Бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу және осы тізілімде қамтылған ақпаратты мүдделі тұлғаларға беру туралы ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 110 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 13 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6169 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 502 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 03.05.2018 № 502 (13.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-2-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу және осы тізілімде қамтылған ақпаратты мүдделі тұлғаларға беру туралы ережесі бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      3. Осы бұйрық оны алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Р. Түсіпбеков


  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2010 жылғы 9 сәуірдегі
№ 110 бұйрығымен бекітілген

Бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу және осы тізілімде қамтылған ақпаратты мүдделі тұлғаларға беру туралы ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңның 13-2-бабына сәйкес (бұдан әрі - Заң) әзірленді және бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізу (бұдан әрі - Тізілім) және осы тізілімде қамтылған ақпаратты мүдделі тұлғаларға беру туралы тәртібін белгілейді.

      2. Тізілімді осы Ережеге сәйкес жүргізуді, облыстар аумағында, Астана, Алматы қалаларында тіркелген, бағалаушылар палаталары (бұдан әрі - Палата) жүзеге асырады.

      3. Бағалаушы туралы мәліметтер оның Палата мүшелеріне қабылдау күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде Тізілімге енгізіледі.

      4. Жазбалар Палата мүшелерінің жеке істерінде бар құжаттарға сәйкес Тізілімге енгізіледі.

      Палаталар бағалаушылардың екі тізілімін жүргізеді: жеке және заңды тұлғаларға бөлек.

      5. Палатаның мүшесі Палата шешімінің негізінде Тізілімнен шығарылады.

      6. Бағалаушының Палата мүшелігін тоқтату туралы шешімі қабылданған күннен кейін келесі күнінен кешіктірмей, Палата шешім қабылдау туралы хаттаманы интернет-қорда орналастырады, тізілімге сәйкес жазбаларды енгізеді және шығару туралы қабылданған шешімге қатысты бағалаушыны жазбаша хабардар етеді.

2. Бағалаушылар Тізілімін жүргізу тәртібі

      7. Жеке тұлғалар тізілімі келесі мәліметтерді қамтиды:

      1) жазбаның тіркеу нөмірі;

      2) бағалаушыны Палата мүшелеріне қабылдау күні;

      3) Палата мүшесін Тізілімге енгізу күні;

      4) бағалаушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      5) лицензия деректері: тіркеу нөмірі, берілген күні, қызмет түрі, лицензия бланкісінің нөмірі, лицензия қосымшасының нөмірі (бар болған жағдайда);

      6) жеке куәліктің, салық төлеуші куәлігінің (СТН), (ЖСН) (бар болған жағдайда) деректері және байланыс жасау үшін арналған ақпарат (бағалаушы орналасқан жердің нақты мекен-жайы, телефон, электронды поштаның адресі);

      7) бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға туралы ақпарат;

      8) бағалаушыға әкімшілік жазалауды тағайындауға әкеп соқтырған, бағалаушының Қазақстан Республикасының заңын бұзу деректері туралы мәліметтер, соның ішінде айыппұл тағайындау жөнінде шешімді қабылдау күні және ол шешімнің негізі;

      9) бағалаушылардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары туралы ақпарат және осындай шарттар жасасқан сақтандырушылар туралы ақпарат (соның ішінде олардың атаулары туралы, орналасқан жері туралы, лицензиялар туралы ақпарат және байланыс жасау үшін арналған ақпарат);

      10) Палата мүшелерінен шығару туралы мәліметтер, соның ішінде шешім қабылдау күні мен ол шешімнің негізі.

      8. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бағалаушы үшін осы Ережелердің 7-тармағында көрсетілген барлық мәліметтер және жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы куәліктің деректер енгізіледі.

      9. Заңды тұлғалардың тізілімі келесі мәліметтерді қамтиды:

      1) жазбаның тіркеу нөмірі;

      2) мекеменің атауы;

      3) бағалаушыны Палата мүшелеріне қабылдау күні;

      4) Палата мүшесін Тізілімге енгізу күні;

      5) мекеменің бірінші басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      6) байланыс жасау үшін арналған ақпарат (бағалаушы орналасқан жердің заңды және нақты мекен-жайы, телефон, электронды поштаның адресі);

      7) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер;

      8) салық төлеуші куәлігінің (СТН), (ЖСН) тіркеу нөмірі және банк деректемелері;

      9) лицензия деректері: тіркеу нөмірі, берілген күні, қызмет түрі, лицензия бланкісінің нөмірі, лицензия қосымшасының нөмірі (бар болған жағдайда);

      10) бағалаушылар тізімі – заңды тұлға атынан мүлікті бағалау бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

      11) бағалаушыға әкімшілік жазалауды тағайындауға әкеп соқтырған, бағалаушының Қазақстан Республикасының заңын бұзу деректері туралы мәліметтер, соның ішінде айыппұл тағайындау жөнінде шешімді қабылдау күні және шешімнің негізі;

      12) Палата мүшелерінен шығару туралы мәліметтер, соның ішінде шешім қабылдау күні мен ол шешімнің негізі;

      13) бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру туралы мәліметтер (сақтандыру мекемесінің атауы, байланыс деректері).

      10. Тізілімде көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, бағалаушы он күнтізбелік күн ішінде, растайтын құжаттарды қоса ұсынып, бұл туралы Палатаға хабарлайды.

      Сонымен қатар, Тізілімге бұрын енгізілген мәліметтер Палата мұрағатында сақталады.

      11. Осы Ережелердің 7 және 8-тармақтарында көрсетілген мәліметтердің нақтылығын растайтын барлық құжаттар Палата мүшелерінің жеке істерінде сақталады.

3. Тізілімде қамтылған мәліметтерді беру тәртібі

      12. Тізілімде қамтылған ақпарат мүдделі тұлғалардың сұранысы бойынша беріледі. Тізілімде қамтылған Заңды және жеке тұлғалардың тізімі Палатаның интернет-қорында орналастырылады.

      13. Тізілімде қамтылған мәліметттер барлығына қолжетімді болып табылады.

      Бағалаушының жеке ісінде бар өзге мәліметтер мемлекеттік органдарға олардың дәлелді сұранысы бойынша беріледі.

      14. Тізілімде қамтылған Палата мүшесі туралы мәліметтер Тізілімнен үзінді-көшірме ретінде беріледі.

      15. Тізілімнен үзінді-көшірмелерді беру үзінді-көшірмелер есеп журналында көрсетіледі және сұранысты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады