Аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшерін айқындау туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Көксу аудандық мәслихатының 2010 жылғы 29 шілдедегі N 42-3 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Көксу ауданының Әділет басқармасында 2010 жылы 03 қыркүйекте N 2-14-98 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Көксу аудандық мәслихатының 2011 жылғы 28 қыркүйектегі N 61-1 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Көксу аудандық мәслихатының 2011 жылғы 28 қыркүйектегі N 61-1 шешімімен

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Көксу ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудан мәслихатының жанындағы заңдылық пен құқықтық тәртіп, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, марапаттау және депутаттардың өкілеттігі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы С. Ботанбаевқа жүктелсін.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       Н. Сүлейменов

      Аудан мәслихатының
      хатшысы                                    Б. Қисметов

Аудан мәслихатының 2010 жылғы
29-шілдедегі "Аз қамтамасыз
етілген отбасыларына
(азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсету тәртібі
және мөлшерін айқындау
туралы" N 42-3 шешіміне
қосымша

Аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсету тәртібі және мөлшері

      Осы тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі (бұдан әрі тәртіп) Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне" және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне" сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін айқындайды.

Жалпы ережелер

      1. Осы ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      Отбасының жиынтық табысы- тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
      Кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      Уәкілетті орган - тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Көксу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      Учаскелік комиссия – тұрғын үй көмегін сұраған отбасылардың (азаматтардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік – аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия. Учаскелік комиссиялардың құрамы қоғамдық негізінде ауылдық округтердің әкімдері жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер, тұрғындар, ұйымдар мен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық-қорғау органдарының өкілдерінен құрылады.
      Учаскелік комиссиялар өз қызметін Алматы облысының әкімдігінің 2009 жылғы 25 мамырдағы N 99 "Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережесін бекіту туралы" қаулысы шегінде жүзеге асырады.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      2. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға мөлшер шегінде ақы төлеу шығындары отбасы жиынтық табысының 10 пайызы үлесінен жоғары болған жағдайда тағайындалады.
      Тұрғын үй көмегін жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға(азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстардың шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      3. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үй (пәтерлер) бар немесе тұрғын үйді жалға беруші тұлғаларға тұрғын үй көмегі көрсетілмейді.
      4. Жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және уәкілетті органдарда жұмыссыз ретінде тіркелмеген мүшелері бар отбасыларына тұрғын үй көмегі көрсетілмейді.
      Мыналарға:
      1) күтімге мұқтаж деп танылған 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге;
      2) 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды күтетіндерге;
      3) басқаның күтімін керек ететін деп танылған 80 жастан асқан тұлғаларға күтім жасайтындарға;
      4) әлеуметтік тұрғыдан маңызды немесе айналасындағы адамдарға қатер төндіретін ауруы бар ауруханалық немесе емханалық емдеуде жүрген азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
      5. Жұмыссыздар ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан себепсіз бас тартса және өз еркімен қоғамдық жұмысқа, оқыту мен қайта оқытуға қатыспаса тұрғын үй көмегі көрсетілмейді.
      6. Тұрғын үй көмегін алушы отбасылар өтінішімен қоса тұрғылықты жеріндегі ауылдық, кенттік учаскелік комиссияға төмендегі құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің жеке басының куәлігінің көшірмесі;
      2) отбасының барлық мүшелерінің табысын растайтын құжаттар (өткен тоқсанға);
      3) тұрғын үй құқығын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      5) әділет басқармасынан жеке меншігінде бір үйден басқа үйі жоқ екені туралы анықтама, жылына бір рет немесе қандай да өзгерістер болғанда;
      6) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жарнаның мөлшері туралы шот;
      7) жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттары;
      8) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек – шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      10) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
      11) салық төлеушінің нөмірі;
      7. Құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берген ай өтініш жасалған ай деп саналады.
      8. Кенттік, ауылдық округтiң әкiмi өтiнiш берушiлердiң құжаттарын қабылданған күннен бастап жиырма күннен кешiктiрмей тұрғын үй көмегін көрсету және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға тапсырады.
      9. Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына күман келтіретін мән-жайлар болған жағдайда, қайта есептеу олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
      10. Тапсырылған құжаттардың қорытындысы бойынша уәкiлеттi орган отбасына түбіртек-ескерту береді, оған тұрғын үй көмегінің есептелуі енгізіледі. Түбіртек-ескертуге отбасы өкілінің немесе отбасының атынан сөйлейтін тұлға және құжаттарды қабылдайтын тұлғаның қолдары қойылады.
      11. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй жәрдемақысын берудің негізі болып табылады.
      12. Тұрғын үй көмегін алушылар 15 күн ішінде уәкілетті органға отбасы құрамының және оның жиынтық табыстарының өзгеруі туралы хабарлауы керек.
      13. Өтініш беруші мен тұрғын үй көмегін алушы уәкілетті органның және оның қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен шешімдеріне жоғары тұрған уәкілетті органдарға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануға болады.
      14. Артық төлеген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

3. Отбасының жиынтық табысын анықтау тәртібі

      15. Тұрғын үйдің меншік иесі немесе жалдаушысы (қосалқы жалдаушысы) болып табылатын отбасының (азаматтың) жиынтық табысын анықтаған кезде оның құрамында бір тұрғылықы жерде тіркелген барлық адамдар ескеріледі.
      Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде, есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері есепке алынады.
      16. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
      1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
      2) Жерлеуге арналған бір жолғы жәрдемақы;
      3) бала тууына байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы.

4. Тұрғын үй көмегін есептеудегі нормалар

      17. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
      1) газ тұтыну - 1 айға 1 кішкене баллон;
      2) электр жүйесін қолдану:
      1 адамға - 45 киловатт;
      2 адамға - 90 киловатт;
      4 және одан көп адамнан тұратын отбасына – 150 киловатт.
      3) сумен қамтамасыз ету нормасын қызмет берушілер ұсынады.
      4) жыл бойына 3 тонна көмір.
      18. Меншіктің барлық нысандарындағы тұрғын үйлерде коммуналдық қызмет үшін ақы Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен бекітілген тарифтерін аудандық қызмет көрсету мекемелері ұсынады.

5. Тұрғын үй көмегін төлеу

      19. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады