Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақылар, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа да түрлерін есептеу жөніндегі ішкі саясатына қойылатын талаптарды белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 74 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 9 сәуірде № 7525 тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы және "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.03.2020 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы қаулының мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) басқару органы – екінші деңгейдегі банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру брокерлерін қоспағанда) Директорлар кеңесі, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің тиісті басқару органы;

      2) белгіленген сыйақы – қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне еңбек нормаларын орындағаны үшін қызметкердің біліктілігі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны, сапасы мен талаптары ескеріле отырып төленетін еңбекақының (тұрақты жалақының) белгіленген мөлшері;

      3) белгіленбеген сыйақы – қаржы ұйымының белгіленген сыйақыдан басқа жұмыс нәтижелеріне қарай төлейтін қаржы ұйымының акцияларын қоса алғандағы, ақшалай сыйақылардың, қосымша ақылардың, үстемеақылардың, сыйлықақылардың, бонустардың және материалдық көтермелеулердің басқа түрлерінің басқа нысандары;

      4) қаржы ұйымы – екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары;

      5) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы ұйымы қаржы ұйымының бизнес-жоспарына, қызметінің мақсаттарына, стратегиясына, бағыттарына және көлеміне, қаржылық перспективаларына, корпоративтік басқарудың тиісті және тиімді тетігін құруға және тәуекелдерді басқаруды ұйымдастыруға сәйкес келетін қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақылар, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа түрлерін есептеу жөніндегі ішкі саясатты (бұдан әрі – ішкі саясат) әзірлеуді, ендіруді және қолдау көрсетуді жүзеге асырады.

      3. Ішкі саясатта:

      1) ішкі саясаттың мақсаттары, міндеттері, сондай-ақ қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне сыйақы есептеудің қағидаттары;

      2) қаржы ұйымы басшы қызметкерлерінің белгіленген және белгіленбеген сыйақысының құрылымы;

      3) басшы қызметкерлердің сыйақы мөлшерін арттыру деңгейлері және қағидалары;

      4) басшы қызметкерлер жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі;

      5) қаржы ұйымының лицензияланатын қызмет түрімен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын басшы қызметкерлерге тәуекелдер деңгейі сақталған, қаржы ұйымы айқындаған мәндер шегінде капитал сақталған жағдайда стратегияға, бизнес-жоспарға және кірістер немесе айқындалған жұмыстарды орындау бөлігінде басқа да ішкі жоспарлы құжаттарға қол жеткізуіне қарай еңбекақы төлеу жүйесі;

      6) белгіленбеген сыйақы төлеуге негіз болмайтын талаптар бар.

      4. Ішкі саясат мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) қаржы ұйымының әрбір басшы қызметкеріне белгіленбеген сыйақының мынадай бөліктерінің біреуін төлеуді тоқтата тұру көзделеді:

      белгіленбеген сыйақының 50 (елу) пайызын құрайтын белгіленбеген сыйақының бөлігін; немесе

      белгіленбеген сыйақының жиынтығында қаржы жылы ішінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 7500 еселенген мөлшерінен асатын бөлігін.

      Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі тең үлестерге бөлінеді, олардың әрқайсысы белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі сомасының үштен бірінен аспайды және кемінде үш жылды құрайтын кезең ішінде әрбір он екі ай өткен соң төленеді.

      Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі қаржы ұйымының белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған кезекті бөлігін төлеудің алдындағы қаржы жылының нәтижелері бойынша зияны болған кезде атқарушы органның басшысына, сондай-ақ қаржы ұйымының лицензияланатын қызмет түрімен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын басшы қызметкерлерге төленбейді.

      Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігін төлеуге қаржы ұйымы кепілдік бермейді және басшы қызметкер есепті кезең аяқталғанға дейін жұмыстан босатылған жағдайда жүзеге асырылмайды.

      2) қаржы ұйымының акциялары түріндегі белгіленбеген сыйақыны төлеу қаржы ұйымының осы акцияларды кері сатып алу міндеттемесінсіз осы акцияларды міндетті түрде кемінде 3 (үш) жыл иелену талабымен жүзеге асырылады (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру брокерлерінің қызметіне қолданылмайды);

      3) қаржы ұйымының стратегиялық мақсаттарына және корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес әзірленеді;

      4) қаржы ұйымы басшы қызметкерлерінің жұмыс тиімділігінің акционерлердің мүдделеріне сәйкес келетін және қаржы ұйымының жоспарланған нәтижелеріне және тиімді қызметіне қол жеткізуге бағытталған көрсеткіштерге негізделеді;

      5) басқару органының мүшелері болып табылатын барлық тәуелсіз директорлардың келісімі болған кезде басқару органы (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру брокерлерінің қызметіне қолданылмайды) бекітеді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.08.2019 № 148 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.03.2020 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      5. Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.03.2020 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      7. Қаржы ұйымдары 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде өз қызметтерін осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Статистика агенттігі

      2012 жылғы 28 наурыз


      Төраға __________Ә.А. Смайылов


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 74 қаулысына
қосымша

Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан Қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне төленген кірістер туралы есеп

      Ескерту. Қосымша алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.03.2020 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады