"Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 3 қарашадағы № 308 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 14 тамыздағы № 272 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 19 тамызда № 8627 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 100 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 20.02.2015 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабының 5-тармағына және «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 3 қарашадағы № 308 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6630 тіркелген және «Егемен Қазақстан» газетінде 20.04.2010 ж., № 144-146 жарияланған) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесіне:
      2-тармақтың үшінші абзацы алынып тасталсын;
      2-тармақтың бесінші абзацы алынып тасталсын;
      2-тармақтың оныншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «жеңімпаз – сауда-саттықтағы затқа ең жоғары баға ұсынған және өткізілген сауда-саттық туралы хаттамаға қол қойған аукционның қатысушысы;»;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Борышкерді және өндіріп алушыны жүргізілген бағалау туралы тиісінше хабардар етпей немесе таныстырмай және оларға бағалау нәтижесін даулауға он күнтізбелік күн мерзім бермей, тыйым салынған мүлік сауда-саттыққа қойылмайды. Көрсетілген мерзімді есептеу жүргізілген бағалау бойынша борышкерді және өндіріп алушыны таныстырған немесе хабардар еткен күннен есептеледі. Борышкердің іздеуде болған кезі оның мүлкін өткізуді жүзеге асыруға кедергі болмайды.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Өндіріп алушылар ретінде екі және одан көп өндіріп алушылар әрекет ететін атқарушылық іс жүргізу бойынша тыйым салынған мүлік әрбір өндіріп алушыға бара-бар тиесілі сомада мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражатты бөлу жолымен барлық өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін сауда-саттыққа қойылады. Осы атқарушылық іс жүргізулер бойынша сатудың барлық сатысында өндіріп алушыларға мүлікті заттай қабылдап алу туралы ұсыныс жасалмайды.
      Аталған шектеу өндіріп алушыға (кепілұстаушыға), егер оның талабы қалған өндіріп алушылардың талабынан басым болса қолданылмайды.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Мемлекеттік сот орындаушысының сауда-саттыққа мүлікті қоюы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдастырушыға атқарушылық құжаттың және мүлікті сатуға қою туралы қаулының, борышкерді және өндіріп алушыны мүліктің бағасымен тиісті хабардар ету немесе таныстыруды растайтын құжаттардың көшірмесін қоса бере отырып, тыйым салынған мүліктің сауда-саттығын жүргізуге арналған өтінім жіберу жолымен жүргізіледі.»;
      9-тармақ алынып тасталсын;
      16-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерде сауда-саттыққа қатысушының толық деректері: тегі, аты, әкесінің аты, жеке куәлігінің деректері, заңды тұлғаның толық атауы, жеке идентификациялық нөмірі/бизнес идентификациялық нөмірі көрсетіледі.»;
      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «23. Сауда-саттық өтетін күні қатысушының билеті оған берілген тіркеу нөмірі бар карточкаға ауыстырылады. Сауда-саттық процесінде тіркеу нөмірі бар карточканы басқа тұлғаның пайдалануына жол берілмейді.»;
      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «26. Аукцион басталар алдында оны өткізу ережесі, сатылатын мүліктің атауы, бастапқы бағасы және мүліктің бағасын өзгерту қадамы жарияланады.»;
      30-тармақ алынып тасталсын;
      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «31. Аукцион борышкердің мүлкін өткізуге жолдау туралы қаулыда көрсетілген мүліктің құнынан басталады. Сатып алу бағасын ұлғайту қатысушының оған берілген тіркеу нөмірі бар карточканы көтеруі арқылы және бастапқы құннан бір қадамға немесе бірнеше қадамға ұлғайтуын жариялау арқылы жүзеге асырылады.
      Мүліктің құнын әр ұлғайтудан кейін аукционды ұйымдастырушы мүлік құнының өскені туралы хабарлайды және аукционды өткізу туралы хаттамаға бағаны көтерген қатысушының деректерін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді, кейін өзге қатысушылардан (қатысушыдан) кім соңғы бағаны ұлғайтқан қатысушының ұсынысынан жоғары бағаны төлеуге дайын екенін анықтайды.
      Қатысушылардың бірі ұсынған және аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы үш рет қатарынан жариялаған соңғы баға бойынша аукцион заты сатылған болып есептеледі, егер аукционның басқа қатысушыларынан кезекті бағаны ұлғайту түспесе.»;
      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «35. Мүлікті сатып алушы бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізбеген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның келесі қатысушысына үш жұмыс күні ішінде мүлікті өзінің сауда-саттық жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру мүмкіндігі туралы хабарлайды. Тиісті арыз сауда-саттықты ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына хабарламаны алған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде беріледі. Сауда-саттықтың екінші қатысушысы сауда-саттықты ұйымдастырушының немесе жеке сот орындаушысының хабарламасын алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізеді.»;
      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «40. Осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, алғашқы сауда-саттық өтпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға орындау бойынша шығыстарға аванс беру арқылы бастапқы бағаның жиырма пайызына төмендетілген бағамен мүлікті өзіне қалдыру құқығы беріледі, ол туралы тиісті қаулы шығарылады.
      Өндіріп алушыға мүлікті меншігіне қабылдау құқығы берілген жағдайда оған он бес жұмыс күні ішінде жауап берілмесе, мүлікті меншікке қабылдаудан бас тартатындығын білдіретіндігі жөнінде жазбаша түсінік берілуі тиіс.
      Аукцион өтпеді деп танылған және өндіріп алушының мүлікті өзіне қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы Заңмен және осы Ережемен белгіленген ережелерді сақтай отырып, бірінші аукционды өткізген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, қайталама аукцион белгілейді.»;
      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «41. Мүліктің бастапқы бағасы қайталама сауда-саттық өткізген кезде мүліктің бастапқы бағасына тең болады. Сауда-саттық ұйымдастырушысы лоттың бастапқы бағасын жариялайды және лоттың ең төменгі бағасынан төмен емес жаңа бағаны жариялай отырып, өтінілген қадаммен оны төмендетеді. Қатысушы өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көтерген жағдайда сауда-саттық ұйымдастырушысы лоттың бағасын үш рет қайталайды және бағаны жариялаған кезде өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны бірінші болып көтерген қатысушының нөмірін айтады әрі 10 секунд ішінде өзге көтерілген нөмірлер болмаған жағдайда оны осы лот бойынша жеңімпаз ретінде жариялайды. Қатысушының нөмірін қайталау кезінде өзге қатысушы (қатысушылар) өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көтерсе, онда осы лот бойынша сауда-саттық осы Ереженің 31-тармағына сәйкес мүлік құнын жоғарылату әдісімен жалғастырылады.»;
      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «42. Мүлікті сатып алуға келіскен қайталама сауда-саттыққа қатысушы ұйымдастырушыға өзіне берілген тіркеу нөмірі бар парақшаны көрсетеді және сауда-саттық хаттамасына қол қояды.»;
      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «44. Өндіріп алушы борышкердің мүлкін соңғы жарияланған бағамен өзіне қалдырудан жазбаша бас тартқан жағдайда немесе өндіріп алушы он бес жұмыс күні ішінде жауап бермесе, осы мүліктен тыйым салу алып тасталмайды. Бұл ретте мамандандырылған ұйымдағы немесе жеке сот орындаушысындағы мүлік борышкерге иеліктен шығару құқығынсыз қайтарылуы мүмкін.».
      2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Әділет министрі                                     Б. Имашев 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады