Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтар N 370-ІІ Заңы.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған, құқықтық қатынастардың орнатылуын, өзгертiлуiн немесе тоқтатылуын көздейтiн электрондық құжаттарды жасау және пайдалану кезiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауды қоса алғанда, құқықтық қатынастарға қатысушылардың электрондық құжаттар айналымы саласында туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн реттеуге бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган – ақпараттандыру және "электрондық үкімет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      1-1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) арнайы куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесі;

      2-1) арнайы куәландырушы орталықты аккредиттеу - арнайы куәландырушы орталықтың қызметті жүзеге асыруға құзыретін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми тануы;

      3) архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган – архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің анықтығын растайтын заңды тұлға;

      5) куәландырушы орталықты аккредиттеу – куәландырушы орталықтың қызметтер көрсету құзыретін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның ресми тануы;

      5-1) Қазақстан Республикасының арнайы негізгі куәландырушы орталығы - арнайы куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттерінің тиесілілігі мен жарамдылығын растауды жүзеге асыратын куәландырушы орталық;

      5-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығы - Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерінде және өзге де мемлекеттік ақпараттық ресурстарында мемлекеттік органдарға, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қызмет көрсететін куәландырушы орталық;

      5-3) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығы - куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттерінің тиесілілігін және жарамдылығын растауды жүзеге асыратын куәландырушы орталық;

      5-4) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы - трансшекаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның және Қазақстан Республикасының аумағында берілген электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйе;

      5-5) Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы - мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерде электрондық құжаттарды қалыптастыру үшін жеке немесе заңды тұлғаларға электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын және тіркеу куәліктерін беретін куәландырушы орталық;

      6) қол қоюшы тұлға – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін құқыққа сыйымды иеленетін және оны электрондық құжатта пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;

      7) құжаттың электрондық көшірмесі – төлнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;

      8) алып тасталды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      9) тіркеу куәлігі - куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін беретін электрондық құжат;

      10) тіркеу куәлігін иеленуші – өз атына тіркеу куәлігі берілген, тіркеу куәлігінде көрсетілген ашық кілтке сәйкес келетін жабық кілтті құқыққа сыйымды иеленетін жеке немесе заңды тұлға;

      11) электрондық архив – архивтік электрондық құжаттардың жиынтығы;

      12) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      13) электрондық құжат айналымы – мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында электрондық құжаттар алмасу;

      14) электрондық құжат айналымы жүйесі – қатысушылары арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі;

      15) электрондық құжат айналымы жүйесіне қатысушы – электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздеу және тарату процестеріне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе лауазымды адам;

      16) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      17) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары – электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның төлнұсқалығын тексеру үшін пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;

      18) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаға қолжетімді және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;

      19) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2018 № 155-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiгiн пайдалану мен шетелдiк жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық құжаттарды алмасу

      1. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, куәландырушы орталық пен шетелдiк тiркеу куәлiгi иесiнiң арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу кезiнде тiркеу куәлiгi берiлген мемлекеттiң құқығы қолданылады.

      2. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық құжаттарды алмасу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Ескерту. 4-бап алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті

      1. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган:

      1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;

      3) алып тасталды – ҚР 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) куәландырушы орталықтың үлгілік ережесін бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығын, мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығын, Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығын және Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапын қоспағанда, куәландырушы орталықтың тіркеу куәліктерін беру, сақтау, кері қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларын бекітеді;

      7) объектілік сәйкестендіргіштердің қазақстандық сегментіндегі объектілік сәйкестендіргіштерді тіркеу, қайта тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекітеді;

      8) алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      9) шет мемлекеттердің куәландырушы орталықтарының, сенім білдірілген үшінші тараптарының Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапымен өзара іс-қимылын тіркеу және тоқтату қағидаларын бекітеді;

      10) электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын тексеру қағидаларын бекітеді;

      11) алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      12) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының және Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беру, сақтау, кері қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларын бекітеді;

      13) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапының электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растау қағидаларын бекітеді;

      13-1) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы ұлттық куәландырушы орталығының және Қазақстан Республикасы сенім білдірілген үшінші тарапының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      13-2) алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      13-3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша куәландырушы орталықта электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін жасау, пайдалану және сақтау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган:

      1) электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) электрондық құжат айналымы мен электрондық архивтер мәселелеріне салааралық ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылықты қамтамасыз етеді;

      3) Қазақстан Республикасының электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің, орталық мемлекеттік архивтердің жинақтау көздерінде Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының электрондық құжат айналымы мен электрондық архивтер бөлігінде сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын, тәуекелді бағалау өлшемшарттарын, тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін бекітеді;

      6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган:

      1) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2018 № 155-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның құрылымына кіретін ұйымдарға және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарына қолданылмайды.

      2. Алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-2-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында электрондық құжат айналымы мен электрондық архивтер мәселелеріне әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің және орталық мемлекеттік архивтердің жинақтау көздерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 1-тарау 5-2-баппен толықтырылды - ҚР 16.05.2018 № 155-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-3-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті:

      1) Қазақстан Республикасы арнайы негізгі куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беру, сақтау, кері қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларын бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының арнайы негізгі куәландырушы орталығының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 1-тарау 5-3-баппен толықтырылды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ

5-4-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі

      1. Мемлекеттік органдарға (бұдан әрі – бақылау субъектілері) қатысты Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган тексеру нысанында жүргізеді.

      Тексерулер мерзімдік және жоспардан тыс деп бөлінеді.

      Бақылау субъектілеріне қатысты мерзімдік тексеру мынадай ақпарат көздеріне сәйкес жүзеге асырылады:

      1) алдыңғы тексерулердің нәтижелері;

      2) есептілік пен мәліметтерді мониторингтеудің нәтижелері;

      3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын талдаудың нәтижелері;

      4) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының мәліметтері.

      2. Мерзімдік тексерулер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиі емес кезеңділікпен жүргізіледі.

      Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган тексеру жылының алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарын бекітеді.

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында тексерулер жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарында мыналар қамтылады:

      1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірі;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) бақылау субъектісінің атауы;

      4) бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері;

      5) тексеру жүргізу мерзімдері;

      6) тексерудің нысанасы;

      7) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.

      Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе өкілеттіктері бақылау субъектілері арасында қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган тағайындайтын тексеру:

      1) бақылау субъектісіне Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасы талаптарының бұзылуы туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен, расталған жолданымдар болған;

      2) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке және заңды тұлғалар жүгінген;

      3) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша не нұқсан келтіру қатері туралы прокурор талап еткен;

      4) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуының нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдар жүгінген;

      5) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы болған;

      6) тексеру нәтижелері туралы актінің орындалуына бақылау жүргізу қажет болған жағдайларда жоспардан тыс тексеру болып табылады.

      4. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:

      1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерудің нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;

      2) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті алуға;

      3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;

      4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.

      5. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:

      1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдарын:

      осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болған кезде мерзімдерді ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;

      осы баптың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда тексеруге жібермеуге;

      2) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

      6. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:

      1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

      2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті ұсынуға;

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің және тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына ол аяқталған күні белгі жасауға міндетті.

      7. Тексеру тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі.

      Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің күні мен нөмірі;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

      5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері.

      Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі тексерілген жағдайда тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі;

      6) тексерудің нысанасы;

      7) тексеру түрі;

      8) тексеру жүргізу мерзімі;

      9) тексеру жүргізу негіздері;

      10) тексерілетін кезең;

      11) бақылау субъектісінің құқықтары мен міндеттері;

      12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;

      13) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.

      Тексеру жүргізу кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, ол басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісін тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабардар етуге міндетті.

      Бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.

      8. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның объектіге тексеруге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне:

      1) тексеруді тағайындау туралы актіні;

      2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;

      3) қажет болған кезде – құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын көрсетуге міндетті.

      9. Тексеру жүргізу мерзімі тексерудің нысанасы, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемі ескеріле отырып белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Тексеру жүргізу мерзімі тек бір рет он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Ұзарту ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган басшысының шешімімен жүзеге асырылады.

      Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту бақылау субъектісін хабардар ете отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы акт бұйрығының күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.

      Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган табыс етілгені туралы хабарламамен бақылау субъектісіне ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді.

      10. Тексеру нәтижелері бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдары тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

      Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыретi шегiнде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органға, екінші данасы, бақылау субъектісінде түпнұсқасы бар құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен қағаз жеткізгіште қол қойғыза отырып немесе электрондық нысанда анықталған бұзушылықтармен танысу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін бақылау субъектісіне (басшыға не оның уәкілетті адамына) табыс етіледі, үшінші данасы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда қалады.

      11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің (мерзімді ұзарту туралы қосымша акт болған кезде оның) күні мен нөмірі;

      4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

      6) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері;

      7) тексерудің нысанасы;

      8) тексеру түрі;

      9) тексеруді жүргізу мерзімі мен кезеңі;

      10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар және олардың сипаты туралы мәліметтер;

      11) орындалу мерзімі көрсетілген Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар;

      12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;

      13) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолтаңбасы.

      Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар (олар болған кезде) және олардың көшірмелері қоса беріледі.

      12. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде жазады. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.

      Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бақылау субъектісінің тексеру нәтижелері туралы актіге ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын он бес жұмыс күні ішінде қарауға және уәжді жауап беруге тиіс.

      Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.

      Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсіндірме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.

      13. Тексеру нәтижелері туралы акт бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.

      14. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.

      15. Тексеру нәтижелері туралы актінің орындалу мерзімдерін айқындау кезінде:

      1) бақылау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктердің болуы;

      2) мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа да құжаттарды алу мерзімдері ескеріледі.

      16. Тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға растайтын құжаттармен бірге анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

      Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат ұсынылмаған жағдайда, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы.

      17. Тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда бақылау субъектісі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.

      Ескерту. 2-тарау 5-4-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Электрондық құжат айналымының принциптерi

      Электрондық құжат айналымы:

      1) электрондық құжат айналымының әр түрлi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi;

      2) деректер жасау, өңдеу, сақтау, беру, ұсыну және растау үшiн ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылатын қызметтiң кез келген салаларында электрондық құжаттарды пайдалану;

      3) кез келген ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық құжаттарды беру принциптерi негiзiнде мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Электрондық құжат айналымына қойылатын талаптар

      1. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетін және оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен бірдей.

      2. Электрондық құжат оны телекоммуникациялар желісі арқылы берген кезден бастап жіберілген болып есептеледі.

      3. Кірген электрондық құжат жолданым иесінің ақпараттық жүйесінде оны тіркегеннен кейін түскен болып есептеледі.

      4. Алғаны туралы хабарламада электрондық құжатты алу фактісі мен уақыты туралы және оның жөнелтушісі туралы деректер болуға тиіс. Ол авторға түспеген жағдайда, жолданым иесі құжатты алмаған болып есептеледі.

      4-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттың электрондық көшірмесі беріледі.

      5. Электрондық құжат айналымының тәртібін архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      6. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық құжаттарды және өзге де деректерді мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздеу, тарату, пайдалану, қорғау, тіркеу, растау және жою тәртібін, сондай-ақ арнаулы куәландырушы орталықты құру, аккредиттеу және оның қызметін тоқтату тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды.

      7. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсынылған электрондық құжаттарға қолданылмайды.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Электрондық құжаттарды сақтау

      Электрондық құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк және (немесе) мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде сақталады.

      Мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерде сақталатын электрондық құжаттар цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылуы және берілуі мүмкін.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы:

      1) куәландырушы орталық тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгi мен жарамдылығын растау үшiн осы куәландырушы орталыққа жүгiнуге;

      2) бiрнеше куәландырушы орталықтың қызмет көрсетуiн пайдалануға құқылы.

      2. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы белгiленген электрондық құжат айналымы ережелерiн сақтауға мiндеттi.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2004 N 13 Заңымен (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi).

3-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА

10-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану

      1. Электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең және мынадай шарттар орындалған кезде:

      1) тiркеу куәлiгi бар ашық кiлттiң көмегiмен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы куәландырылғанда;

      2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне заңды түрде иелiк еткенде;

      3) электрондық цифрлық қолтаңба тiркеу куәлiгiнде аталған мәлiметтерге сәйкес пайдаланылғанда;

      4) Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы немесе Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапында тіркелген шетелдік куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаны жасағанда және тіркеу куәлігін бергенде, бiрдей заңдық салдарға әкеп соғады.

      2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттері оларды заңды негіздерде иеленетін тұлғалардың меншігі болып табылады.

      Тұлға әртүрлі ақпараттық жүйелерге арналған электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттеріне ие бола алады. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін басқа тұлғаларға беруге болмайды.

      Куәландырушы орталықта электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін жасау, пайдалану және сақтау қағидаларына сәйкес куәландырушы орталықта электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін сақтауға жол беріледі.

      3. Заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам осы заңды тұлғаның жұмыскеріне немесе өзі тағайындаған адамға электрондық құжатқа қол қоюға өкілеттіктер беруге құқылы. Бұл ретте әрбір қызметкер тіркеу куәлігін және өз атына алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның өзіне сәйкес келетін жабық кілтін пайдаланады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары

      Электрондық цифрлық қолтаңба құралдарының Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгiленген жағдайларда және тәртіппен сәйкестігі расталуға жатады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiндегi электрондық цифрлық қолтаңба

      1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң өкiлеттiгi шегiнде өздерi шығаратын электрондық құжаттарды куәландыру кезiнде пайдалана алады.

      2. Электрондық құжат айналымының мемлекеттiк емес жүйелерiнде электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

13-бап. Шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңбаны тану

      Шетелдік тіркеу куәлігі бар шетелдік электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасының аумағында мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын куәландырса;

      2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін заңды түрде иеленсе;

      3) шетелдік электрондық цифрлық қолтаңба тіркеу куәлігінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес пайдаланылған болса;

      4) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапында тіркелген шетелдік куәландырушы орталықтың немесе Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапында тіркелген, шет мемлекеттің сенім білдірілген үшінші тарапында тіркелген шетелдік куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен қалыптастырылса, танылады.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ТIРКЕУ КУӘЛIГI

14-бап. Тіркеу куәлігін беру

      Тіркеу куәлігі он алты жасқа толған адамға ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

14-1-бап. Тіркеу куәлігін беруден бас тарту

      Куәландырушы орталық:

      1) ұсынылған құжаттар толық болмаған;

      2) анық емес мәліметтер ұсынылған;

      3) соттың заңды күшіне енген шешіміне сәйкес;

      4) адам он алты жасқа толмаған жағдайларда, тіркеу куәлігін беруден бас тартады.

      Ескерту. 4-тарау 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Тiркеу куәлiгiнiң мазмұны

      1. Тiркеу куәлiгiнде мынадай мәлiметтер:

      1) тiркеу куәлiгiнiң нөмiрi мен оның қолданылу мерзiмi;

      2) электрондық цифрлық қолтаңбаның иесiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн деректер;

      3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi;

      4) алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану салалары мен оны қолдануды шектеу туралы ақпарат;

      6) тиiстi куәландырушы орталықтың реквизиттерi болуға тиiс.

      2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушымен келiсе отырып, электрондық құжат айналымы үшiн қажеттi қосымша ақпаратты тiркеу куәлiгiне енгiзеді.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда сақтау тәртiбi мен мерзiмi

      1. Тiркеу куәлiктерiнiң көшiрмелерi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тиiстi куәландырушы орталықтарда сақталады.

      2. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда сақтау мерзiмi - кемiнде бес жыл.

      3. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерi осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға түседi.

17-бап. Тiркеу куәлiгi иесiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Егер тiркеу куәлiгiнiң иесi тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне қол жеткiзу режимi бұзылады деп санаса, ол куәландырушы орталықтан тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алуды талап етуге құқылы.

      2. Тiркеу куәлiгiнiң иесi:

      1) куәландырушы орталыққа дұрыс ақпарат беруге;

      2) тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес келетiн жабық кiлттi пайдалануға;

      3) алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның өздерiне тиесiлi жабық кiлтiн заңсыз қол жеткiзу мен пайдаланудан қорғау үшiн шаралар қолдануға, сондай-ақ электрондық құжатпен бірге электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру үшін ашық кілтті сақтауға және беруге мiндеттi.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алу

      1. Тіркеу куәлігін берген куәландырушы орталық оны тиісті хабарлама негізінде мынадай жағдайларда:

      1) тіркеу куәлігі иесінің не оның өкілінің талап етуі бойынша;

      2) тіркеу куәлігін алған кезде дұрыс емес мәліметтерді не толық емес құжаттар топтамасын беру фактісі анықталған кезде;

      3) тіркеу куәлігінің иесі қайтыс болса;

      4) тіркеу куәлігі иесінің тегі, аты немесе әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) өзгерсе;

      5) тіркеу куәлігінің иесі - заңды тұлғаның атауы ауысса, қайта ұйымдастырылса, таратылса, заңды тұлғаның басшысы ауысса;

      6) куәландырушы орталық пен тіркеу куәлігінің иесі арасындағы келісімде көзделген жағдайларда;

      7) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша кері қайтарып алады.

      2. Куәландырушы орталық тіркеу куәлігін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде кері қайтарып алады.

      3. Тіркеу куәлігін кері қайтарып алу кезінде куәландырушы орталық тиісті ақпарат алынған кезден бастап бір күн ішінде тіркеу куәліктерінің тіркеліміне өзгерістер енгізуге міндетті.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiктерiн тану

      Ескерту. 19-бап алып тасталды – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. КУӘЛАНДЫРУШЫ ОРТАЛЫҚ

20-бап. Куәландырушы орталықтың қызметi

      1. Куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылады.

      2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымының бiрнеше жүйесiне қызмет көрсете алады.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-1-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік монополия

      Ескерту. 5-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; алып тасталды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-2-бап. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу

      1. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу куәландырушы орталықтардың (Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығын қоспағанда) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруы үшін міндетті шарт болып табылады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган аккредиттеуді Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары болып табылатын куәландырушы орталықтарға қатысты жүзеге асырады.

      2. Егер куәландырушы орталықтың өтінішінде анағұрлым қысқа мерзім көрсетілмесе, куәландырушы орталықты аккредиттеу үш жыл мерзімге тегін негізде жүзеге асырылады.

      3. Арнайы куәландырушы орталықтарды аккредиттеу арнайы куәландырушы орталықтардың (Қазақстан Республикасының арнайы негізгі куәландырушы орталығын қоспағанда) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруы үшін міндетті шарт болып табылады.

      Ескерту. 5-тарау 20-2-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Куәландырушы орталықтың функциялары

      1. Куәландырушы орталық:

      1) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн заңсыз қол жеткiзуден қорғау үшiн шаралар қолдана отырып, электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың өтiнiшi бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаның кiлттерiн жасайды;

      2) тiркеу куәлiктерiн бередi, тiркейдi, керi қайтарып алады, сақтайды, белгiленген тәртіппен берiлген тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiн жүргiзедi;

      2-1) тіркеу куәліктерін қолдану қағидаларын бекітеді;

      3) қолданылып жүрген және керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн есепке алуды жүзеге асырады;

      4) куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгiн және жарамдылығын растайды.

      5) <*>

      2. Куәландырушы орталық сақтауда тұрған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлттерi және (немесе) жабық кілттері жоғалуының, модификациялануының және қолдан жасалуының алдын алу үшiн қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталық осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттi орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      4. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы ұлттық куәландырушы орталығының және Қазақстан Республикасы негізгі куәландырушы орталығының функцияларын жүзеге асыруды "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы қамтамасыз етеді.

      5. Қазақстан Республикасы арнайы негізгі куәландырушы орталығы функцияларының жүзеге асырылуын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20. N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату

      1. Куәландырушы орталықтың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтатылады.

      2. Куәландырушы орталық өз қызметiн тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда қызметiн тоқтатқанға дейін күнтізбелік отыз күн бұрын бұл туралы өздерi қызмет көрсететiн электрондық құжат айналымы жүйелерiне қатысушылардың барлығын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату кезiнде ол берген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi, тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлігінің иесiмен келiсiле отырып, басқа куәландырушы орталықтарға берiледi.

      4. Осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн басқа куәландырушы орталықтарға берiлмеген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi қолданылуын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталуға тиiс.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Тiркеу куәліктерiнiң иелерi, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерi туралы мәлiметтердi қорғау

      1. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi және оларды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда ашады.

      2. Тараптардың келiсiмiне сәйкес жасырын болып табылатын тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлiктерiнiң жалпы қол жететiн тiркелiмiне енгiзiлмейдi.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

24-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкте болады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      24-баптың екінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда электрондық құжаттарды қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Дауларды қарау

      Электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен қаралуға тиiс.

26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады