Сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 20 сәуірдегі № 124 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 6 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6210 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2015 жылы 30 наурыздағы № 188 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің м.а. 30.03.2015 № 188 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.

      «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу ережесі бекітілсін.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Әділет вице-министріне жүктелсін.
      3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                       Р. Түсіпбеков

Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің  
2010 жылғы 20 сәуірдегі
№ 124 бұйрығымен   
бекiтiлген      

Сот сараптамасы зерттеулерінің әдiстемелерiн әзiрлеу,
байқаудан өткізу және енгiзу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабына сәйкес әзірленді және сот сарапшылары әзірлейтін және қолданатын сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеудің, байқаудан өткізудің және енгізудің тәртібін айқындайды.
      2. Сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу және енгізу мақсаты сот сараптамаларын жүргізудің сапасын арттыру және қылмыстық істерді ашу, тергеу істерінде және қылмыстық, азаматтық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді сотта қарауда пайда болатын мәселелерді тиімді шешу, сондай-ақ сот-сараптама саласын ғылыми дамыту болып табылады.
      Сот сараптамасы зерттеулерінің әзірленіп жатқан әдістемелерін байқаудан өткізудің мақсаты сот сараптамаларын эксперимент режимінде жүргізу тәжірибелерінің нәтижелерімен растау арқылы оларды мақұлдау болып табылады.
      3. Сот сараптамасы зерттеуінің әзірленіп жатқан әдістемелерінің міндеттері:
      1) сот сараптамасы органдарының сот сарапшылары мен ғылыми қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу қызметін ретке келтіру және жүйелеу;
      2) сот сараптамасы зерттеулерінің жаңа әдістемелерін, сот сараптамаларын жүргізудің прогрессивті түрлерін, әдістерін, тәсілдерін және құралдарын әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу;
      3) сот сараптамасы зерттеулерінің қазіргі уақытта қолданыстағы әдістері мен әдістемелерін жетілдіру болып табылады.
      4. Сот сараптамасы саласындағы ғылыми әзірлемелердің авторы (авторлары) ретінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарының қызметкерлері және сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын адамдар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғылыми дәрежесі бар қызметкерлері бола алады.
      5. Ілімнің сот-сараптама саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі сот сараптамасы зерттеуінің жаңа әдістемелерінің авторына (авторларына):
      1) ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің мақсатына, мазмұнына, құрылымына өзгерістер енгізуге;
      2) сот-сарапшылық кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау барысында ғылыми әзірлемелерді байқаудан өткізуді жүзеге асыруға;
      3) сот сараптамасы органдарымен келісім бойынша сот сараптамасы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін байқаудан өткізу тәртібін айқындауға мүмкіндік береді.

2. Сот сараптамасы зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу,
байқаудан өткізу және енгізу шарттары мен тәртібі

      6. Сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесі – сот сараптамасының белгілі бір тегінің, түрінің пәніне жататын мән-жайларды анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын әдістер жүйесі.
      7. Сот сараптамасы зерттеуінің әдістемелерін әзірлеген кезде әзірлеуші теориялық сипаттағы материалдарды тиісті заңнамалық, нормативтік құқықтық актілерді, оқу-әдістемелік, анықтамалық материалдар мен ғылыми жұмыстарды шығармашылық зерделеу негізінде жүйелейді, сот-сараптамалық зерттеуді жүргізудің қолда бар тәжірибесін жинақтап қорытады.
      8. Сот сараптамасы зерттеуінің әзірленген әдістемесін тиісті мамандығы бар сот сарапшысы және ғылымның тиісті саласында ғылыми дәрежесі бар адам рецензиялауға тиіс.
      Рецензиялар сот сараптамасы зерттеуінің рецензияланып жатқан әдістемесінің өзектілігін, жаңашылдығын және тәжірибелік мәнділігін көрсетуі тиіс. Рецензиялар баспа түрінде рәсімделеді, оларға рецензенттердің қолдары қойылады, олардың қолдары рецензенттер жұмыс істейтін ұйымның кадрлар бөлімінің мөрімен не нотариалды куәландырылады.
      9. Сот сараптамасы зерттеуі әдістемесінің әзірлеушісі (әзірлеушілері) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына сараптама жүргізу туралы және сот сараптамасы зерттеуінің әзірленген әдістемесін байқаудан өткізудің мүмкіндігі туралы жазбаша өтініммен жүгінеді.
      Өтінім:
      1) әзірлеушінің атауын, орналасқан орнын (заңды мекен-жайын, байланыс телефондарын);
      2) сот сараптамасы зерттеуінің әзірленіп жатқан әдістемесінің ғылыми негіздемесін, ілімнің сот-сараптама саласын дамыту үшін оның маңыздылығын;
      3) ғылыми-зерттеу жұмысының бағдарламасын (зерттеу мақсатын, бастапқы теориялық-әдіснамалық ережесін, зерттеу кезеңдерін және әр кезең бойынша болжанатын нәтижелерін, қолданылатын зерттеу әдістерін, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудің қажетті шарттарын, зерттеу нәтижелерін бақылау және олардың дұрыстығын қамтамасыз ету құралдарын, әзірленетін ғылыми әзірлемелер үшін негіз болып табылатын ғылыми-әдістемелік материалдардың тізбесін) қамтуы керек.
      10. Сот сараптамасы зерттеуінің әзірленген әдістемесінің тиімділігі мен нәтижелерінің мәнділігін бағалау үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органы (әзірлеушілер) ұсынған сот сараптамасы зерттеуі әдістемесін Ғылыми-әдістемелік Кеңестің қарауына шығарады.
      11. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі сот сараптамасы органының Ғылыми-әдістемелік Кеңесі ұсынылған сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесіне сараптама жүргізеді және оны байқаудан өткізу мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.
      12. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органы Ғылыми-әдістемелік Кеңесінің шешімі оң болған кезде ұсынылған сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының аумақтық (құрылымдық) бөлімшелеріне байқаудан өткізуге жіберіледі.
      13. Ғылыми-әдістемелік Кеңестің шешімі теріс болған кезде әзірлеуші (әзірлеушілер) оны пысықтауды жүзеге асырады, содан кейін кем дегенде жарты жылдан кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына қайтадан өтінім береді.
      14. Сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесін байқаудан өткізу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының аумақтық (құрылымдық) бөлімшелерінің басшылары оның нәтижелері туралы, не оны одан әрі жетілдіру туралы, не сот сараптамасы зерттеуінің әзірленген әдістемесін қолданудың орынды еместігі туралы қорытындыны рәсімдейді.
      15. Сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесін байқаудан өткізудің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының аумақтық (құрылымдық) бөлімшелерінің қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының Ғылыми-әдістемелік Кеңесі ұсынылған сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының Ғылыми Кеңесінің қарауына және мақұлдауына ұсыныс жасайды.
      16. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органының Ғылыми Кеңесі ұсынылған сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесін бекіту туралы шешім қабылдағаннан кейін, ол туралы мәліметтер Сот сараптамасы зерттеулері әдістемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі, ал сот сараптамасы зерттеуінің әдістемесі сот сараптамаларының белгілі бір түрін (түрлерін) жүргізу тәжірибесіне енгізу үшін ұсынылады.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 2014.10.15 № 294 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      17. Алынып тасталады - ҚР Әділет министрінің 2014.10.15 № 294 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады