«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жалпы орта білім беру ұйымдарында 2010-2011 оқу жылының басталу мерзімі 2010 жылғы 1 қыркүйек болып анықталсын.
Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптаны, бірінші сыныптарда – 33 оқу аптаны, 2-11(12)-сыныптарда – 34 оқу аптаны құрайды. Оқу жылы барысында каникулдар:
1-11(12)-сыныптарда:
- күздік каникул – 8 күн (5-12 қарашаны қоса алғанда), қысқы – 10 күн (30 желтоқсаннан 8 қаңтарды қоса алған аралықта), көктемгі – 13 күн (21 наурыздан 2 сәуірді қоса алған аралықта);
мектепалды даярлық сыныптарында:
- күзгі каникул – 8 күн (5-12 қарашаны қоса алғанда), қысқы – 14 күн (28 желтоқсаннан 10 қаңтарды қоса алған аралықта), көктемгі – 15 күн (21 наурыздан 4 сәуірді қоса алған аралықта);
- мектепалды даярлық сыныптары мен бірінші сыныптың оқушылары үшін ақпанның бірінші онкүндігінде қосымша апталық каникул белгіленеді.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 2011.03.17 № 98 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. 2010 жылғы 1 қыркүйек - барлық жалпы орта білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толуына арналған «Елбасы мұраты - ел бақыты, гүлденген Қазақстан» тақырыбына сабақ өткізсін;
3. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Н.Р. Аршабеков):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілуін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Н.Р. Аршабековке жүктелсін.
Министрдің
міндетін атқарушы М. Сарыбеков