Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 46 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 сәуірде № 7571 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 4 шілдедегі № 215 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.07.04 № 215 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Мыналар:
      1) осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидалары;
      2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның екінші деңгейдегі банктерден күмәнді және үмітсіз активтерді иемденуі 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы 
№ 46 қаулысына     
1-қосымша       

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын
жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз
активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидалары

      Осы Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның (бұдан әрі - Ұйым) Заңның 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
      1. Осы Қағидалардың мақсатында мына ұғымдар қолданылады:
      1) банк – екінші деңгейдегі банк;
      2) күмәнді және үмітсіз активтер – «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 296 Ереже) сәйкес «күмәнді 5-санатты» немесе «үмітсіздер» деп жіктелген қарыздар (бірыңғай сипаттары бар қарыздар тобы).
      2. Ұйым иемденетін күмәнді және үмітсіз активтердің құны мына тәсілдердің бірімен анықталады:
      1) әділ құны бойынша;
      2) осы актив бойынша қалыптастырылған провизияларды ескеріп, күмәнді және үмітсіз активтің баланстық құны бойынша;
      3) осы актив бойынша қалыптастырылған провизияларды ескермей, күмәнді және үмітсіз активтің баланстық құны бойынша.
      Ұйым иемденетін күмәнді және үмітсіз активтің құнын анықтау тәсілін таңдауды осы активті иемденуге беретін банкпен келісу бойынша жүзеге асырады.
      3. Күмәнді және үмітсіз активтерді әділ құны бойынша иемденген кезде активтің әділ құнын қарызды берген банк Ұйыммен келісуі бойынша тартқан тәуелсіз бағалаушы айқындайды.
      4. Осы активтер бойынша қалыптастырылған провизияларды ескеріп, күмәнді және үмітсіз активтерді баланстық құны бойынша иемденген кезде олардың құны Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының және № 296 Ереженің талаптарына сәйкес осы активтер бойынша қалыптастырылған провизиялардың ең жоғарғы шамасын шегергенде, негізгі борыштың, есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) жиынтық құны ретінде айқындалады.
      5. Осы активтер бойынша қалыптастырылған провизияларды ескермей күмәнді және үмітсіз активтерді баланстық құны бойынша иемденген кезде олардың құны негізгі борыштың, есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) жиынтық құны ретінде айқындалады.
      6. Осы активтер бойынша қалыптастырылған провизияларды ескеріп, күмәнді және үмітсіз активтерді олардың әділ құны не баланстық құны бойынша иемденген кезде, Ұйым иемденген күмәнді және үмітсіз активтердің құнын қалпына келтіруден түскен кірісті алады не иемденген күмәнді және үмітсіз активтердің құны түсуінен келген толық көлемдегі шығынды көтереді.
      Осы активтер бойынша қалыптастырылған провизияларды ескермей, күмәнді және үмітсіз активтерді баланстық құны бойынша иемденген кезде, иемденген күмәнді және үмітсіз активтердің құнын қалпына келтіруден түскен кіріс не күмәнді және үмітсіз активтердің құны түсуінен келген шығын ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерін берген банк пен Ұйым арасында Ұйым осы банкпен келісуі бойынша айқындайтын арақатынаста бөлінеді.
      7. Ұйым банктерден иемденген күмәнді және үмітсіз активтерді басқаруды мына тәсілдердің бірімен:
      1) Ұйыммен дербес;
      2) күмәнді және үмітсіз активтерін Ұйым иемденген банктермен дербес не Ұйыммен бірлесіп;
      3) басқа да ұйымдармен, кәсіби сарапшылармен және халықаралық аудиторлармен және аудиторлық ұйымдармен жүзеге асырады.
      8. Қарыз алушының төлем қабілетсіздігімен немесе қарыз алушының қарыз бойынша міндеттемелерін орындамауымен байланысты сотта оларға қатысты талқылау жүргізіліп жатқан не сот шешімдері қабылданған күмәнді және үмітсіз активтерді басқаруды Ұйым осы активтерді иемденуге берген банкпен бірлесіп жүзеге асырады.
      9. Басқару тәсілін таңдауды Ұйым банкпен келісу бойынша жүзеге асырады.
      10. Ұйым өзінің қызметі туралы есептілікті есепті айдан кейінгі айдың 15 күнінен кешіктірмей тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы 
№ 46 қаулысына     
2-қосымша       

Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар

      Осы Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның (бұдан әрі – Ұйым) иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды белгілейді.
      1. Осы Талаптардың мақсатында мына ұғымдар қолданылады:
      1) банк – екінші деңгейдегі банк;
      2) жылжымайтын мүлік – салынып жатқан немесе пайдаланып жатқан коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүлігі, жер учаскелері;
      3) күмәнді және үмітсіз активтер – «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 болып тіркелген) сәйкес «күмәнді 5-санатты» және «үмітсіздер» деп жіктелген қарыздар (бірыңғай сипаттары бар қарыздар тобы);
      4) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі – Қазақстан Республикасына Standard & Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s Investors халықаралық рейтингілік агенттіктер берген рейтингтер;
      5) шарт – Ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді иемденуін көздейтін Ұйым мен банк арасында жасалатын шарт.
      2. Ұйым күмәнді және үмітсіз қарыздар бойынша талап ету құқығын осындай қарыздар бір уақытта мына критерийлерге сәйкес келгенде иемденеді:
      1) 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша күмәнді және үмітсіз ретінде жіктелген қарыздар;
      2) қарыздар бойынша қарыз алушылар болып заңды тұлғалар (Қазақстан Республикасының резиденттері) табылады;
      3) Талаптардың 3-тармағында көрсетілген кепіл түрлерін қоспағанда, кепілмен қамтамасыз етілген, оның ішінде Қазақстан Республикасының резиденттері эмитенттер шығарған және «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамының ресми тізіміне енгізілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының резиденттері емес эмитенттер шығарған бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген қарыздар;
      4) шартты жасасу күніндегі негізгі борыш сомасын, есептелген сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоса алғанда, берешектің қалдығы 60 (алпыс) және миллионнан астам теңгені немесе шетел валютасында балама соманы құрайды.
      3. Ұйым банктерден қарыздар бойынша талап ету құқығын мына жағдайларды қоспағанда, иемденеді:
      1) қарыз тұтынушылық болып табылады;
      2) қарыз тұрғын үй, тұрғын үй кешенінің құрылысына берілген;
      3) қарыз бойынша кепілдің жалғыз түрі мыналар болады:
      өндіріс кешенінің ажырамас бөлігі болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, жылжымайтын мүлік;
      ұйымдастырушылық техника;
      жиһаз заттары;
      арнайы техника;
      жер қойнауын пайдалану құқығы;
      авторлық құқықтар;
      лицензиялар;
      патенттер;
      талап ету құқықтары;
      Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингінен төмен кредиттік рейтингі бар заңды тұлғалар (Қазақстан Республикасының резиденттері) берген кепілдер мен кепілдемелер.
      Ұйым кепіл құны қамтамасыз етудің жиынтық кепіл құнының 30 (отыз) пайызынан аспайтын, ішінара жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша талап ету құқығын иемденеді.
      Ұйым өндіріс кешенінің ажырамас бөлігі болып табылатын жылжымайтын мүлікпен ішінара қамтамасыз етілген қарыздар бойынша талап ету құқығын иемденеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады