Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 14 ақпанда № 7425 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 72 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 01.06.2018 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Азаматтардың және ұйымдардың конституциялық және өзге заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының 11-бабы 4), 4-1) тармақшаларын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Төмендегі келтірілген бұйрықтар:

      1) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2007 жылғы 7 қыркүйектегі "Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы" № 37 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 4958 болып тіркелген, 2007 жылғы қыркүйек-қазан айларында Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2007 жылғы 7 қыркүйектегі № 37 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" № 13 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6098 болып тіркелген, "Заң газетінде" 2010 жылғы 11 наурыздағы № 36 (1658 жарияланған);

      3) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 1 қарашадағы "Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2007 жылғы 7 қыркүйектегі № 37 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы" № 76 бұйрығының (2011 жылғы 25 наурызда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6651 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына, облыстардың және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелсін.

      4. Бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына, облыстардың, аудандардың және оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Бас Прокуроры

А. Дауылбаев


  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2011 жылғы 20 қаңтардағы
№ 4 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының прокуратурасы органдарында, ведомстволарында және мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында және мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы "Прокуратура туралы", "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы, "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңдарына, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару, 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодекстеріне, басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде (бұдан әрі – органдар) өтініштерді қарау мәселелерін нақтылайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) өтiнiш - өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу;

      2) депутаттық сауал - Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес ресімделген депутаттың Парламент Палаталарының бірлескен немесе жеке отырыстарында прокуратура органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Парламент сессиясында негізделген түсініктеме беруді немесе ұстанымын баяндау туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына ресми жолдаған талабы;

      3) депутаттың өтініші (депутаттық өтініш) – депутаттың, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары лауазымды тұлғасының прокуратура органдарына жолдаған депутаттық сауал түрінде ресімделмеген жеке немесе заңды тұлғаның өтінішін қарау, ақпарат ұсыну туралы өтінімі бар өтініші;

      4) өтініш жасау – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, сотталғанға кешірім жасау туралы мәселелер бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы жазбаша нысанда баяндалған өтініш;

      5) ұжымдық өтініш – екі және одан да көп жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ митингтер мен жиналыстарда қабылданған және ұйымдастырушылар немесе митингке, жиналысқа қатысушылар қол қойған өтініштер;

      6) иесі бүркемеленген өтініш – ол бойынша авторын белгілеу мүмкін емес, арыз берушінің қолтаңбасы, оның ішінде электронды цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы жоқ өтініш;

      7) бастапқы өтініш – осы прокуратура органында бұрын қаралмаған мәселе бойынша өтініш;

      8) өтініштің көшірмесі – алдыңғы өтініштің көшірмесі болып табылатын өтініш немесе мәтіні мен заңды күші түпнұсқасымен бірдей сол мәселені және сол бір тұлғаның мүддесін білдіретін өтініштің данасы;

      9) қайталама өтініш – бір мәселе бойынша бір тұлғадан екі реттен кем емес келіп түскен алдыңғы өтініш бойынша қабылданған шешім шағымдалатын, өтінішті қарау мерзімі аяқталған, бірақ өтініш беруші жауап алмағаны туралы, алдыңғы өтінішті қараған кезде жол берілген басқа да кемшіліктер көрсетілген өтініш;

      10) өтiнiштi қарау – прокуратура органы лауазымды тұлғасының өз құзыретiнiң шегiнде тіркелген өтініш бойынша шешім қабылдауы, прокуратураның басқа органына немесе бөлімшелеріне қарау үшін жолдауы, ведомстволық бағыныстылығы бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолдау, қолдағы материалдарға (өтініштерге) тіркеу туралы шешiм қабылдауы;

      11) өтінішті шешу – прокуратура органы лауазымды тұлғасының өтініш берушіге дәлелденген және түбегейлі жауап бере отырып, өтінішті онда қойылған мәселелерді мән бойынша қарауы.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Нұсқаулықтың қолданылу шегі

      3. Осы Нұсқаулықтың ережелері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен өзге де ұйымдар арқылы келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың, кәсіпкерлердің өтініштеріне, сондай-ақ депутаттық сауалдар мен өтініштерге қолданылады.

      4. Жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламалар, қылмыстық іс бойынша өндірісті жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне берілетін шағымдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК), сондай-ақ ҚПК-ін қолдану мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген тәртіпте қаралады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Қылмыстық істер бойынша, соның ішінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот актілеріне наразылық келтіру туралы шағымдар мен қолдаухаттар сәйкесінше ҚПК-де, Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде көзделген прокуратура органдарының өкілеттіктері тәртіпте және шегінде қаралады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен келіп түскен өтініштермен жұмыс жасау тәртібін 2009 жылғы 4 маусымдағы № 01-30.13қбп. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құжаттарымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында жұмыс істеу Ережесімен айқындалады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Ұсталған, қамауда отырған және қылмыстық жазасын өтеп жүрген тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі қылмыстық-атқару және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларымен айқындалады.

      8. Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау туралы арыздар Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында көзделген тәртіппен қаралады.

      8-1. Мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдар "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген тәртіпте қаралады.

      Ескерту. Нұсқаулық 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 2014.10.17 № 122 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бұрын емес қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер мазмұндалған өтініштер мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.

      10. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың өтініштері, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда оларды қараудың өзге ережесі көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.

      11. Нұсқаулықтың осы тарауында көзделген нормативтік құқықтық актілермен реттелмеген бөлікте Қазақстан Республикасының "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Заңының және осы Нұсқаулықтың ережелері қолданылады.

3. Өтініш берудің рәсімі мен нысаны

      12. Өтініш онда қойылған мәселелерді шешу құзырына кіретін прокуратура органына немесе лауазымды тұлғасына жолданады.

      Жеке тұлғаның өтінішінде оның аты-жөні, әкесінің аты тілегі бойынша пошталық мекенжайы, ал заңды тұлғаның - атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі және күні көрсетіледі.

      Өтінішке өтініш берушінің қолы қойылу керек немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған қолы болуы керек.

      Өтініште субъектінің немесе әрекетіне шағым жасалып отырған лауазымды тұлғаның аты-жөні, лауазымы, өтініштің себептері мен талаптары көрсетіледі.

      Сондай-ақ өтініш жеке және заңды тұлғаның өкілі арқылы беріледі. Өкілдіктерді ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      13. Жеке және заңды тұлғалардың жалпы қол жетімді ақпараттық жүйелер бойынша және электрондық құжат пен электронды цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарына сәйкес келіп түскен өтініштері қаралуға жатады.

      14. Прокуратура органдары лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ өтініштерді қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдеріне шағым тиісті прокурордың жасаған әрекеті немесе қабылдаған шешімі туралы жеке немесе заңды тұлғаға белгілі болған кезден бастап бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған прокурорға үш айдан кешіктірілмей беріледі.

      Шағымдану мерзімінің өтіп кетуі орган немесе лауазымды тұлға үшін шағымды қараудан бас тартуға негіз бола алмайды. Мерзімнің өту себептері шағымды мән-жайы бойынша қарау кезінде анықталады және олар шағымды қанағаттандырудан бас тартуға бірден бір негіз болып табылуы мүмкін.

      15. Иесі бүркемеленген өтініш, егер мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, қарауға жатпайды. Мұндай өтініш дереу мемлекеттік органдарға олардың құзыреттеріне сәйкес қарау үшін жолдауға жатады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Мәселенің мәні жазылмаған өтініштер прокуратура органына, лауазымды тұлғаға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті түсініктеме бере отырып, өтініш берушіге қараусыз қайтарылады.

4. Өтініштерді тіркеу, есепке алу және қарау

      17. Прокуратура органдарында өтініштерді есепке алуға және тіркеуге қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 3 қазандағы № 118қбпү бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде құжаттама жасау және құжаттаманы басқару ережелерімен реттеледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 2014.10.17 № 122 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бұрын емес қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Қағаз тасығыштарда келіп түскен өтініштер, депутаттық сауалдар мен өтініштер қосымша тіркелген құжаттармен бірге түскен күні тіркеліп, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесіне (бұдан әрі – БАТЖ) енгізіледі.

      Бас прокуратураның Cаll-орталығына келіп түскен және оның Регламенті талаптарына сай келетін өтініштер дереу БАТЖ-да тіркеліп, қарау үшін Бас прокуратураның Өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаментіне, төменгі тұрған прокуратураларда - осы жұмыс жүктелген қызметкерлерге жолданады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Бас Прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті Бас прокуратураға келіп түскен өтініштерді Бас прокуратура басшылығына мәлімдейді немесе мәселенің мән-жайы бойынша Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, қолдағы материалдар мен қадағалау іс жүргізулері зерделене отырып беріледі.

      Төменгі тұрған прокуратураларда өтініштерді прокуратура басшылығына баяндауды немесе құрылымдық бөлімшелеріне жолдауды осы міндет жүктелген тұлғалармен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 2014.10.17 № 122 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бұрын емес қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      20. Бас Прокурорына не оны ауыстыратын тұлғаның қарауына:

      1) Қазақстан Республикасының Президентінен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінен және оның орынбасарларынан, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларынан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысынан, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысынан және оның орынбасарларынан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысынан және оның орынбасарларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысынан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Сотының төрағаларынан, орталық мемлекеттік органдар басшыларынан келіп түскен өтініштер;

      2) депутаттық сауалдар;

      3) Бас Прокурордың орынбасарларының, Бас прокуратураның ведомстволары мен мекемелері басшыларының шешімдері мен (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған өтініштер;

      4) саяси мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы, биліктерін асыра пайдалануы туралы, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық, экономикалық және қоғамдық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін басқа да елеулі заң бұзушылықтар туралы өтініштер;

      5) мемлекеттік және құқық қорғау органдары бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы, биліктерін асыра пайдалануы туралы, Бас прокуратураның, облыстық, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралар қызметкерлерінің заңдылықты бұзушылықтары туралы өтініштер беріледі.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Бас Прокурордың орынбасарларының қарауына:

      1) Парламент депутаттарынан (депутаттық сауалдан басқа), Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығынан және саяси партиялардан келіп түскен қарау нәтижелері туралы ақпарат жолдауды талап ететін өтініштер;

      2) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан келіп түскен өтініштер;

      3) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағымдалған өтініштер;

      4) Бас прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыреттеріне жатқызылған мәселелерді қозғайтын өтініштер;

      5) мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы, биліктерін асыра пайдалануы туралы, Бас прокуратура органдары қызметкерлерінің заңдылықты бұзушылықтары туралы өтініштер;

      6) бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар қызметіне байланысты өтініштер;

      7) ұлттық компаниялардың өтініштері;

      8) Бас Прокурордың орынбасарларына тікелей жолданған, сондай-ақ олардың құзыреттеріне жатқызылған мәселелер бойынша өтініштер беріледі.

      22. Бас прокуратураның департаменттері, дербес басқармалары бастықтарының қарауына:

      1) Бас прокуратура басшылығының нұсқауымен Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына тікелей жолданған өтініштер, депутаттық сауалдар мен өтініштер;

      2) сот актілерінің көшірмелері қоса тіркелген заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы өтініш жасаулар;

      3) сот актісінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтініш жасаулар;

      4) судьялардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) туралы шағымдар;

      5) облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың немесе оларды ауыстыратын тұлғалардың жауаптары қоса тіркелген өтініштер;

      6) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі бұрын қараған алдыңғы өтінішке байланысты өтініштер;

      7) өз құзыреті шегінде олардың қарауына жататын басқа да мәселелер жөніндегі өтініштер беріледі.

      23. Бас Прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті:

      1) бастапқы өтініштер, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, лауазымды тұлғаларынан (депутаттық сауалдардан басқа), Қазақстан Республикасы Үкіметінен, Қауіпсіздік Кеңесінен, Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотынан, басқа орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен ақпарат жолдауды талап етпейтін және төмен тұрған прокуратураларға, аумақтылық не ведомстволық бағыныстылығы бойынша басқа ведомстволарға жолданатын өтініштерді.

      Бастапқы өтініштердің барлығы Бас прокуратураға түскен сәттен үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті төмен тұрған прокуратураларға немесе ведомстволарға қарау үшін жолданып, ол жайында өтініш берушіге жазбаша хабарланады;

      2) облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың жауабы қоса тіркелмеген тұлғадан сол бір мәселе бойынша келіп түскен қайталама өтініштерді.

      Облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың жауабы қоса тіркелмей келіп түскен қайталама өтініштер Бас прокуратураға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей бірінші басшының немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолы қойылып, оларды қараудың нәтижелері туралы хабарлауды беру талабымен тиісті прокуратураларға қарау және жауап беру үшін жолданады.

      Арызданушы өтініште облыс прокурорының немесе оны ауыстыратын тұлғаның жауабын алғандығы туралы көрсеткен жағдайда, өтініш алдын ала БАТЖ-да жауаптың іс жүзінде бары тексерілгеннен кейін ғана төмен тұрған прокуратураға жолдауға жатады. Егер облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың немесе оны ауыстыратын тұлғаның жауабы бар болса, өтініш Бас прокуратурада қарауға жатады;

      3) ҚПК-нің 423, 488-баптарының, АПК-нің 441, 436-баптарының талаптарына сәйкес келмейтін қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар.

      Егер қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар ҚПК-нің 423, 488-баптарының және АПК-нің 441-бабының талаптарына сәйкес келмейтін болса, ол тиісінше ҚПК-нің 489-бабында, АПК-нің 442-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес қараусыз кері қайтарылады. Бұл ретте, кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухат берген тұлғаға, қолдаухатты кері қайтару үшін негіз болған кемшіліктерді жойғаннан кейін, Бас прокуратураға қайталама өтініш жолдау немесе тікелей Жоғарғы Сотқа сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтініш беру құқығы түсіндіріледі.

      АПК-нің 436-бабының 1-бөлігімен және ҚПК-нің 487-бабымен көзделген кассациялық наразылық келтіру мерзімдері өтіп кеткен сот актілеріне кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар, тиісінше заңды түсіндіре отырып қараусыз кері қайтарылады;

      4) өтініштерді қарау және жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін прокуратура органдарында қабылдау тәртібі туралы заңнаманы түсіндіруді талап ететін өтініштерді қарайды.

      Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларының екінші бөліктерімен көзделген талаптар, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, прокуратураның ведомстволары мен мекемелеріне, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларына түскен, осындай сипаттағы өтініштерге қолданылады.

      Үлкен қоғамдық резонансқа ие болған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу туралы, мемлекеттің, адамдар тобының және жекелеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын, түрлі теріс зардаптарға әкеп соғуы мүмкін мәселелер бойынша, сондай-ақ Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмалары бар бастапқы өтініштер Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне жолдануы тиіс.

      Осы өтініштерді кейін қарау үшін төменгі тұрған прокуратураларға жолдауға жол берілмейді.

      Осы тармақшаның 3 және 4-тармақтарында көзделген талаптар прокуратура органдары мен мекемелеріне, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларына түскен өтініштерге қолданылады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар:

      1) облыстардың және оларға теңестірілген прокурорлар орынбасарларының;

      облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралар құрылымдық бөлімшелері басшыларының;

      аудандар және оларға теңестірілген прокурорлар әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері шағымдалған өтініштерді;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Парламенті, Бас прокуратурасы, басқа да орталық және облыстық мемлекеттік органдар жолдаған өтініштерді;

      3) облыс деңгейіндегі мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттері (әрекетсіздігі) шағымдалған өтініштерді;

      4) облыстық және оларға теңестірілген соттардың сот актілеріне берілген шағымдарды;

      5) аудан прокуроры және оған теңестірілген прокурор ұқсас шағымды қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда аудандық және оларға теңестірілген соттардың сот актілеріне берілген шағымдар;

      6) өз құзыретіне кіретін мәселелер мазмұндалған басқа да өтініштерді қарайды.

      25. Аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар:

      1) тиісті облыс прокуратурасы немесе оған теңестірілген прокуратуралар жолданған өтініштерді;

      2) аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген шағымдарды;

      3) аудандық және оларға теңестірілген соттардың сот актілеріне берілген шағымдарды;

      4) олардың құзыреттеріне кіретін мәселелер мазмұндалған басқа да өтініштерді қарайды.

      26. Осы Нұсқаулықта көрсетілген және прокуратура басшылығының қарауына міндетті түрде беруді талап ететін өтініштердің тізбесі толық болып табылмайды.

      26-1. Өтініштерді қарау бойынша 19, 21-22, 24-26-тармақтарында көзделген талаптар прокуратураның ведомстволары мен мекемелеріне келіп түскен өтініштеріне қатысты қолданылады.

      Ескерту. Нұсқаулық 26-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Депутаттық сауалдар тікелей Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде соңғы шешімін табады. Оларды облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларға жіберуге жол берілмейді.

      28. Депутаттық сауалдар (оның ішінде азаматтарды ақтау мәселелеріне байланысты) сауал түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей шешіледі.

      Депутаттық сауал бойынша қажетті тексеру материалдары жауаптың немесе Парламенттегі баяндаманың жобасымен бірге Бас Прокурорға сауалды шешу мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күні ішінде беріледі.

      29. Шешілуі аумақтық және басқа да белгілер бойынша прокуратура органының құзыретіне кірмейтін өтініштер прокуратура органына, оны тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ол туралы өтініш берушіге хабарлана отырып, тиісті прокуратураға немесе тиісті мемлекеттік органға жолдануы тиіс.

      Өтініш оны тікелей қараған прокурордың қолтаңбасымен жолданады.

      30. Өтініште прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыреттеріне қатысты мәселелер болған кезде өтінішті қарау тиісті құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тапсырылады. Тапсырмада бірінші көрсетілген құрылымдық бөлімшенің басшысы өтініш берушіге жиынтық жауап әзірлеу үшін жауапты болып табылады.

      Тең орындаушы - құрылымдық бөлімшелердің басшылары өтінішті шешу мерзімі аяқталғанға дейінгі бес күнтізбелік күн бұрын бірінші орындаушыға толық ақпарат беруді қамтамасыз етеді.

      31. Өтініштер бір құрылымдық бөлімшеден екіншісіне бөлімшелердің басшылары арасындағы келісім бойынша не прокуратура басшылығының нұсқауы бойынша беріледі. Осындай жағдайларда өтінішті беру өтініш прокуратура органына, өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінішті берудің себебі көрсетіле отырып, тиісті баянатпен ресімделеді.

      Өтініштерді беру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылы 3 қазандағы № 118қбпү бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының прокуратура органадарында, ведомстволары мен мекемелерінде құжаттама жасау және құжаттаманы басқару ережелерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Өтінішті басқа құрылымдық бөлімшеге осы Нұсқаулықта белгіленген мерзімдерді бұза отырып берген жағдайда өтінішті шешу мерзімі аяқталғанға дейін өтінішті дер кезінде беруді қамтамасыз етпеген құрылымдық бөлімше басшысы өтінішті қарау мерзімін ұзарту туралы мәлімдеме береді.

      Өтінішті өтініш берушіге түпкілікті жауап әзірлеген құрылымдық бөлімше шешті деп есептеледі.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2014.10.17 № 122 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бұрын емес қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Өтініштің көшірмесі түскенде бастапқы өтініш негізгі өтініш ретінде тіркеледі, ал келесілері негізгі өтінішке қосылып, бір өтініш ретінде қарастырылады, өтініш берушіге негізгі өтініш түскен күннен бастап есептелетін мерзім шегінде шешу нәтижесі туралы хабарланады.

      Егер көшірмесі негізгі өтініш шешілгеннен кейін түссе, он күнтізбелік күннің ішінде жіберілген жауаптың шығыс номері мен күніне сілтеме жасай отырып және оның көшірмесін қоса тіркелген қабылданған шешімнің қысқаша мазмұны жазылған жауап жіберіледі.

5. Өтінішті қарау мерзімі мен талаптары

      33. Өтінішті қарау мерзімі оның прокуратура органына келіп түскен күннен бастап есептеледі.

      34. Шешілуі үшін басқа бөлімшелерден, төмен тұрған прокуратуралардан, өзге мемлекеттік органдардан, лауазымды және басқа тұлғалардан ақпарат (материалдар, істер) алуды немесе оқиға орнына барып тексеруді қажет етпейтін өтініштер он бес күнтізбелік күннің ішінде шешіледі.

      Шешілуі үшін басқа бөлімшелерден, төмен тұрған прокуратуралардан, өзге мемлекеттік органдардан, лауазымды және басқа тұлғалардан ақпарат (материалдар, істер) алуды немесе оқиға орнына барып тексеруді қажет ететін өтініштер отыз күнтізбелік күннің ішінде шешіледі. Аталған мерзімді есептеу, заңнама актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, құжаттарды (істерді) сұратуына және олардың прокуратура органына келіп түсуіне байланысты іс-шараларға қарамастан бастала береді.

      35. Қосымша зерделеу және тексеру жүргізу қажет болған жағдайда прокуратура басшысы немесе оның орынбасары өтінішті шешу мерзімін отыз күнтізбелік күнге ұзартады, және бұл туралы шешу мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге хабарланады.

      Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді қажет етсе, прокуратура басшысы немесе оның орынбасары құрылымдық бөлімше басшысының мәлемдемесі негізінде өтінішті оның нақты орындалғанына дейін қосымша бақылауға алады, бұл туралы шешім қабылданғаннан сәттен бастап үш күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге хабарланады. Өтінішті шешу мерзімін ұзарту туралы мәлімдеме оның шешілу мерзімінің аяқталуына кемінде бір күн қалғанда ресімделеді.

      36. Өтініш берушіге қабылданған шешім туралы жазбаша жауапты жолдаған күн өтініштің шешілген мерзімі болып саналады.

      Егер өтінішті шешуге белгіленген мерзім демалыс немесе мереке күніне келсе, соңғы күні болып одан кейінгі жұмыс күні есептеледі.

      37. Өтінішті қарау барысында:

      1) шағым, арыз берген тұлғаға немесе оның мүддесі үшін өтініш берген тұлғаға зиян келтіретін өтінішіне жол беруге;

      2) өтінішті оны шешуге құзыреті жоқ немесе іс-әрекеті (әрекетсіздігі) шағымдалған лауазымды тұлғаға жолдауға;

      3) өтінішті іс-әрекеті шағымдалған төмен тұрған прокурорлардың қорытындылары бойынша шешуге;

      4) мәселенің әділ шешілуіне мүдделі емес деп ойлауға негіз бар тұлғаларға тексеруді жүктеуге;

      5) егер бұрын осыған ұқсас өтініштегі қойылған мәселе бойынша төмен тұрған прокурорлар жан-жақты ақпарат алуды қамтамасыз ете алмаса, оларға сол мәселе бойынша жолдауға;

      6) жеке тұлғаның, оның ішінде заңды тұлғаның мүддесін қорғайтын тұлғаның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы немесе мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметті, өзге де заңмен қорғалатын құпияларды жария етуге жол берілмейді.

      38. Өтінішті шешу кезінде лауазымды тұлға ондағы келтірілген уәждерді жан-жақты және әділ тексеріп, өтінішке қатысты нақты мән-жайларды анықтауға және зерттеуге міндетті. Қажет болған жағдайда іс-әрекеті мен шешімдеріне шағым келтірілген лауазымды және өзге тұлғалардан түсініктеме алуға, қажетті материалдарды талап етуге және зерделеуге, өтініш бойынша шешім қабылдауда заң нормаларын дұрыс айқындауға және қолдануға міндетті.

      39. Өтініш нысанасына қатысты істерді, тексеру материалдары мен ақпаратты жолдау туралы мемлекеттік органдарға (орталық (облыстық) бөлімшелердің бірінші басшыларына жіберілетін сұраулардан басқа) және төмен тұрған прокуратураларға жіберілетін сұраулар, тапсырмаларға өтінішті тікелей шешетін лауазымды тұлға қол қояды.

      Азаматтық және қылмыстық істерді сұрату тәртібі тиісінше АІЖК мен ҚІЖК-да айқындалады.

      Істерді, тексеру материалдары мен ақпараттарды сұрату туралы тапсырма өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      40. Өтінішті тексеру барысында жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдері өтініштерін қарап жатқан лауазымды тұлғаға уәждерін баяндайды және өтінішінің негізділігін растау үшін қосымша материалдар ұсынады немесе оларды сұрату туралы өтініш білдіреді.

      Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда лауазымды тұлғалар өз өкілеттігі шегінде құқық бұзушылықты жою, жолын кесу және алдын алу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша дереу әрі жан-жақты шаралар қабылдайды.

      41. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жүйелі түрде қысым жасау, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың тиісті дәрежеде бағаламаған көптеген немесе өрескел заң бұзушылықтар туралы өтініштер, сондай-ақ мемлекеттің, адамдар топтарының және жекелеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша үлкен қоғамдық резонансқа ие болған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар туралы өтініштер оқиға орнына бару арқылы тексеріледі.

      Осындай өтініштер бойынша тексеру жүргізу үшін бару туралы шешімді алдыңғы тексерулерді, соның ішінде төмен тұрған прокуратуралардың тексеру материалдарын алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасарымен келісілген құрылымдық бөлімше басшысының дәлелді баянаты негізінде Бас Прокурор қабылдайды.

      Тексеру Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітетін тексеру жоспары бойынша жүргізіледі.

      Тексеру жоспарына тексерудің атауы, тексеруге тартылатын лауазымды тұлғалар көрсетіле отырып, тексерілуге жататын мәселелердің тізбесі, тексерудің ұзақтығы (басталған және аяқталған күні) енгізілуі тиіс.

      Тексерудің нәтижелері орындалған іс-шаралар, туындауы мүмкін әлеуметтік салдарлар, шығарылған прокурорлық қадағалау актілері, арызданушылардың уәждері шешілгені туралы мәлімет немесе оларды шешуге арналған ұсыныстар көрсетілген қорытынды түрінде ресімделеді.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 2012.04.26 № 54 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      42. Тексерулердің толықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оларды жүргізуге басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы білімдері бар (мамандар) тұлғалар тартылуы мүмкін.

      43. Қажет болған кезде құрылымдық бөлімшелердің басшылары төмен тұрған прокурорларға нақты тексерілуі тиіс мән-жайлар мен орындау мерзімін көрсете отырып, өтініште баяндалған уәждерді тексеру туралы тапсырма береді.

      Сұратылған ақпаратқа тексеру материалдары, прокурорлық қадағалау актілерінің көшірмелері және басқа құжаттар талап етіледі.

      Тапсырманы дайындауда орындау мерзімі өңірдің шалғайлығы мен тапсырылған жұмыстың көлемі ескеріле отырып белгіленеді.

      44. Тапсырманың сапасыз орындалуы немесе бар материалдарды тексеру барысында анықталған мәселелерді қосымша тексеру қажеттігі туындаған жағдайда, төмен тұрған прокурорларға ескертулер мен нақты мәселелерді, тапсырманы орындау мерзімін көрсете отырып, қосымша тексеру жүргізу туралы тапсырма беріледі.

      45. Прокуратура органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне түскен шағымдарды олардан жоғары тұрған лауазымды тұлғалар қарайды. Лауазымды тұлға өзінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне түскен шағымдарды өзінің түсінігімен бірге дереу жоғары тұрған прокурордың қарауына жолдауға міндетті.

      46. Қылмыстық, азаматтық істерді және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді, сондай-ақ төмен тұрған прокурорлар жүргізген тексерулердің материалдарын зерделеу арқылы шешілген өтініш пен қолдаухат бойынша қабылданған шешіммен келіскен жағдайда өтініш берушінің уәждері ескерілген дәлелді қорытынды жасалады. Бас прокуратурада жасалған қорытындыны Бас Прокурордың орынбасары, ал төмен тұрған прокуратураларда - прокуратура басшысы немесе оның орынбасары бекітеді.

      47. Өтінішті шешу кезінде, жаңадан ашылған жағдайлардан басқа, соттың заң күшіне енген шешімімен немесе үкімімен анықталған фактілер қайта дәлелденбейді.

      48. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша мына шешімдердің бірі қабылданады:

      өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      шешімді негіздей отырып, қанағаттандырудан бас тарту туралы;

      өтініш бойынша түсініктеме беру туралы;

      өтінішті қарауды тоқтату туралы.

      49. Егер өтініш берушінің қайта жазған өтінішінде жаңадан анықталған басқадай уәждер мен жағдайлар болмаса, алдыңғы өтініші бойынша жан-жақты тексеру материалдары болса және өтініш берушіге прокуратура органының бірінші басшысы белгіленген тәртіпте жауап берген болса, өтініш берушімен хат алмасу тоқтатылады.

      Хат алмасу лауазымды тұлғаның прокуратура басшысымен немесе оның орынбасарымен бекітілген негізделген қорытындысы негізінде тоқтатылады. Хат алмасуды тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осыған ұқсас өтініш түскен жағдайда оның қаралмайтыны түсіндіріле отырып, өтініш берушіге хабарланады. Өтініш берушінің жаңадан анықталған басқадай уәждер мен жағдайлар көрсетілмеген келесі өтініштері қадағалау іс жүргізуіне тіркеледі.

      Егер өтініште жаңа уәждер мен жағдайлар ашылса, хат алмасу қайта жалғасады. Бұндай жағдайларда өтініш осы Нұсқаулыққа сәйкес қаралады.

      Ескерту. 49-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2014.10.17 № 122 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бұрын емес қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      50. Өтініш берушіге оның сұрауы бойынша өзінің өтінішіне қатысты материалдармен (танысу тәртібі іс жүргізу заңнамасымен белгіленген сот істері мен материалдарынан басқа) танысуға, егер басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмаса, өтініштің қаралуында қатысуға мүмкіндік беріледі.

      Өтініш берушіге құжаттармен танысуына мүмкіндік беру туралы жазбаша шешімді Бас прокуратурада Бас Прокурордың немесе жетекшілік ететін орынбасардың, төмен тұрған прокуратураларда – прокуратура басшысы немесе жетекшілік ететін орынбасардың келісімімен құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қабылдайды.

      Өтініш берушіні құжаттармен таныстырған лауазымды тұлға өтініш берушінің қандай материалдармен танысқаны туралы анықтама жасап, оны қадағалау ісіне тіркейді.

      51. Өтінішті бақылауға алған басшы сол өтінішті бақылаудан алады.

6. Өтінішке жауап жолдау

      52. Өтінішке Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасала отырып, мемлекеттік тілде немесе өтініш беру тілінде негізделген және дәлелденген мазмұндағы және өтініш берушінің уәжін теріске шығаратын немесе растайтын нақты фактілер келтірілген, қабылданған шешімге шағым беру құқығы түсіндіріле отырып жауап әзірленеді.

      53. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша талап-арыз берілсе, наразылық немесе өзге прокурорлық қадағалау актісі енгізілсе, олардың қаралу нәтижелері жөніндегі ақпарат алу тәртібі түсіндіріле отырып, өтініш берушіге ол туралы хабараланып, одан әрі ақпарат алу тәртібі түсіндіріле отырып, өтініш берушіге хабарланады.

      53-1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың, прокурордың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген жеке және заңды тұлғалардың жауаптарына қол қою тәртібі ҚПК және Бас Прокурордың ҚПК қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

      Ескерту. Нұсқаулық 53-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      54. Өтінішті шешу нәтижесі бойынша жауаптар мына тәртіппен жолданады:

      1) Бас Прокурор немесе оның міндетін атқарушы тұлға:

      Бас Прокурордың орынбасарларының шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы;

      Бас Прокурордың орынбасарлары бұған дейін жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      Бас Прокурордың бақылауындағы;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары басшыларының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы мен оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының бақылауындағы өтініштер мен өтініш жасауларға;

      депутаттық сауалдарға жауап береді;

      2) Бас Прокурордың орынбасарлары:

      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларының шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы;

      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бұған дейін жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарынан (депутаттық сауалдардан басқа), Казақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Парламентінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарларынан, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты алқаларының төрағаларынан, министрліктер мен ведомстволардың, саяси партиялардың басшыларынан түскен, ақпарат беруді талап ететін;

      өтінішті шешу нәтижесінде оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарылған өтініштерге жауап береді;

      3) Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе оны ауыстыратын тұлғалар:

      бағынышты қызметкерлерінің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда;

      түсіндіру сипатындағы өтініштерге;

      осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      4) алып тасталды - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;

      5) облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, Бас прокуратураның мекемелері мен ведомстволарының басшылары, немесе оларды ауыстыратын тұлғалар:

      олардың орынбасарларының шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы, оның ішінде, олардың орынбасарларының қолымен жауап берілген алдыңғы өтініштерге қатысты мәселелелер бойынша;

      Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінен, Парламентінен, Үкіметінен, Бас прокуратурадан және басқа орталық органдардан түскен, қаралу нәтижелері бойынша ақпарат жолдауды талап ететін;

      бұрын аудан прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      егер қарау нәтижелері бойынша оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданса;

      осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      6) облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың, Бас прокуратура ведомстволары мен мекемелері басшыларының орынбасарлары:

      облыстық прокуратуралардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Бас прокуратураның ведомстволары мен мекемелерінің бағынышты қызметкерлерінің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда;

      түсіндіру сипаттағы;

      осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      7) аудан прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар немесе оларды ауыстыратын тұлғалар:

      аудан прокурорлары, оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарлары мен бағынышты қызметкерлердің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы;

      егер қарау нәтижелері бойынша оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданса;

      түсіндіру сипаттағы;

      осы тармақтың 1) - 6) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      8) өтінішті тікелей шешетін лауазымды тұлға:

      өтініштің қанағаттандырылғаны туралы жауап береді.

      Барлық деңгейдегі прокуратура органдарының басшылары кез-келген бастапқы өтініштерді өз шешімімен бақылауға қоюға, оларға өзінің қолымен жауап жолдауға құқылы.

      Ескерту. 54-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

7. Өзге ережелер

      Ескерту. 7-тарау жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 30.12.2015 № 165 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      55. Өтініштерді, депутаттық сауалдарды қарау нәтижелері әр құрылымдық бөлімше есебінің негізі болып табылатын өтініштер бойынша жүргізілген электрондық тіркеу карточкасында көрсетіледі. Карточкаларды орындаушылар толтырады, олар карточкада көрсетілетін мәліметтердің дәйектілігіне толық жауапты береді.

      Өтініштер бойынша есеп беру – өтініштер мен депутаттық сауалдарды шешумен тікелей айналысатын құрылымдық бөлімшелерге жүктеледі.

      56. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыстың жай-күйін талдауды Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, прокуратураның ведомстволары мен мекемелері, облыс прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралар тоқсан сайын жүргізеді. Талдау нәтижелері туралы Бас прокуратураның Өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті талданатын тоқсаннан кейінгі айдың 5-іне дейін хабардар етіледі.

      57. Өтініштермен жұмыс жүргізудің ұйымдастырылуына прокуратура органдардың, ведомстволары мен мекемелерінің бірінші басшылары жеке жауап береді.

      Өтініштердің дер кезінде және сапалы қаралуына, оларға жауап беру тәртібінің сақталуына, өтініштер бойынша есептің дұрыс жасалуына тиісті бақылау жасау жауапкершілігі Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, органдары, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына жүктеледі.

      Өндірісіне өтініш келіп түскен лауазымды тұлға оның сапалы әрі дер кезінде қаралуына жеке жауап береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады