Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылдау қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 24 маусымдағы № 276 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 15 тамызда № 7124 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 14 шілдедегі № 410 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 14.07.2015 № 410 бұйрығымен.

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 26-бабына және «Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі» мемлекеттік мекемесін құру мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 наурыздағы № 309 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылдау қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:
      1) 2013 жылдан бастап ауыспалы құрамның штат санының лимиті шегінде конкурспен 1 оқу орнына 3 кандидаттан мемлекеттік тілде оқытылатын сыныптарға қабылдауды арттырсын;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;
      3) мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін бұйрықты ресми жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына жолдасын.
      3. Бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа
енгізіледі.
      4. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Ә.Қ.Құрманғалиевқа жүктелсін.
      5. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

                                                    Ә. Жақсыбеков

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
      Білім және Ғылым министрінің
      міндетін атқарушы
      ________М. Орынханов
      2011 жылғы 21 шілде

Қазақстан Республикасы 
Қорғаныс министрінің  
2011 жылғы 24 маусымдағы
№ 276 бұйрығымен бекітілген

Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылдау қағидаcы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылдау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының
26-бабына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 651 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес әзірленді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5111 болып тіркелген) және генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне (бұдан әрі – мектеп) оқуға кандидаттарды қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. Мектепке он екі жастан жас емес, бірақ оқуға түсетін жылы он үш жастан аспаған, оқуға түсетін жылы Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектебінің 6 сыныбын аяқтаған, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, психологиялық іріктеудің және дене бітімі дайындығының талаптарына жауап беретін ер жынысты балалар қабылданады.
      3. Бос орындар болған кезде оқу взводтарын олардың штат санына дейін толық жасақтау үшін конкурс негізінде мектепке қабылдау уақытында 8-9-сыныптарға қосымша қабылдау жүзеге асырылады.
      4. Балаларды қабылдау конкурс негізінде үш кезеңде жүзеге асырылады:
      1) І кезең – кандидаттардың тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге берген өтініштеріне сәйкес облыстар, Астана және Алматы қалалары қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің (бұдан әрі – қорғаныс істері жөніндегі департаменттер) комиссиялары алдын ала іріктеу жүргізеді, оған барлық ниет білдірушілер қатысады;
      2) II кезең – мектептің қабылдау комиссиясы қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің ұсынымдары бойынша жіберілген кандидаттарға қорытынды іріктеу жүргізеді, оған І кезеңнен өткен кандидаттар қатысады;
      3) ІІІ кезең – қабылдау комиссиясының шешімі негізінде мектепке кандидаттарды қабылдау.

2. Мектепте оқуға кандидаттарды іріктеуді ұйымдастыру

      5. Мектепке түсетін кандидаттардың ата-аналары (олардың орнындағы адамдар) тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге ерікті түрде өтініш береді. І кезеңнің конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімі – оқуға түсетін жылдың 1 наурызы мен 15 маусымы. Өтініштерде кандидаттың тегі, аты мен әкесінің аты (бар болған кезде), туған күні, айы мен жылы, тұрғылықты жерінің мекенжайы көрсетіледі.
      Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде кандидаттарға жеке істер жасалады.
      Кандидаттың жеке ісін жасау үшін өтінішке мыналар қоса беріледі:
      1) туу туралы куәліктің көшірмесі;
      2) өмірбаяны;
      3) 8-9-сыныптарға (1-8-сыныптарға) оқуға түскен кезде оқыған шетел тілін көрсете отырып, кандидат оқитын оқу орнының мөрімен расталған үлгерім табельдерінің (1-6-сыныптар) көшірмелері;
      4) оқу орнының мөрімен расталған оқу орнынан мінездеме;
      5) тұрғылықты жерінен анықтама немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      6) атқарушы органдар жанындағы кәмелет жасына толмағандардың істері жөніндегі инспекциядан құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартудың жоқтығы туралы анықтама;
      7) ата-аналарының (олардың орнындағы адамдардың) жұмыс орнынан отбасы құрамы туралы анықтама;
      8) ата-аналарының (олардың орнындағы адамдардың) жұмыс орнынан немесе Жұмыспен қамту орталығынан (жұмыссыздар үшін) анықтама;
      9) 4х6 фотосурет – 6 дана (бас киімсіз);
      10) спорттық немесе өзге де жетістіктерін растайтын құжаттардың көшірмелері (бар болған кезде).
      Одан басқа, өтінішке «Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасын және Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 44 қаулысымен бекітілген Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасының 2-тарауының 2-бөліміне сәйкес, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқарма немесе бөлім ұсынатын тізбе бойынша медициналық анықтамалар және құжаттар қоса беріледі.
      6. Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қосымша нотариуспен расталған мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) балаға жалғызбасты немесе екі ата-анасының да қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін (қайтыс болуы туралы куәлік, ата-ананы ата-ана құқықтарынан айыру, олардың ата-аналық құқықтарын шектеу, ата-анасын хабар-ошарсыз кеткен, әрекет етуге қабілетсіз (әрекет ету қабілеті шектеулі) деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі, ата-аналардың іздестірілуін, баланың (балалардың) ата-анасынан алынғанын, ата-анасының денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ мерзімді емделуін растайтын құжаттар, баланың (балалардың) әдейі тасталғаны туралы акті);
      2) қамқорлықтың белгіленгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін.
      7. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығымен мынадай құрамда кандидаттарды алдын ала іріктеу жөніндегі комиссия құрылады: комиссия төрағасы – қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, комиссия мүшелері – қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы орынбасарларының бірі, медициналық комиссияның төрағасы, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің психологі мен заңгері, комиссия хатшысы.
      Жоғарыда көрсетілген комиссияның құрамына облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен келісу бойынша жергілікті атқарушы білім беру, денсаулық сақтау органдарының және кәмелет жасына толмағандардың істері жөніндегі инспекцияның өкілдері тартылады.
      8. Комиссиялар төрағалары іс-шаралар жоспарын жасайды, онда:
      1) қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге кандидаттарды іріктеу тәртібін және тәртіптемеден үзінділерді жеткізу;
      2) жергілікті атқарушы білім беру және денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен кандидаттарды іріктеу жөнінде нұсқау беру-әдістемелік сабақ өткізу;
      3) кандидаттарды осы Қағидамен және мектептің ішкі тәртібімен таныстыру;
      4) кандидаттарға алдын ала іріктеу жүргізу көзделеді.
      9. І кезеңге қатысатын кандидаттардың саны шектелмейді. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте жүргізілген іріктеуден кейін кандитаттың ісіне алдын ала іріктеу жөніндегі комиссия шешімінің хаттамасынан үзінді тігіледі.
      10. Мектептің қабылдау комиссиясына жіберілетін кандидаттардың жеке істері нөмірленеді, тігіледі және жолдаған қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бедерлі мөрімен бекітіледі.
      Кандидаттың жеке ісіндегі құжаттар осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген тізбе бойынша орналастырылады. Аталған құжаттарға қосымша қорғаныс істері жөніндегі департамент психологінің қорытындысы бар психологиялық тестілеу нәтижелері қоса беріледі.
      11. Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге өтініш берген кандидаттар оқуға түсетін жылдың 20 – 30 маусымында мынадай параметрлер бойынша конкурстық іріктеуден: алдын ала медициналық куәландырудан, жеке психологиялық қасиеттерді бағалаудан өтеді.
      12. Соңғы оқу жылы ішінде үлгерім орташа балының көрсеткіштері бірдей болған кезде іріктеу үлгерім табельдерінде көрсетілген математиканың, қазақ немесе орыс тілдерінің бағалау көрсеткіштері бойынша жүзеге асырылады.
      13. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің алдын ала іріктеу жөніндегі комиссиялары кандидаттардың жеке істерін қарайды және іріктеу нәтижелері бойынша хаттамаларды ресімдейді.
      Іріктелген жеке істер оқуға түсетін жылдың 10 шілдесіне дейін мектепке жолданады.
      Көрсетілген мерзімнен кейін оқуға түскен кандидаттардың жеке істерін мектептің қабылдау комиссиясы қарамайды.

3. Мектепке кандидаттарды қабылдау тәртібі

      14. Кандидаттарды қабылдауды осы Қағидаға сәйкес мектептің қабылдау комиссиясы жүргізеді. Мектептің бастығы қабылдау комиссиясының төрағасы болып табылады.
      15. Оқуға кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыру үшін қабылдау комиссиясын, кандидаттардың жеке істерін зерделеу жөнінде, жеке психологиялық қасиеттерді зерделеу жөнінде, бақылау жұмыстарын жүргізу жөнінде, кандидаттардың дене бітімі дайындығының деңгейін тексеру жөнінде комиссия, жиындар әкімшілігін және апелляциялық комиссия құру туралы мектеп бастығының бұйрығы шығарылады. Бұйрық 1 шілдеге дейін шығарылады және лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізіледі.
      16. Жеке істерді зерделеу жөніндегі комиссия кандидаттардың келіп түскен жеке істерінің дұрыс жасақталуын және егер олар белгіленген талаптарға жауап берсе, ұсынылған табельдердегі орташа үлгерім балы бойынша кандидаттарға алдын ала конкурстық іріктеу жүргізуді бағалауды жүргізеді, оларды оқуға түсу үшін шақырту туралы шешім қабылдайды.
      17. Медициналық комиссия Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының бұйрығы негізінде құрылады. Медициналық комиссия мектептегі оқуға денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын айқындау мақсатында кандидаттарды түпкілікті медициналық куәландырудан өткізеді.
      Кандидаттарды медициналық куәландыру Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 498 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайының сәйкес келуіне қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6033 болып тіркелген).
      Медициналық куәландырудан өтпеген кандидаттар одан әрі конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
      18. Жеке психологиялық қасиеттерді зерделеу жөніндегі комиссия мектептің психологтерін тарта отырып, психологиялық қызмет бастығының төрағалық етуімен психологиялық көрсеткіштер бойынша кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыру үшін құрылады.
      Кандидаттардың жеке психологиялық қасиеттерін бағалау мектепті өз адамгершілік қасиеттері, психологиялық деректері және психофизиологиялық ерекшеліктері бойынша оқу және әскери-кәсіби қызметтің талаптарына сәйкес келетін тәрбиеленушілермен жасақтауға бағытталған.
      Психологиялық тестілеуден өтпеген (тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық топта ең аз балл жинаған) кандидаттар бақылау жұмыстарының конкурсына қатысуға жіберілмейді.
      19. Бақылау жұмыстарын жүргізу жөніндегі комиссия негізгі мектептің 6 (7-8)-сыныбының бағдарламасы бойынша кандидаттардың базалық білім деңгейін айқындау мақсатында құрылады.
      Комиссияның төрағасы болып мектеп бастығының орынбасары – оқу бөлімінің бастығы тағайындалады.
      Бақылау жұмыстарын жүргізу жөніндегі комиссияның құрамына мектептің мұғалімдері қатарынан емтихан алушылар және ассистенттер қосылады.
      20. Бақылау жұмыстары мемлекеттік немесе орыс тілдерінде орындалады.
      Бақылау жұмыстарын орындау алдында кандидаттармен бақылау жұмыстарын орындау және ресімдеу тәртібін түсіндіру жөнінде консультациялар өткізіледі.
      7-сыныпқа оқуға түсетін кандидаттар оқытудың 6-сыныбы бағдарламасы көлемінде, 8-9-сыныптарға оқуға түсетіндер оқытудың  7-8-сыныптары бағдарламасы көлемінде тиісінше математика және қазақ немесе орыс тілі (диктант) бойынша бақылау жұмыстарын орындайды.
      Бақылау жұмыстарының материалдары бар пакет дәрісханада комиссия төрағасынан қабылданады және конверттің тұтастығы тексерілгеннен кейін ашылады.
      21. Бақылау жұмыстарын орындау уақытында кандидаттарға:
      1) орнын ауыстыруға, өзара сөйлесуге;
      2) бақылау жұмыстарының материалдарын ауыстыруға;
      3) калькуляторды, ұялы телефонды, анықтамалық әдебиетті пайдалануға рұқсат етілмейді.
      Осы қағиданы бұзған жағдайда кандидат дәрісханадан шығарылады және одан әрі конкурстық іріктеуге қатыспайды.
      Кандидатты сыныптан шығарған кезде еркін түрде акт жасалады.
      22. Бақылау жұмыстары орындалып жатқан дәрісханаға кіруге тек комиссия төрағасына, оның орынбасарына және белгіленген пән бойынша бақылау жұмысын қабылдау жөніндегі комиссияның мүшелеріне рұқсат етіледі.
      Бақылау жұмыстарын орындау алдында кандидаттарға мектептің мөрімен расталған жауаптарға арналған парақтар беріледі.
      23. Ұйымдастыру бөлімі аяқталғаннан кейін бақылау жұмыстарын орындау уақыты есептеле бастайды. Бақылау жұмыстарын орындау ұзақтығы 45 минут. Бақылау жұмысын орындауды бастау және аяқтау уақытын емтихан алушы тақтаға жазады және кандидаттарға жариялайды. Бақылау жұмысын жүргізу уақытында барлық түсіндірулер тоқтатылады.
      Тапсырмаларды белгіленген уақыттан бұрын орындаған кандидаттар жұмысын тапсырады және дәрісханадан шығады. Бақылау жұмысын орындауға бөлінген уақыт аяқталғаннан кейін кезекші ол туралы жариялайды, одан кейін бақылау жұмысын орындау ведомосына белгі жасай отырып, жауаптары бар парақтарды қабылдайды.
      24. Математикадан тапсырмалар тапсырманы орындаушы үшін ыңғайлы реттілікпен шығарылады.
      Математикадан бақылау жұмысы үшін қанағаттанғысыз баға алған кандидат қазақ немесе орыс тілінен емтиханға жіберілмейді.
      25. Қазақ немесе орыс тілінен диктантты жазған кезде мұғалім мәтіннің барлығын дауыстап оқиды, одан кейін оны сөйлем бойынша оқиды және кандидаттардың өздері жазғандарын тексеру үшін қайтадан оқиды.
      26. Кестемен белгіленген уақытта бақылау жұмысын орындау үшін келмеген кандидаттар (себепке қарамастан) одан әрі конкурсқа жіберілмейді.
      27. Кандидаттардың дене бітімі дайындығының деңгейін тексеру жөніндегі комиссияның құрамына мектептің оқу бөлімі спорттық базасының бастығы және дене шынықтыру мұғалімдері (нұсқаушылары) қосылады. Осы комиссия дене бітімі дайындығының деңгейі бойынша кандидаттарды іріктеуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін құрылады.
      Дене бітімі дайындығының деңгейі мынадай дене жаттығулары бойынша тексеріледі: биік белағашта ілініп тұрып тартылу; төменгі сөреден 100 метрге жүгіру; 2000 метрге кросс, орнынан ұзындыққа секіру.
      28. Барлық комиссиялардың шешімдері хаттамамен ресімделеді.
      29. Жиындар әкімшілігі оқуға түсу іс-шаралары уақытында кандидаттардың жеке құрамы арасында күнделікті өміріне бақылауды жүзеге асыру және ішкі тәртіпті сақтау мақсатында құрылады және мектептің әскери қызметшілері қатарынан тағайындалады.
      30. Бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету және бақылау тапсырмаларын бағалау кезінде даулы мәселелерді шешу мақсатында және кандидаттардың құқықтарын қорғау үшін апелляциялық комиссия құрылады.
      31. Апелляциялық комиссия кандидаттардан келіп түскен өтініштерді қабылдайды және қарайды, жинаған балдардың сәйкес келуін тексереді, балдарды қосу туралы шешім қабылдайды және апелляция берген кандидатты апелляция қорытындылары туралы хабардар етеді.
      32. Егер кандидат немесе оның ата-анасы (олардың орнындағы адамдар) кандидаттың бақылау жұмысының бағасымен келіспесе, онда олар бақылау жұмыстарының нәтижелері жарияланғаннан кейін апелляциялық комиссияға жазбаша өтінішті келесі күні сағат 15.00-ге дейін береді және оны апелляциялық комиссия бір тәулік ішінде қарайды. Өтінішті апелляциялық комиссия төрағасының атына кандидаттың өзі немесе оның  ата-анасы (олардың орнындағы адамдар) береді. Өтініш иесінде өзімен бірге туу туралы куәлік немесе жеке басын куәландыратын құжат болуға тиіс. Кандидат апелляцияны қарау кезінде қатысады, сонымен қатар кандидатпен бірге ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуі қатысады.
      33. Апелляцияны қарау емтиханды қайта тапсыру болып табылмайды. Апелляцияны қарау барысында тек оқуға түсу емтихандарын тапсыру нәтижелерін бағалаудың дұрыстығы тексеріледі.
      34. Апелляциялық комиссияның жұмысын апелляциялық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған кезде – апелляциялық комиссия төрағасының орынбасары басқарады.
      35. Апелляцияны қарағаннан кейін апелляциялық комиссияның бақылау жұмысы бойынша бағалау туралы шешімі шығарылады. Апелляциялық комиссияда келіспеушіліктер туындаған кезде дауыс беру жүргізіледі және шешім көпшілік дауыс берумен бекітіледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болады. Апелляциялық комиссияның жұмысы хаттамамен ресімделеді, оған барлық комиссия мүшелері қол қояды және кандидатқа жеткізіледі (қол қою арқылы).
      36. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі іс-шаралар басталғанға дейін комиссиялар құрамына тағайындалған адамдармен қабылдау комиссиясының төрағасы нұсқау беру-әдістемелік кеңес өткізеді.
      37. Кандидаттарға мектепке келу уақыты қорғаныс істері жөніндегі департаменттер арқылы хабарланады. Кандидаттарды жөнелтуді қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары жүзеге асырады.
      38. Кандидаттар мектепке қорғаныс істері жөніндегі департаменттер өкілдерінің жетекшілігімен келеді, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің өкілдері қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталғанға дейін мектеп бастығының өкімінде болады.
      39. Кандидаттарды іріктеуді қабылдау комиссиясы оқуға түсетін жылдың 15 – 25 тамызында жүргізеді.
      40. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмысы аяқталғаннан кейін оқуға қабылдау немесе бас тарту жөнінде қабылдау комиссиясының кеңейтілген отырысы өткізіледі. Қабылдау комиссиясының құрамын оның төрағасы – мектеп бастығы айқындайды.
      41. Оқуға түсу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда басым құқыққа жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ие болады.
      42. Кандидаттарды оқуға қабылдау нәтижелер бойынша қабылдау комиссиясының ашық отырысында жүргізіледі.
      Оқуға қабылдау немесе бас тарту туралы комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
      43. Балаларды оқуға қабылдау барлық оқуға түсушілердің және олардың ата-аналарының (олардың орнындағы адамдардың) қатысуымен қабылдау комиссиясының ашық отырысында жүргізіледі. Себептерді көрсете отырып, оқуға қабылдау немесе оқуға қабылдаудан бас тарту туралы шешім хаттамалармен ресімделеді, барлық оқуға түсушілерге жеткізіледі және жалпыға бірдей танысу үшін ілінеді.
      44. Қабылдау комиссиясының хаттамасы негізінде мектеп бастығының бұйрығымен іріктеуден өткен кандидаттар ұланға қабылданады. Бұйрықтан үзінділер қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жолданады.
      45. Оқитындардың штат санын толық жасақтау үшін қабылдау комиссиясы оқуға түскен кезде оқитындардың жалпы санының 10 пайызына дейін өту балын жинаған кандидаттарды қосымша қабылдауды жүзеге асырады.
      46. Қабылдау комиссиясының төрағасы жұмыс аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментіне жүргізілген қабылдау туралы есеп беруді ұсынады.
      47. Оқуға қабылданбаған кандидаттар қорғаныс істері жөніндегі департаменттер өкілдерінің жетекшілігімен тұрғылықты жеріне жіберіледі.
      Оқуға қабылдаудан бас тарту себептерін көрсете отырып, жеке істер және басқа да құжаттар қабылдау комиссиясы шешім қабылдаған күннен бастап 5 күннен кешіктірілмей қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің өкілдеріне беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады