүргізу бойынша тыйым салынған мүлік әрбір өндіріп алушыға бара-бар тиесілі сомада мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражатты бөлу жолымен барлық өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін сауда-саттыққа қойылады. Осы атқарушылық іс жүргізулер бойынша сатудың барлық сатысында өндіріп алушыларға мүлікті заттай қабылдап алу туралы ұсыныс жасалмайды. Өндіріп алушы аукционға қатысқан кезде кепілдік жарнаны және жеңген жағдайда толық құнын енгізеді.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. Мемлекеттік сот орындаушысының сауда-саттыққа мүлікті қоюы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдастырушыға атқарушылық құжаттың және мүлікті сатуға қою туралы қаулының, борышкерді және өндіріп алушыны мүліктің бағасымен тиісті хабардар ету немесе таныстыруды растайтын құжаттардың көшірмесін қоса бере отырып, тыйым салынған мүліктің сауда-саттығын жүргізуге арналған өтінім жіберу жолымен жүргізіледі.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Сауда-саттық жүргізуге дайындық мынадай мәселелерді қамтиды:
      1) сауда-саттыққа қойылатын тыйым салынған мүліктің тізбесін айқындау;
      2) сауда-саттықты өткізу әдісін айқындау;
      3) аукционның әрбір затының бастапқы құнын айқындау;
      4) сауда-саттық өтетін күн мен орынды белгілеу;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында алдағы сауда-саттық туралы хабарландыру мәтінін дайындау;
      6) кепіл ұстаушыны сауда-саттықта тыйым салынған мүлікті сататын уақыт пен орын туралы хабардар ету.
      9. Алынып тасталды - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Өткізілгелі жатқан аукцион туралы хабарландыру аукцион өткiзiлгенге дейін кемінде он күнтізбелік күн бұрын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын ресми хабарламаларды жариялауға құқығы бар мерзімді баспа басылымдарында, қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10-1. Борышкердің мүлкін аукционда сатқан кезде мемлекеттік сот орындаушысы мүліктің тізімін аумақтық органның интернет-ресурсында жариялайды, ал жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының интернет-ресурсында жариялайды.
      Ескерту. Ереже 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Аукционды өткізу туралы хабарламада мынадай мәлеметтер көрсетіледі:
      1) аукцион өткізу туралы тақырып;
      2) мүлкі сатылатын борышкердің атауы;
      3) электрондық аукцион өтетін күні мен уақыты;
      4) қосымша ақпарат алу үшін аукцион ұйымдастырушысының, аумақтық органның немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының телефондар нөмірлері, мекенжайлары мен интернет-ресурсының электрондық мекенжайы;
      5) өтінімдерді қабылдау уақыты мен мерзімдері;
      6) аукционға қатысу үшін кепілдік жарна мөлшері және аумақтық органның кепілақы аударылуы тиіс ағымдағы бақылаудағы қолма-қол ақша шотының немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотының деректемелері;
      7) уәкілетті органның сенім телефондары.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      12. Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді ұйымдастырушы қабылдайды. Жеке сот орындаушысы өткізетін сауда-саттық бойынша өтінімдерді жеке сот орындаушысының өзі немесе ол уәкілеттік берген қызметкер қабылдайды.
      13. Алдағы сауда-саттық туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін ұйымдастырушы, сонымен қатар жеке сот орындаушысы әлеуетті сатып алушылардан өнімдерді қабылдауды жұмыс уақыты шеңберінде қамтамасыз етуге міндетті.

3. Сауда-саттыққа қатысу шарттары және қатысушыларды тіркеу

      14. Сот орындаушылары мен осы атқарушылық іс жүргізу бойынша шешім шығарған судьялар, тыйым салынған мүлікті бағалаған бағалаушы, сондай-ақ олардың жақын туыстары, ері (жұбайы), борышкер және мүлікті тізімге алу және оған тыйым салу кезінде қатысқан адамдар сауда-саттықта сатып алушы ретінде қатыса алмайды.
      15. Бір-бірімен жақын туыстық қатынастағы адамдар, сондай-ақ аффилиирленген тұлғаларымен бірге заңды тұлғалар сауда-саттыққа бір лот бойынша қатысуға жіберілмейді. Ұйымдастырушы сауда-саттық басталар алдында барлық қатысушылардан осындай байланыстарының жоқтығы туралы тілхат жаздырып алады.
      16. Сауда-саттыққа қатысқысы келетін адамдар қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды тапсырады:
      1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
      2) сауда-саттыққа қатысуы үшін кедергілердің жоқтығы туралы тілхат;
      3) қатысушының жеке басын куәландыратын құжат және заңды тұлға өкілінің өкілеттігін куәландыратын құжат;
      4) кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын төлем құжат;
      5) заңды тұлғалар заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы анықтаманы ұсынады.
      Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерде сауда-саттыққа қатысушының толық деректері: тегі, аты, әкесінің аты, жеке куәлігінің деректері, заңды тұлғаның толық атауы, жеке идентификациялық нөмірі/бизнес идентификациялық нөмірі көрсетіледі.
      осы тармақтың 4) тармақшасының талаптары мүлкі сатылып отырған атқарушылық іс жүргізу бойынша өндіріп алушысы болып табылатын аукционның қатысушысына қолданылмайды.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      17. Сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарна мүліктің бастапқы құнының бес пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      18. Кепілдік жарнаны қатысушының атынан сенімхатпен немесе шартпен уәкілеттік берілген кез келген жеке немесе заңды тұлға салуы мүмкін.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      19. Сауда-саттықты жеңіп алған тұлғаның кепілдік жарнасы сатып алу бағасының шотына есепке алынады. Қалған қатысушылардың енгізген кепілдік жарнасы сауда-саттық өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қайтарылуға жатады.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      20. Егер сатып алушы бес жұмыс күні ішінде мүліктің бүкіл сатып алу құнын енгізбеген жағдайда немесе сауда-саттыққа қатыса алмағандығы белгілі болған жағдайда кепілдік жарна оған қайтарылмайды және ол мемлекет кірісіне түседі. Егер кепілдік жарна жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізілген жағдайда, жеке сот орындаушысы үш жұмыс күні ішінде кепілдік жарнаны мемлекет пайдасына аудару туралы шараны қолданады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      21. Сауда-саттыққа қатысушылар:
      1) сауда-саттыққа өздері немесе өз өкілдері арқылы қатысады;
      2) мүлік жөніндегі қосымша мәліметтерді тегін алады;
      3) сауда-саттықта сатылатын мүлікті алдын ала қарай алады;
      4) олардың құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгінеді;
      5) өзінің өтінімін кері қайтарып алады.
      22. Осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырғаннан кейін қатысушыларға мынадай мәліметтер қамтылатын билеттер беріледі:
      1) қатысушы сауда-саттыққа қатысатын нөмір;
      2) қатысушы сатып алуға үміттенетін сауда-саттыққа түсетін заттың атауы.
      23. Сауда-саттық өтетін күні қатысушының билеті оған берілген тіркеу нөмірі бар карточкаға ауыстырылады. Сауда-саттық процесінде тіркеу нөмірі бар карточканы басқа тұлғаның пайдалануына жол берілмейді.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Сауда-саттықты өткізу тәртібі

      24. Сауда-саттықты мамандандырылған ұйымның басшысы осыған уәкілеттік берген адам (аукционшы) өткізеді. Жеке сот орындаушысы сауда-саттықты дербес өткізеді. Ұйымдастырушы өткізетін сауда-саттыққа мемлекеттік сот орындаушысы қатысады.
      25. Сауда-саттық өтетін уақыт пен орын туралы атқарушылық іс жүргізу тараптары хабардар етіледі. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының болмауы сауда-саттықты өткізуге кедергі болмайды.
      26. Аукцион басталар алдында оны өткізу ережесі, сатылатын мүліктің атауы, бастапқы бағасы және мүліктің бағасын өзгерту қадамы жарияланады.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      27. Егер кемінде екі сатып алушы (бір лот бойынша) қатысса, сауда-саттық өткізіле алады.
      28. Сауда-саттыққа барлық қатысушылар (бір лот бойынша) бір қатарға немесе бір-біріне тікелей көрінетіндей етіп отырғызылады.
      29. Бірінші сауда-саттықты өткізген кезде құны үш жүзден мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш болатын мүліктің бастапқы бағасын жоғарлату қадамы бес пайызды құрайды.
      Қайталама сауда-саттық өткізген кезде құны үш жүзден мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш болатын мүліктің бастапқы бағасынан төмендеу қадамы үш пайызды құрайды.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      30. Алынып тасталды - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      31. Аукцион борышкердің мүлкін өткізуге жолдау туралы қаулыда көрсетілген мүліктің құнынан басталады. Сатып алу бағасын ұлғайту қатысушының оған берілген тіркеу нөмірі бар карточканы көтеруі арқылы және бастапқы құннан бір қадамға немесе бірнеше қадамға ұлғайтуын жариялау арқылы жүзеге асырылады.
      Мүліктің құнын әр ұлғайтудан кейін аукционды ұйымдастырушы мүлік құнының өскені туралы хабарлайды және аукционды өткізу туралы хаттамаға бағаны көтерген қатысушының деректерін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді, кейін өзге қатысушылардан (қатысушыдан) кім соңғы бағаны ұлғайтқан қатысушының ұсынысынан жоғары бағаны төлеуге дайын екенін анықтайды.
      Қатысушылардың бірі ұсынған және аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы үш рет қатарынан жариялаған соңғы баға бойынша аукцион заты сатылған болып есептеледі, егер аукционның басқа қатысушыларынан кезекті бағаны ұлғайту түспесе.
      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      32. Сауда-саттық барысы хаттамаланады. Хаттаманың бір көшірмесі сатып алушыға сатып алынған мүліктің құнын төлегеннен кейін беріледі, қалғаны атқару құжатында сот орындаушысының өндірісінде қалады.
      33. Сатып алушы сауда-саттық өткізілген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде аумақтық органның бақылаудағы қолма-қол ақша шотына немесе сауда-саттықты өткізген жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына мүліктің сатып алу сомасын енгізеді.
      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 2011.04.20 № 153 (ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      34. Сатып алушы сатып алынған мүлік үшін барлық сатып алу сомасын енгізгеннен кейін сот орындаушысы болып өткен сауда-саттық туралы хаттама және мүліктен ауыртпалықты (тыйым салуды) алу туралы қаулы құрылады. Осымен бір уақытта сот орындаушысының, сатып алушының және борышкердің қатысуымен мүлікті сатып алушыға мүлікті қабылдап алу-тапсыру актісі жасалады. Борышкердің болмауы мүлікті сатып алушыға беруге кедергі болып табылмайды.
      Сонымен бірге, сауда - саттықта мүлікті сатып алушымен сатып алу-сату шарты жасалады. Аталған шарт сатып алушының алған мүлкіне оның меншік құқықтарын (меншік құқықтарының ауысуын) мемлекеттік органдарда тіркеу үшін негіз болып табылады.
      Өндіріп алушыны сауда-саттықтың жеңімпазы ретінде жариялаған кезде сатып алынған мүліктің сомасы берешек сомасынан жоғары болса, өндіріп алушы берешек сомасы мен сатылған мүлік құнының арасындағы айырмашылықты береді.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      35. Мүлікті сатып алушы бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізбеген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның келесі қатысушысына үш жұмыс күні ішінде мүлікті өзінің сауда-саттық жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру мүмкіндігі туралы хабарлайды. Тиісті арыз сауда-саттықты ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына хабарламаны алған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде беріледі. Сауда-саттықтың екінші қатысушысы сауда-саттықты ұйымдастырушының немесе жеке сот орындаушысының хабарламасын алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізеді.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      36. Егер жеңімпаз сауда-саттықтың хаттамасына қол қоюдан бас тартса, онда осы лот бойынша сауда-саттық оның қатысуынсыз қалған қатысушылармен қайта жаңғыртылады.
      Егер қатысушы біреу ғана болса, онда мүлік оған ол сауда-саттықта ұсынған соңғы неғұрлым жоғары бағамен ұсынылады.
      37. Сауда-саттық мынадай жағдайда өтпеді деп жарияланады:
      1) егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
      2) егер келген сатып алушылардың ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      3) егер сатып алушы мүліктің толық сатып алу құнын бес күн ішінде енгізбесе, ал аукционның ең жоғарғы сатып алу бағасын ұсынған екінші қатысушысы өзінің мүлікті сатып алу мүмкіндігін пайдаланбаса;
      4) сауда-саттыққа екінші қатысушысы осы Ережелердің 35-тармағында көзделген жағдайларда өзі жариялаған сатып алу бағасын бес жұмыс күндік мерзімде енгізбесе.
      Ескерту. 37-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2011.04.20 № 153 (ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.03.2014 № 126 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      38. Сот орындаушысы сауда-саттықты өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады.
      39. Егер сауда-саттық өтпесе, осы Ереженің 20-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілдік жарна оны салған адамдарға қайтарылады.
      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      40. Осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, алғашқы сауда-саттық өпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға бастапқы бағамен мүлікті өзіне қалдыру құқығы беріледі, ол туралы тиісті қаулы шығарылады.
      Өндіріп алушыға мүлікті меншігіне қабылдау құқығы берілген жағдайда оған он бес жұмыс күні ішінде жауап берілмесе, мүлікті меншікке қабылдаудан бас тартатындығын білдіретіндігі жөнінде жазбаша түсіндіріледі.
      Өндіріп алушыға мүлікті берген кезде өндіріп алушы борышкердің мүлкінің құнынан атқарушылық әрекеттерді жасау бойынша шығындардың және жеке сот орындаушысы қызметінің төлемінің берілген мүлік құнымен мөлшерлес сомасын өтейді. Аталған сома кейін борышкерден өндіріліп алынады.
      Аукцион өтпеді деп танылған және өндіріп алушының мүлікті өзіне қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы Заңмен және осы Ережемен белгіленген тәртіпті сақтай отырып және өндіріп алушыға қатысуға құқық бере отырып қайталама аукцион белгілейді.
      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      41. Мүліктің бастапқы бағасы қайталама сауда-саттық өткізген кезде мүліктің бастапқы бағасына тең болады. Сауда-саттық ұйымдастырушысы лоттың бастапқы бағасын жариялайды және лоттың ең төменгі бағасынан төмен емес, мүліктің бастапқы құнынан елу пайыз мөлшерінде жаңа бағаны жариялай отырып, өтінілген қадаммен оны төмендетеді.
      Қатысушы өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көтерген жағдайда сауда-саттық ұйымдастырушысы бағаны жариялаған кезде өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны бірінші болып көтерген қатысушының нөмірін айтады, лоттың бағасын үш рет қайталайды және он секунд ішінде өзге көтерілген нөмірлер болмаған жағдайда оны осы лот бойынша жеңімпаз ретінде жариялайды.
      Қатысушының нөмірін қайталау кезінде өзге қатысушы (қатысушылар) өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көтерсе немесе бір қадамда бір уақытта бірнеше қатысушылар өздеріне берілген тіркеу нөмірлері бар парақшаларды көтерсе, онда осы лот бойынша сауда-саттық мүлік құнын жоғарылату әдісімен жалғастырылады, сондай-ақ жоғарлату қадамы мүліктің бастапқы бағасынан үш пайыз болып қалады.
      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      42. Мүлікті сатып алуға келіскен қайталама сауда-саттыққа қатысушы ұйымдастырушыға өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көрсетеді және сауда-саттық хаттамасына қол қояды.
      Ескерту. 42-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 14.08.2013 № 272 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      43. Қайталама сауда-саттық өтпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға жазбаша нысанда бастапқы құнынан (бағасынан) жиырма пайызға төмендетілген бағамен борышкердің мүлкін өзіне қалдыру ұсынылады. Сот орындаушысы қайталама сауда-саттықты өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады.
      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      44. Өндіріп алушы борышкердің мүлкін соңғы жарияланған бағамен өзіне қалдырудан жазбаша бас тартқан жағдайда немесе он бес жұмыс күні ішінде жауап бермесе, сот орындаушысы борышкердің өзге мүлкі болмаса оны қайта бағалау және одан әрі сату шараларын қабылдайды.
      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.03.2014 № 126 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      45. Борышкердің тыйым салынған мүлкін сатудан алынған және өндіріп алушыларға беруге жататын қаражат аумақтық органының бақылаудағы қолма-қол ақша шотына немесе сауда-саттықты өткізген жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есепке алуға жатады.
      46. Ұйымның және тұлғалардың тыйым салынған мүлікті бағалау, тасымалдау, сақтау және сату жөніндегі көрсетілген қызметтері Заңға сәйкес өтеуге жатады.
      47. Ұйымдастырушы сауда-саттық өткізілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сот орындаушысы мен аумақтық органына ақы төлеу шотын және ұйымдастырушының қызметтері құнын орындау жөніндегі шығыстарға қосу үшін растайтын құжаттарды ұсынады.
      48. Мемлекеттік сот орындаушысы аумақтық органының бақылаудағы қолма-қол ақша шотына өндіріп алынған сома (борышкердің, мүлікті сатып алушының қаражаты) түскен сәттен бастап, жеті жұмыс күннен аспайтын мерзімде Заңның талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырушының қызметтері үшін сомаларды аудару туралы қаулы шығарады.
      49. Орындау жөніндегі шығыстар олар бойынша өтелмей қалған атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған (аяқталған) барлық жағдайларда сот орындаушысы бұл туралы осы шығыстарды шеккен адамдарға бес жұмыс күн бұрын хабарлайды.
      50. Сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметтері құны шартта айтылады және ұйымдастырушы ұсынған және уәкілетті орган келіскен бекітілген тарифтерді ескере отырып белгіленеді. Жеке сот орындаушысының сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шығыстары орындау жөніндегі шығыстарға жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады