"Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Панфилов аудандық мәслихатының 2010 жылғы 23 қарашадағы N 4-35-220 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Панфилов ауданының Әділет басқармасында 2010 жылы 29 қарашада N 2-16-124 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Панфилов аудандық мәслихатының 2012 жылғы 11 маусымдағы N 5-6-39 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Панфилов аудандық мәслихатының 11.06.2012 N 5-6-39 шешімімен.

      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-1 тармақшасына сәйкес Панфилов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы                       Б. Ауелбеков

      Аудандық мәслихат
      хатшысы                                    Т. Оспанов

Панфилов аудандық мәслихатының
"Панфилов ауданының Құрметті
азаматы" атағын беру Ережесін
бекіту туралы 2010 жылғы
23 қарашадағы N 4-35-220
шешіміне қосымша

"Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру
Е Р Е Ж Е С І

1. Жалпы ережелер

      1. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру жөніндегі осы Ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленіп, "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру тәртібін айқындайды.
      2. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын беру – бұл атаққа ие болған азаматтардың қоғам алдындағы абырой-беделін арттыратын, ауданның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына қосқан ерен еңбегін айқын аңғартатын моральдық тұрғыдағы маңызды ынталандырулардың бірі болып табылады.
      3. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағы (бұдан әрі –Атақ) аудан алдында сіңірген еңбегінің ерекше белгісі ретінде төмендегідей азаматтарға беріледі:
      1) аудан экономикасының, ғылым мен мәдениетінің,әдебиет пен өнерінің, білім беру, спорт, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларының дамуына ерен еңбектерімен қомақты үлес қосқандарға;
      2) мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі демократияны, жариялылықты рухани және зияткерлік әлеуетті дамытуда, бизнесте, шығармашылықта, спортта, әскери қызметте жетістікке жеткендерге;
      3) азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде белсенді қызмет еткендерге;
      4) халық арасында мәдени байланыстарды, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға өзіндік зор үлес қосқандарға;
      5) күнделікті өмірде әлеуметтік маңызы зор мерейтойлық қоғамдық саяси іс шараларға, қайырымдылық істеріне орай елімізде және шет елдерде ауданымыздың мәртебесін көтеруге қосқан аудан тұрғындары алдындағы еңбектерін құрметтеуге байланысты көрсетілген зор қошамет белгісі ретінде аудан, облыс және шетелдің азаматтарына беріледі.
      4. Атақ тиісті азаматтарға көзі тірісінде беріледі.

2. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағына ұсыну тәртібі

      1. Атақты беру туралы қолдаухатты атқарушы органдар, еңбек және шығармашылық ұжымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, заңды тұлғалар, мен бастамашыл топтар енгізе алады.
      Қолдаухатта үміткер өмірбаянының негізгі деректері, растайтын құжаттары қоса берілген ауданның алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегінің толық сипаттамасы көрсетіледі.
      Қолдаухатқа қоса атаққа ұсынылушы туралы:
      - Белгіленген үлгідегі (N 1) нысан толтырылған награда қағазы;
      - Атаққа ұсыну жөніндегі жиналыс хаттамасы;
      - Жеке бас куәлігінің көшірмесі;
      - 3х4 мөлшерлі екі дана түрлі-түсті фотосурет қоса тапсырылады.
      2. Қолдаухатты аудан әкімі аппаратындағы наградалар жөніндегі комиссия ағымдағы жылдың қараша айының соңғы күніне дейін ғана қабылдап, қарайды.
      3. Өзінің кандидатурасын ұсынған тұлғалардың өтініштері қаралмайды.
      4. Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.
      5. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болады.
      6. Комиссия шешімі ұсынымдық сипатта болады және хаттамамен ресімделеді.
      7. Наградалар жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде аудан әкімі аудандық мәслихатқа атақ беру туралы ұсыныс енгізеді.
      8. Атақты беру туралы шешім аудандық мәслихатта әрбір үміткер бойынша жеке, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

3. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын тапсыру тәртібі

      1. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағы жыл сайын тек 16-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған аудандық ресми жиналыста ғана салтанатты түрде тапсырылады.
      2. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағы берілетін азаматтар саны бір жылда он адамнан аспауы тиіс.
      3. Атаққа ие болған адамға аудан әкімі мен мәслихаттың хатшысы төсбелгіні, куәлікті, лентаны салтанатты түрде табыстайды.
      4. Төсбелгіні, куәлікті, лентаны жасау аудан әкімінің аппаратына жүктеледі.
      5. Төсбелгіні, куәлікті, лентаны жасау шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
      6. Төсбелгінің, куәліктің, лентаның үлгісі аудан әкімдігіндегі наградалар жөніндегі комиссия отырысында бекітіледі.

4. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағымен қоса
берілетін белгілер және олардың сипаттамасы

      1. "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" атағын иеленген тұлғаға куәлік, төсбелгі және иыққа тағылатын арнаулы лента беріледі:
      1) Куәліктің сыртында алтын түстес әріппен "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" деп жазылып, ішкі беттерінде мемлекеттік және ресми тілдерде атақты иемденушінің аты, әкесінің аты, тегі, сессия шешімінің нөмірі, атақ берілген уақыт жазылып, аудан әкімінің қолы қойылады. Ол мөрмен бекітіледі.
      2) Төсбелгі классикалық үлгідегі бір-біріне кішкене шығыршық арқылы бекітілген екі бөліктен (тік төртбұрышты және дөңгелек) тұратын металдан жасалады. Тік төртбұрышты бөлігінде "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" деген жазу бедерленген. Ал дөңгелек шеңберлі бөлігінде Панфилов ауданының нышанын сипаттайтын көрініс бейнеленіп, жоғары жағына "Жазиралы Жаркент" деп жазылған.
      3) Ұзындығы 2 метр, ені 15 сантиметр ашық көк түсті лентаның адамның иығына тағылғанда кеуде тұсына дәл келетіндей бөлігіне алтын түстес әріппен "Панфилов ауданының Құрметті азаматы" деп жазылады.

5. Қорытынды ереже

      1. Атақ берілген адам тиісті мәслихаттың шешімі бойынша соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген кезде атақтан айырылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады