Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Қызылорда қалалық мәслихатының 2012.03.29 N 3/5 Шешімімен.
РҚАО ескертпесі:
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" және 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтік құқықтық актілер туралы" заңдарына сәйкес IV шақырылған Қызылорда қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қызылорда қалалық мәслихатының 2008 жылғы 3 шілдедегі N 9/3 "Аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге тұрғын үй көмегін берудің тәртібі жөніндегі Қағиданы бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2008 жылдың 8 тамызында 10-1-91 нөмірімен тіркелген, қалалық "Ақмешіт ақшамы" газетінің 2008 жылғы 29 тамыздағы N 49 (569) және "Қызылорда таймс" газетінің 2008 жылғы 28 тамыздағы N 39 (929) шығарылымдарында жарияланған) шешімінің күші және Қызылорда қалалық мәслихатының 2010 жылғы 13 сәуірдегі N 29/7 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесін бекіту туралы", 2010 жылғы 25 маусымдағы N 31/7 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесін бекіту туралы", 2010 жылғы 28 қыркүйектегі N 34/12 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесін бекіту туралы", 2010 жылғы 27 қазан N 35/8 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесін бекіту туралы" шешімдері жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихаттың кезекті
XXXVII сессиясының төрағасы Қ. ЕРНАЗАРОВ
Қызылорда қалалық
мәслихатының хатшысы И. ҚҰТТЫҚОЖАЕВ
Қосымша
Қызылорда қалалық мәслихаттың
2010 жылғы 23 желтоқсан
кезекті ХХХVІІ сессиясының
N 37/13 шешімімен бекітілген
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ЕРЕЖЕСІ
Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесі (бұдан әрі-Ереже) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету" ережесіне сәйкес әзірленді және қалада аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
уәкілетті орган – "Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қызылорда қаласында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
3) байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
4) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегі қызметтерді жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
4) отбасының табысын растайтын құжаттар;
5) кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
6) жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналган шығыстар сметасы негізінде кондоминиум обьектісінің басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум обьектісінің басқару органы басшысының қолымен расталған кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
7) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
8) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
9) тұрғын үйді пайдаланған үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
5. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептік кезеңде алынған табыстың мынадай түрлері есепке алынады:
1) еңбекақы және әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыстар;
2) бір жасқа дейінгі және он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі табыс;
4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
5) өзін-өзі жұмыспен қамтудан түскен табыс.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтінішпен расталады.
Кәсіпкерлік қызметпен арнаулы салық режимі жағдайында айналысатын адамдардың табысы бір жолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негізінде расталады.
Ресми расталмаған табыс әрбір жұмыс істеушіге шаққанда ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
6. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
1) тұрғын үй көмегі;
2) жерлеуге арналған бір жолғы жәрдемақы;
3) бала тууына байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы;
4) ақшалай және заттай түрдегі (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек;
5) оқушыларды тегін тамақтандыру, жалпыға бірдей оқыту қорынан берілетін көмектер және азық-түлік бағаларының қымбаттауына байланысты әлеуметтік әлжуаз топтарға көрсетілген көмектер;
6) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетілген көмек.
7. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім уәкіллетті органға өтінішпен бірге құжаттар толық ұсынылған күннен бастап 10 күн ішінде қабылданады.
8. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
9. Отбасының тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтері үшін ақы төлеуге жұмсалатын шекті шығыстар үлесі, сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық қызметтер мөлшері мен тарифтері өзгерген жағдайда уәкілетті орган бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегіне қайта есептеу жүргізеді.
10. Тұрғын үй көмегіне қажетті құжаттар толық тапсырылмаған жағдайда тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалмайды.
11. Отбасының табысы туралы жалған не толық емес құжаттар ұсыну анықталған жағдайда тұрғын үй көмегін алушыға бөлінген қаржыға қайта есептеулер жүргізіледі және артық есептелген сома белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қайтарылуға жатады.
12. Тұрғын үй көмегін алушы адам артық алған соманы өтеуден бас тартқан жағдайда, өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
13. Тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызметтерді тұтынуға жұмсалатын есептік тарифтерін анықтау Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу Агентігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы және статистика басқармасының ұсынған деректері негізінде жүргізіледі.
14. Қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтыну ақысы Қызылорда облысының телекоммуникация дирекциясының ұсынған тарифімен, ал отынға және газбен жабдықтау көмекті есептеу мерзіміндегі қызмет көрсету мекемелердің тарифтері қолданылады.
15. Отбасының жиынтық табысын заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті орган есептейді.
16. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне түскен қаржыны қызмет көрсететін мекемелердің меншіктерінің түріне қарамастан есеп шоттарына төлем тапсырысымен аударады.
17. Газбен жабдықтау (орталықтандырылған үй аралық газ резервуарлары мен газ баллон), қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға және отын үшін тағайындалған көмектерге сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқылы тұлғалардың тізімі дайындалып, ұсынылған жеке есеп шоттарына аударылуға жолданады.
3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері
18. Тұрғын үйді күтіп ұстауға және тұтынған коммуналдық қызметтер төлеміне шыққан шығындар шегіндегі үлесі 5 пайыз мөлшерінде отбасының жиынтық табысымен белгіленеді.
19. Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғын үй коммуналдық қызметтер үшін нақты есептелген ақыдан аспауға тиісті.
20. Тұрғын үй көмегін тағайындау коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің берген мәліметіне сәйкес жүргізіледі:
1) электрмен жабдықтау 1 айға 1 адамға 45 квт/сағ, 2 адамға 90 квт/сағ, 3-4 адамға 100 квт/сағат, 5 адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына 1 айға 150 квт/сағат;
2) газбен жабдықтау 1 айға 5 адамға дейінгі мүшесі бар отбасыларына-10 кг, 5 адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына -20 кг;
3) сумен жабдықтау ай сайын әрбір адамға тариф бойынша;
4) тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстар ай сайын 1 адамға 18 шаршы метр, жалғызбасты азаматтарға 31 шаршы метр тариф бойынша, бірақ нақты пайдалану алаңы көлемінен артық емес;
5) жылумен жабдықтау ай сайын 1 адамға 18 шаршы метр, жалғызбасты азаматтарға 31 шаршы метр тариф бойынша, бірақ нақты пайдалану алаңы көлемінен артық емес;
6) қоқыс әкету үшін әрбір адамға тариф бойынша;
7) кәрізге ай сайын әрбір адамға тариф бойынша;
8) тұрғын жайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның қалалық желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлемі;
9) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде;
10) отын пайдалану әр отбасына бір айға 0,5 тоннадан;
11) лифт қызметін көрсету әр отбасына тариф бойынша.
4. Тұрғын үй көмегін төлеу
21. Тұрғын үй көмегін төлеу жергілікті бюджеттің есебінен жүргізіледі.
22. Тұрғын үй көмегін алушыларға бөлінген қаражаттар алушылардың таңдауы бойынша банктік операцияларды жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдар арқылы төленеді.