Коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 61 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2012 жылғы 29 наурызда № 3389 тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2013 жылғы 12 қыркүйектегі № 296 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 12.09.2013 № 296 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 27 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413 «Мемлекеттік меншік туралы» Заңының 75 бабының 3 тармағына сәйкес облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М.М.Тағымовқа жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Облыс әкімі                              А. Мұхамбетов

Облыс әкiмдiгінiң
2012 жылғы 28 ақпандағы
№ 61 қаулысымен бекiтiлген

Коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы қағида Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413 «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 24 маусымдағы № 700 «Республикалық мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді және комуналдық меншiк объектiлерiн кейіннен сатып алу құқығынсыз және құқығымен сенiмгерлiк басқаруға берудiң тәртiбiн айқындайды.
      2. Осы Қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқару органы - акционерлiк қоғам (жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк) акцияларының мемлекеттiк пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлесiн) иелену және пайдалану құқығын және/немесе мемлекеттiк кәсiпорынды басқаруды жүзеге асыратын тиiстi саланың уәкiлеттi органы;
      2) нарықтық құн - кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес бағалаушының бағалау туралы есебi негiзiнде айқындалатын объектiнiң құны;
      3) объект - мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлiктiк кешенi, бағалы қағаздар, мүлiктiк құқықтар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерi), ақша, сондай-ақ мемлекеттiк коммуналдық мүлiк;
      4) коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы – облыстың ауданның, (облыстық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы органы;
      5) сенiмгерлiк басқарушы - коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысымен сенiмгерлiк басқару шартын жасасқан жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;
      6) тендер жеңiмпазы - тендерлiк комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттарды ұсынған тендерге қатысушы;
      7) тендер - сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы өзi ұсынған шарттардың негiзiнде тендер жеңiмпазымен шарт жасасуға мiндеттенетiн, объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беру жөнiндегi конкурстық сауда-саттық нысаны;
      8) тендерлiк комиссия - коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беру жөнiндегi тендердi ұйымдастыру және өткiзу үшiн құрған комиссия;
      9) тендерге қатысушы - тендерге қатысуға жiберiлген жеке немесе заңды тұлға;
      10) шарт - коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы мен сенiмгерлiк басқарушының арасында жасалатын объектiнi сенiмгерлiк басқару шарты.
      11) рентабельдi емес мемлекеттік кәсiпорын - үш жылдың iшiнде ағымдағы, негiзгi және негiзгi емес қызметтiң рентабельдiлiгi көрсеткiштерiн төмендетуге және/немесе олардың жоспарланған мөлшерін қамтамасыз етпеуге жол берген, сондай-ақ қатарынан үш жыл iшiнде таза табыс бойынша жоспарлы көрсеткiштердi орындамаған мемлекеттік кәсіпорын.

2. Объектiнi сенiмгерлiк басқаруға берудiң тәртiбi

      3. Объектiнi кейiннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiмдi коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы қабылдайды.
      4. Кейiннен сатып алу құқығымен немесе рентабельдi емес мемлекеттiк кәсiпорындарды оңалту үшiн объектiнi сенiмгерлiк басқаруды құрған жағдайда тендердi өткiзу мiндеттi болып табылады.
      5. Объектiнi кейiннен сатып алу құқығынсыз сенiмгерлiк басқаруға берудi мынандай жағдайларда:
      1) объектiнi заңды тұлғалардың жарғылық капиталын төлеу есебiне бергенге дейiн;
      2) теңгерiм ұстаушылардың жазбаша келiсiмiнiң негiзiнде алаңы бiр жүз шаршы метрге дейiнгi үй-жайларды, ғимараттар мен құрылыстарды, қалдық құны ең төменгi есептi көрсеткiштен бiр жүз елу еселенгеннен кем емес жабдықты бергенде;
      3) теңгерiм ұстаушылардың жазбаша келiсiмiнiң негiзiнде ерекше режимдегi объектiлерге жататын мемлекеттiк мекемелердiң теңгерiмiнде тұрған мүлiктi бергенде тендер өткiзбестен жүзеге асыруға болады.
      6. Объектiнi сенiмгерлiк басқаруға тендер өткiзбестен берген кезде мүдделi тұлғаның объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беруге ерiктi нысандағы өтiнiмiне мынандай құжаттар қоса берiледi:
      1) теңгерiм ұстаушының жазбаша келiсiмi;
      2) объектiнiң қажеттiлiгiне негiздеме;
      3) заңды тұлғалар үшiн - салыстыру үшiн мiндеттi түрде түпнұсқасын ұсына отырып, мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты және жарғы), салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi не аталған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi, салықтық берешектiң, өтiнiм беру күнiнiң алдындағы соңғы үш айдан астам мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектiң жоқ екенi туралы анықтаманың түпнұсқасы;
      жеке тұлғалар үшiн - салыстыру үшiн мiндеттi түрде түпнұсқасын ұсына отырып, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың, салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi не аталған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      дара кәсiпкер үшiн - салыстыру үшiн мiндеттi түрде түпнұсқасын ұсына отырып, дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың, салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi не аталған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi, салықтық берешектiң, өтiнiм беру күнiнiң алдындағы соңғы үш айдан астам мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектiң жоқ екенi туралы анықтаманың түпнұсқасы.
      7. Объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беруге дайындауды коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.
      Коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы сенiмгерлiк басқаруды құру мақсатында:
      1) тендер ұйымдастырады (тендерлiк комиссияның құрамы мен жұмыс регламентiн бекiтедi, тендерге қатысушыларды тiркейдi, ақпараттық хабарламалардың жариялануын қамтамасыз етедi);
      2) кепiлдiк жарналарды қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес объектiнi бағалауды жүргiзуге шарттар жасасады;
      4) тендердiң өткiзiлу барысын бақылауды жүзеге асырады;
      5) тендерге қатысушылармен және бағалаушылармен тендер өткiзу рәсiмдерiне байланысты есептердi жүзеге асырады;
      6) сенiмгерлiк басқарушымен шарт жасасады;
      7) объктiнi сенiмгерлiк басқаруға беруге байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      8. Тендерлерді ұйымдастыру және өткізу үшін коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға берудің құрылтайшысымен тендерлік комиссия құрылады, оның құрамына жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, орталық атқарушы органдардың аймақтық бөлімшелерінің және келісім бойынша басқа мүдделі ведомстволардың өкілдері енгізіледі. Тендер комиссиясы мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия төрағасы мен хатшы коммуналдық меншікті сенімгерлік басқаруға беруші құралтайшының өкілі болып табылады.
      Тендерлiк комиссия кепiлдiк жарнаның мөлшерiн бекiтедi, қажет болған жағдайда тендердiң шарттары мен сенiмгерлiк басқарушыға қойылатын талаптарды айқындайды; тендер өткiзедi; тендер жеңiмпазын жариялайды.

3. Тендерлiк құжаттама

      9. Тендер өткiзу туралы ақпараттық хабарлама тендер өткiзудiң жарияланған күнiне дейiн кемiнде он бес күнтiзбелiк күн бұрын, ал акционерлiк қоғамдардың акциялары мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiн сенiмгерлiк басқаруға беру кезiнде - тендердi өткiзгенге дейiн кемiнде отыз күнтiзбелiк күн бұрын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жарияланады.
      Ақпараттық хабарлама тендердің өткізу күнін, уақыты мен орнын, объектінің қысқаша сиппаттамасын, шарттары мен тендер жеңімпазын анықтау өлшемдерін, кепілдік жарнаның мөлшері мен оның енгізу үшін банктің деректемелерін, тендерді жеңген тұлғаларға қойылатын талаптарын құрайды. Сондай-ақ ақпараттық хабарламада қосымша мәліметтер қамтылуы мүмкін.
      10. Тендерлiк комиссия тендердiң шарттарын өзгерткен жағдайда барлық өзгерiстер туралы хабарландыру осы Қағиданың 9-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жарияланады.
      Тендердiң шарттары өзгергенi туралы хабарлама жарияланғанға дейiн тендерге қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты тендерге қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарна қайтаруды талап етуге құқылы.
      11. Сенімгерлік басқару объектісі бойынша ақпараттық хабарламаны жариялағанға дейін объект туралы мәліметтер енгізілген құжаттар топтамасы қалыптастырылады. Сенімгерлік басқару объектісі ретінде мемлекеттік заңғы тұлға бойынша құжаттар топтамасына сондай-ақ оның құрылтайшылық құжаттары және қаржы-шаруашылық қызметі туралы толық ақпарат енгізіледі. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы тендерге қатысушы болуға тiлек бiлдiргендерi объектi туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.
      12. Тендерге қатысушылар тендер өткiзу туралы ақпараттық хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмде және тәртiппен кепiлдiк жарна енгiзедi. Кепiлдiк жарнаның мөлшерiн ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертуге болмайды.
      13. Тендерге қатысу үшiн кепiлдiк жарна әрбiр объект үшiн оның нарықтық құнының немесе теңгерiмдiк құнының (объектiнi кейiннен сатып алу құқығынсыз сенiмгерлiк басқаруға берген жағдайда) он пайызы шегiнде бөлек белгiленедi.
      14. Егер тендерге қатысушылар осы Қағиданың 10-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, тендер өткiзiлгенге дейiн кемiнде үш күн бұрын оған қатысудан бас тартқан жағдайда коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы оларға кепiлдiк жарнаны қайтармайды.
      15. Осы Қағиданың 14 және 26-тармақтарында санамаланғандардан басқа барлық жағдайларда кепiлдiк жарна тендер аяқталған күннен бастап он банктiк күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде, ал егер ақша мүлiктi сенiмгерлiк басқару құрылтайшысының шотына тендер өткiзiлгеннен кейiн түссе, онда олар түскен күннен бастап банктiк он күн iшiнде қайтарылады.

4. Тендердi өткiзу

      16. Тендерге қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап жүргiзiледi және тендер басталғанға дейiн жиырма төрт сағат бұрын аяқталады.
      17. Тендерге қатысушы ретiнде тiркелу үшiн мыналарды:
      1) тендерге қатысуға өтiнiмді;
      2) тендердің талаптарын қанағаттандыратын жабық конверттегі ұсынысты (бизнес-жоспар);
      3) банктiң (банктердiң) тендерлiк өтiнiмдер бар конверттердi ашу күнiнiң алдында кемiнде үш ай бұрын банк (банктер) алдында тендердiң ықтимал қатысушысының мерзiмi өткен берешегiнiң жоқ екенi туралы анықтаманы;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен аудиттi мiндеттi өткiзу белгiленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебiн;
      5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң салыстырып тексеру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде ұсына отырып көшiрмесiн не көрсетiлген түпнұсқаның нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
      6) жарғының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн не салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаны мiндеттi түрде ұсына отырып көшiрмесiн. Шет ел заңды тұлғалары құрылтай құжаттарын нотариалды куәландырылған мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде аудармасымен ұсынады;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзiмi ұзартылған жағдайларды қоспағанда, осы салық органының тендерлiк өтiнiмдер бар конверттердi ашу күнiнiң алдында кемiнде үш ай бұрын салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ екенi туралы анықтаманың түпнұсқасы;
      8) кепiлдiк жарнаны аудару туралы төлем тапсырмасының немесе түбiртектiң (жеке тұлға үшiн) түпнұсқасын;
      9) тендерге ықтимал қатысушы өкiлiнiң өкiлеттiгiн растайтын құжатты (жеке куәлiктi, паспортты (шет ел азаматтары үшiн) не әдiлет органдары берген уақытша жеке куәлiктi ұсынған жағдайда жарамды);
      10) ықтимал қатысушының ақпараттық хабарламада көрсетiлген сенiмгерлiк басқаруға қойылатын талаптарға сәйкестiгiн растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
      18. Жеке тұлға болып табылатын тендердiң ықтимал қатысушысы осы Қағиданың 17-тармағының 1)2)10) тармақшаларында көзделген құжаттарды, сондай-ақ:
      1) жеке куәлiктiң, паспорттың (шет ел азаматтары үшiн) немесе әдiлет органдары берген уақытша жеке куәлiктiң көшiрмесiн;
      2) заңды тұлға құрмастан, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқық беретiн құжаттың көшiрмесiн (дара кәсiпкер үшiн) ұсынады.
      19. Өтiнiмдердi қабылдау және тендерге қатысуға ниет бiлдiрген адамдарды тiркеу талап етiлетiн құжаттардың толық жиынтығы бар болған кезде жүргiзiледi.
      20. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы тендердiң шарттары болып табылатын қызмет түрлерiмен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;
      2) сенiмгерлiк басқаруға шарт жасасу және оны орындау жөнiндегi тиiстi мiндеттемелердi орындамаған өткен тендерлердiң жеңiмпазы тендерге қатысушы бола алмайды.
      21. Тендерлiк комиссия тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерiн ашады және жеңiмпазды анықтау өлшемiне (өлшемдерiне) сүйене отырып, тендерге қатысушылардың ұсыныстарын қарайды.
      22. Тендерлiк комиссияның шешiмi оның мүшелерiнiң қарапайым дауыс беру көпшiлiгiмен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешушi болып табылады. Дауыстар тең болған кезде тендерлiк комиссия дауыстардың тең санын алған қатысушыларды келiссөзге шақыруға құқылы және тендерлiк комиссияның пiкiрi бойынша объектiнiң жұмысын жақсартуға бағытталған ең жақсы қосымша ұсыныстарды енгiзген тендерге қатысушы жеңiмпаз болып танылады.

5. Тендер нәтижелерiн ресiмдеу және шарт мазмұны

      23. Тендерлiк комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi.
      24. Мынадай жағдайларда, егер:
      1) тендерлiк комиссия қатысушылардың ұсыныстарын тендер шарттарын қанағаттандырмайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiндi деп таныса;
      2) тiркелген қатысушылардың саны екеуден кем болса;
      3) тендерлiк комиссия жеңiмпаздың жоқ екенi туралы шешiм қабылдаса;
      4) тендер жеңiмпазы тендердiң нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартса, тендер өткiзiлмедi деп танылады.
      Тендер етпеген болып танылған жағдайда тендерлiк комиссия жаңа тендердi хабарлауға және тендер шарттарын өзгертуге құқылы.
      25. Объектi шарт жасасуға ниет бiлдiрген жалғыз қатысушыға берiлуi мүмкiн үшiншi және кейiнгi тендерлердi қоспағанда, кейiннен сатып алу құқығы берiлетiн, бiр қатысушы қатысқан тендерлер өткiзiлмедi деп танылады.
      Осы Қағиданың 24-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сатып алу құқығы берiлмейтiн тендер өткiзiлмедi деп танылған жағдайда, коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы тендер шарттары бойынша шарт жасасуға ниет бiлдiрген жалғыз қатысушыға объектiнi беру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      26. Тендер жеңiмпазы тендердiң нәтижелерi туралы хаттамаға немесе шартқа қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгiзген кепiлдiк жарнаны жоғалтады.
      27. Мыналар:
      кәсiпорын қызметiнiң негiзгi түрiн сақтау;
      мыналарды:
      табыстылықты арттыру мақсатында қаржы көрсеткiштерiн жақсарту бойынша ұсыныстарды;
      тиiмдi шаруашылық қызмет мақсатында өндiрiс құрылымын, оның техникалық-технологиялық базасын қайта құру бойынша ұсыныстарды;
      маркетингтiк қызметтi ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды;
      неғұрлым ұтымды шарттарда қажеттi қаржы қаражатын тарта отырып, кәсiпорынды қаржылық тұрақтандырудың (оңалтудың) қолданылатын тетiктерi бойынша ұсыныстарды;
      бағдарламаны iске асыру мерзiмiн қамтитын кәсiпорынның қаржылық оңалту бағдарламасының болуы рентабельдi емес кәсiпорындарды сенiмгерлiк басқаруға беру бойынша тендер жеңiмпазын анықтаудың негiзгi шарттары болып табылады.
      Басқару органы кәсiпорындар қызметiнiң ерекшелiгiн ескере отырып қосымша өлшемдердi ұсынуы мүмкiн.
      28. Объектiнi сенiмгерлiк басқару жасалатын шарт негiзiнде туындайды. Шарт тендер жеңiмпазының тендерлiк ұсыныстарына сәйкес (тендер өткiзген жағдайда) объектiнi сенiмгерлiк басқарудың мәнi мен мерзiмiн, берiлетiн мүлiктiң құрамын, объектiнi беру шарттарын, сенiмгер басқарушының есептiлiк мерзiмi мен нысанын қарастырады. Шартта сондай-ақ сенiмгерлiк басқаруға берiлетiн мүлiкке үшiншi тұлғаның құқығы көрсетiледi.
      29. Мыналарға:
      объектiге инвестициялардың көлемдерiне, түрлерiне және мерзiмдерiне;
      өндiрiс көлемдерiне, шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтердiң түрлерi мен номенклатурасына;
      нақты тұтынушыларға өнiмдi жеткiзуге;
      баға белгiлеуге, оның iшiнде бағалардың шектi деңгейi бойынша шектеулерге;
      табиғат қорғау iс-шараларын өткiзуге;
      қолда бар сақтап сақтап қалуға немесе жаңа жұмыс орындарын құруға;
      өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн пайдалану тәртiбiне;
      объектiнiң берешектерiн белгiленген мерзiмдерде өтеуге;
      сенiмгерлiк басқарушының объектiнi кейiн сатып алуына;
      мәмiлелер жасасуға және/немесе белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде объектiге қатысты айқындалған әрекеттерге тыйым салуға;
      объектiнiң нарықтық құнын төлеу үшiн бөлiп төлеудi ұсынуға;
      объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беру кезiнде туындайтын салықтық мiндеттемелерге қатысты сенiмгерлiк басқару мiндеттемелерi объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беру шарттары болуы мүмкiн.
      Басқару органдары кәсiпорындар қызметiнiң ерекшелiгiн ескере отырып қосымша өлшемдердi ұсынуы мүмкiн.
      30. Объектiнi сенiмгерлiк басқарушының сатып алу шарттары шартпен анықталады.
      Сенiмгерлiк басқарушыға объектiнi сатуға ол шартты тиiсiнше орындаған жағдайда ғана жол берiледi. Объектiнi сату сатып алу-сату шартын жасасу арқылы нарықтық құн бойынша жүзеге асырылады.
      Сенiмгерлiк басқару мерзiмi iшiнде нарықтық құн инфляция деңгейiне сәйкес индекстеуге жатады және сатып алу-сату шартын жасасқан күннен кейiн үш жылдан аспайтын мерзiмге бөлiп төленуi мүмкiн. Нарықтық құнды бөлiп төлеу мүмкiндiгi сатып алу құқығымен сенiмгерлiк басқаруға беру жөнiндегi тендердiң шарттарына енгiзiледi. Нарықтық құнды бөлiп төлеудiң мерзiмi мен тәртiбi сатып алу-сату шартында айтылады.
      31. Шарт талаптарының орындалуын бақылауды коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.

6. Қорытынды ережелер      

      32. Осы Қағидамен көзделген сенімгерлік басқарудың құқықтық қатынастарына Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары таралады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады