Ескерту. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты күші жойылды - (Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 2012.12.11 N 356 хатымен).
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 1 тармағының 15 тармақшасына және Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 2 тармағына сәйкес аудандық Мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі" бекітілсін.
2. Аудандық Мәслихаттың 2007 жылғы 23 мамырдағы ХХХІІ сессиясының "Ауданда аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй және коммуналдық қызметтер үшін тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі жөніндегі Ережені бекіту туралы" N 265 (нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2007 жылғы 12 маусымда N 10-4-65 нөмірімен тіркелген, аймақтық "Тұран Қазалы" басылымының 2007 жылғы 4 шілдедегі N 53 санында жарияланған), аудандық Мәслихаттың 2007 жылғы 25 желтоқсандағы ІV сессиясының "Аудандық Мәслихаттың 2007 жылғы 23 мамырдағы ХХХІІ сессиясының "Ауданда аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй және коммуналдық қызметтер үшін тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі жөніндегі Ережені бекіту туралы" N 265 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" N 31 (нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2008 жылғы 8 қаңтарда N 10-4-74 нөмірімен тіркелген, аймақтық "Тұран Қазалы" басылымының 2008 жылғы 2 ақпандағы N 11 санында жарияланған) шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық Мәслихаттың кезектен
тыс ХХІV сессиясының төрағасы,
аудандық Мәслихат хатшысы Т. Бөріқұлақов
Аудандық Мәслихаттың
2010 жылғы 26 ақпандағы
N 194 шешімімен бекітілген
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
Осы Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі (бұдан әрі-Тәртіп) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес әзірленді және ауданда аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
уәкілетті орган – "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазалы ауданы елді мекендерінде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегі қызметтерді жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
өтініш берушінің жеке басын куәландырылатын құжаттың көшірмесі;
тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
отбасының табысын растайтын құжаттар;
кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшысының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
5. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім уәкілетті органға өтінішпен бірге құжаттар толық ұсынылған күннен бастап 10 күн ішінде қабылданады.
6. Ұсынылған құжаттардың растығына (дұрыстығына) күмән туған жағдайда уәкілетті орган тиісті ұйымдар мен өзге де тұлғалардан қажетті ақпарат сұратуға құқылы.
7. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
8. Отбасының тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтері үшін ақы төлеуге жұмсалатын шекті шығындар үлесі, сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық қызметтер мөлшері мен тарифтері өзгерген жағдайда уәкілетті орган бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегіне қайта есептеу жүргізеді.
9. Тұрғын үй көмегін алушылар тұрғын үй көмегін есептеуге әсерін тигізетін кез-келген өзгерістер туралы уәкілетті органға 10 күн ішінде хабардар етуге тиіс.
10. Отбасының табысы туралы жалған не толық емес құжаттар ұсыну анықталған жағдайда тұрғын үй көмегін алушыға бөлінген қаржыға қайта есептеулер жүргізіледі және артық есептелген сома белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қайтарылуға жатады.
11. Тұрғын үй көмегін алушы адам артық алған соманы өтеуден бас тартқан жағдайда, өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
12. Отбасының жиынтық табысын заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті орган есептейді.
13. Талас тудырған жағдайлар тұрғын үй көмегін тағайындау туралы мәселені шешу үшін арнайы комиссияның қарауына енгізілуі мүмкін.
3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері
14. Тұрғын үйді күтіп ұстауға және тұтынған коммуналдық қызметтер төлеміне шыққан шығындар шегіндегі үлесі 10 пайыз мөлшерінде отбасының жиынтық табысымен белгіленеді.
15. Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғын үй коммуналдық қызметтер үшін нақты есептелген ақыдан аспауға тиісті.
16. Тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі пайдалану нормасына сәйкес жүргізіледі:
1) электр қуаты 1 айға 1 адамға 70 квт/сағ, 2 адамға 140 квт/сағ, 3 адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына 1 айға 210 квт/сағат;
2) газбен жабдықтау 1 айға 4 адамға дейінгі мүшесі бар отбасыларына - 10 кг, 4 адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына - 20 кг;
3) суық және ыстық сумен жабдықтау ай сайын әрбір адамға тариф бойынша;
4) санитарлық пайдалану шығыны ай сайын әрбір отбасына 18 шаршы метр тариф бойынша;
5) орталықтандырылған жылуға ай сайын әрбір адамға 18 шаршы метр тариф бойынша;
6) қоқыс шығару үшін әрбір отбасына тариф бойынша;
7) канализацияға ай сайын әрбір адамға тариф бойынша;
8) байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде;
9) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде;
10) қатты отын (көмір) пайдалану әр отбасына от жағатын қысқы мезгілде үш адамға дейінгі мүшесі бар отбасыларына 1 айға 0,5 тонна, үш адамға және одан көп мүшелері бар отбасыларға 1 айға 1 тонна.
Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қызылорда облысы Қазалы ауданы мәслихатының 2010.07.07 N 214 шешімімен.
4. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу
17. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру жергілікті бюджеттің есебінен жүргізіледі.
18. Тұрғын үй көмегін алушыларға бөлінген қаражаттар алушылардың таңдауы бойынша банктiк операцияларды жүзеге асыруға тиiстi лицензиясы бар ұйымдар арқылы төленеді.