Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi Басқармасының "Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметiн жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы" 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 61 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 9 сәуірде № 7526 тіркелді

      «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушының қызметін жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi Басқармасының «Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметiн жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы» 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 тіркелген, «Заң газеті» газетінде 2009 жылғы 14 қаңтарда № 5 (1428) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметiн жүзеге асыру ережесiнде:
      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Жалпы ережелер»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Ережеде «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген негізгі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) биржадан тыс бағалы қағаздар нарығы баға белгiлеу ұйымының (бұдан әрi – баға белгiлеу ұйымы) ақпараттық жүйесi – пайдалану және қолдау көрсетудi баға белгiлеу ұйымы жүзеге асыратын бағалы қағаздарға баға белгiлеудi алмасу жүйесi;
      2) екiжақты баға белгiлеу – қаржы құралын сатып алу бағасын, сол сияқты сату бағасын да қамтитын баға белгiлеу;
      3) индикативтi баға белгiлеу – жарияланған сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесiн (клиентiн) осы баға белгiлеу негiзiнде мәмiле жасауға мiндеттемейтiн және жарияланған сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесi (клиентi) осы баға белгiлеу негiзiнде сауда-саттықты ұйымдастырушының басқа мүшесiмен (клиентiмен) келiссөздер нәтижесінде осы баға белгiлеудi өзгерту және осы баға белгiлеу негiзiнде мәмiле жасасудан бас тарту құқығымен мәмiле жасайды деп түсіндірілетін баға белгiлеу;
      4) қаржы құралымен мәмiленi орындау (мәмiле орындау) – осы мәмiле тараптарының осы мәмiледен туындайтын мiндеттемелердi орындау арқылы қаржы құралымен жасасқан мәмiле бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру;
      5) қатаң баға белгiлеу – жарияланған сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесiне (клиентiне) осы баға белгiлеу негiзiнде мәмiле жасау жөнiнде мiндеттеме жүктейтін баға белгiлеу;
      6) қор биржасын растау жүйесi (растау жүйесi) – қор биржасына қосылған тұлғаларға сауда жүйесiнде осы тұлғалар атынан, осы тұлғалардың тапсырмалары бойынша, не осы тұлғалардың немесе олардың клиенттерiнiң мүддесiне қаржы құралдарымен жасалған немесе жасалатын мәмiлелер туралы мәлiметтердi алуға мүмкiндiк беретiн және алынған мәлiметтердi өңдеу негiзiнде қор биржасына осындай мәмiлелерге растамалар беруге (жасалған немесе жасалатын мәмiлелер шарттарының олар жасалуы тиiс немесе жасалуы мүмкiн шарттарға сәйкестiгi туралы хабарламалар), не осындай мәмiлелердi растаудан бас тартуға мүмкiндiк беретiн қор биржасының бағдарламалық-техникалық кешенi;
      7) қор биржасының ресми тiзiмi (ресми тiзiм) – қор биржасының тiзiмiне енгiзiлетiн және онда болатын қаржы құралдары және осы қаржы құралдарының эмитенттерi листинг талаптарына сәйкес келуi тиiс қор биржасы тiзiмiнiң бөлiгi;
      8) лот - бұл:
      қаржы құралымен сауда жасау бiрлiгi;
      осы қаржы құралы бойынша өтiнiм мөлшерi тең немесе еселi болуға тиiс қаржы құралының саны;
      9) маркет-мейкер – қор биржасы маркет-мейкер ретiнде таныған және қор биржасының iшкi құжаттарына сәйкес қаржы құралы бойынша баға белгiлеудi жариялап отыруға және ұстап тұруға өзiне мiндеттеме қабылдаған қор биржасының мүшесi;
      10) рұқсат ету бастамашысы – бастамасы бойынша қаржы құралдары қор биржасының сауда жүйесiнде немесе баға белгiлеу ұйымының ақпараттық жүйесiнде айналысқа түсуiне жол берiлетiн ұйым;
      11) сауда алаңы – қор биржасының басқа бөлiктерiнен сауда-саттыққа қатысушыларға және айналыстағы қаржы құралдарына қойылатын ерекше талаптарымен, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмiле жасасу және оларды орындау шарттарымен өзгешеленетiн қор биржасы сауда жүйесінің бөлiгi;
      12) сауда күнi – қор биржасының барлық қаржы құралдары үшiн немесе олардың жеке топтары үшiн оның сауда жүйесiнде қаржы құралдарымен мәмiлелер жасалуы мүмкiн күнтiзбелiк күн шегiндегi белгiлеген кезеңі;
      13) сауда жүйесiндегi айналыс – қор биржасының сауда жүйесiнде жасалатын қандай да болмасын өзге қаржы құралының мәмiленiң мәнi болу мүмкiндiгi;
      14) сауда-саттыққа қатысушы – осы қор биржасының сауда жүйесiн пайдалану арқылы мәмiле жасасуға рұқсат берiлген және ол ұйымдастырған сауда-саттыққа қатысатын қор биржасының мүшесi;
      15) сауда-саттықты ұйымдастырушы – қор биржасы және баға белгiлеу ұйымы;
      16) сауда сессиясы – сауда күнiнiң бөлiгi;
      17) төлемге қарсы жеткiзiлiм – бiр тараптың қаржы құралын немесе ақшаны жеткiзу жөнiндегi мәмiлесi бойынша мiндеттемелерiн орындау басқа тараптың қаржы құралын немесе ақшаны жеткiзу жөнiндегi мәмiлесi бойынша қарсы мiндеттемелерiн орындамай жасау мүмкiн еместiгi кезiндегi қаржы құралдарымен мәмiлелердi орындау әдiсi;
      18) трейдер – осы қор биржасының сауда жүйесiн пайдалану арқылы қор биржасының мүшесi атынан мәмiлелер жасауға және өзге iс-әрекеттердi орындауға уәкiлеттi жеке тұлға;
      19) уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау комитеті.»;
      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелерi (клиенттерi)»;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге қаржы құралдарымен мәмілелердi жүзеге асыруға құқығы бар өзге заңды тұлғалар қор биржасының мүшелерi болып табылады.
      Тек бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары ғана баға белгiлеу ұйымының клиенттерi бола алады.
      Қор биржасының мүшесi болу (баға белгiлеу ұйымының клиентi болып қабылдану) шарттары мен тәртiбi оның ережесiмен айқындалады.»;
      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесі – брокер және (немесе) дилер сауда-саттықты ұйымдастырушыны уәкiлеттi орган осы брокерге және (немесе) дилерге және (немесе) оның қызметкерлерiне қатысты қабылдаған кез-келген санкциялар мен шектеулi ықпал ету шаралары туралы хабардар етеді.»;
      3, 4 және 5-тараулардың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Трейдерлер»;
      «4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының тізіміне енгізілген бағалы қағаздар және өзге қаржы құралдары»;
      «5. Қор биржасының сауда жүйесі және баға белгілеу ұйымының ақпараттық жүйесі»;
      мынадай мазмұндағы 29-1-тармақпен толықтырылсын:
      «29-1. Қор биржасының сауда жүйесі осы Ережеде және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда осы өтінімді беруді жүзеге асырған сауда-саттыққа қатысушыға тиісінше хабарлай отырып осы өтінімді қабылдамауға (өтінімді қабылдаудан бас тартуға) мүмкіндік жасайды.»;
      6 және 7-тараулардың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Сауда-саттықты ұйымдастырушының резервтік орталығы»;
      «7. Сауда-саттық жүргiзу және қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу»;
      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «34. Қаржы құралдарымен қор биржасы өткiзетiн сауда-саттықта мәмiлелер жасасуды оның қатысушылары қор биржасының белгiлi қаржы құралына қатысты немесе белгiлi алаңда пайдалануға рұқсат етiлген сауда-саттық әдістері көрсетiлуi тиiс iшкi құжаттармен белгiленген тәртiпте iске асырады.»;
      мынадай мазмұндағы 34-1-тармақпен толықтырылсын:
      «34-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен сауда-саттық жасаған кезде оларды бастапқы орналастыру кезінде қор биржасының тиісті мүшелік санатындағы, брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар екінші деңгейдегі банктер немесе жинақтаушы зейнетақы қорлары немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын мүшелері қатысады. Брокер болып табылатын екінші деңгейдегі банк көрсетілген сауда-саттықтарға екінші деңгейдегі банктер, жинақтаушы зейнетақы қорлары, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын клиенттердің тапсырмасы бойынша, есебінен және мүддесінде мәмілелерді жасау шартымен брокер ретінде іс-әрекет жасайды. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар сауда-саттықтарға тек жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен және мүддесінде ғана қатысады.
      Қор биржасы сауда жүйесінде мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға арналған, екінші деңгейдегі банктердің, жинақтаушы зейнетақы қорларының және (немесе) «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарының активтері есебінен берілмейтін өтінімдерді автоматты түрде қабылдамауға мүмкіндік жасайтын теңшеулер орнату арқылы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптың орындалуын қамтамасыз етеді.»;
      8, 9, 10 және 11-тараулардың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Маркет-мейкерлер қызметi»;
      «9. Қор биржасының бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтата тұру талаптары мен тәртiбi»;
      «10. Қаржы құралдарымен жасалған мәмiлелердi растау»;
      «11. Қаржы құралдарымен жасалған мәмiлелердi орындау».
      2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай ішінде өзінің қызметін және ішкі құжаттарын осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады