Ескерту. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты шешімнің күші жойылды - Алматы облысы Ескелді аудандық мәслихатының 17.09.2013 N 25-141 шешімімен.
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына және Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" N 471 Бұйрығына сәйкес Ескелді ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ескелді ауданындағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.
2. Ескелді ауданы мәслихатының 2010 жылғы 30 наурыздағы "Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы" N 37-224 (Алматы облыстық Әділет департаментінде 2010 жылдың 28 сәуірдегі 2-9-104 нөмірімен нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген, 2010 жылы 7 мамырда Ескелді аудандық "Жетысу Шұғыласы" газетінің 20-21 нөмірінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудан мәслихатының халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласы және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
4. Осы шешім Әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Cессия төрағасы Д.О. Сағатов
Мәслихат хатшысы Қ. Тастанбаев
КЕЛІСІЛДІ:
Аудандық жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарлама
бөлімінің бастығы Мұхаметқали Баймұратұлы Тілеуберген
31 мамыр 2012 жыл
Ескелді ауданы мәслихатының
21 мамырдағы 2012 жылдың
"Ескелді ауданындағы аз қамтамасыз
етілген отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсетудің
мөлшерін және тәртібін айқындау
туралы" N 6-36 шешіміне
қосымша
Ескелді ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға
(азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" N 94 Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қаулысына және Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы N 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ереже
1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының,жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп –ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
уәкілетті орган – жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды және төлемді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган;
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
аз қамтамасыз отбасылар (азаматтар)- Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
учаскелік комиссия – тұрғын үй көмегін сұраған отбасылардың (азаматтардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік – аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия.
2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға);
жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты)күтіп – ұстауға арналған шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
байланыс саласындағы заңнама белгіленген тәртіппен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлем ақысына ақы төлеуге беріледі.
Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп- ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерінің, тұрғын үйді жалға алу төлемақысының өтемақы төлемдерін қамтамасыз ететін нормалар шегінде нақты ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шығындарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Белгіленген нормадан артық тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлемін азаматтар жалпы негіздер бойынша төлейді.
Отбасының бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығындардың рұқсат етілген шекті деңгейі отбасының орташа айлық табысының он пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерінің, тұрғын үйді жалға алу төлемақысының өтемақы төлемдерін қамтамасыз ететін нормалар шегінде нақты ақы төлеу шығындары жиынтық табысының 10 пайыздық үлесінен асқан жағдайда тағайындалады.
Күтімге мұқтаж деп танылған бірінші және екінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын немесе үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеумен айналысатындарды, күндізгі бөлімде оқымайтын, әскери қызмет атқармайтын, жұмыс істемейтін және жұмыссыз ретінде уәкілетті органда тіркелмеген еңбекке қабілетті тұлғалары бар аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
Егер өтініш беруші толық емес немесе шындыққа сай келмейтін мәліметтерін берген жағдайда тұрғын үй көмегіне ұсынылған құжаттар қабылданбайды.
2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
4. Тұрғын үй көмегі тағайындалады - Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан Республикасында тұратын және тұрып қайту рұқсаты бар азаматтығы жоқ тұлғаларға.
5. Құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берген ай өтініш жасалған тоқсан деп саналады. Тұрғын үй көмегін құжаттарын тапсырған тоқсаннан басталады және сол тоқсанға төленеді.
Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға немесе пайдалануға беруші аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегі берілмейді.
6. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) тұрғылықты жеріндегі ауылдық, кенттік учаскелік комиссияға өтініш пен төмендегі құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрғын үйге құқығын растайтын құжаттың көшірмесі (тұрғын үй аумағының көлемі, бөлме саны көрсетілген жекешелендіру, сыйға тарту, сату-сатып алу, жалға беру келісімшарты);
3) отбасының тұрғылықты жерін растайтын құжаттың көшірмесі (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе мекенжай бюросының анықтамасы);
4) отбасының барлық мүшелерінің табысын растайтын құжаттар (өткен тоқсанға) тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастар саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5) Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-үстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
6) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары,
7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек–шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
8) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
7. Кенттік, ауылдық округтің әкімі өтініш берушілердің құжаттарын қабылдап, оларды тіркейді және құжаттар қабылданған күннен бастап он күннен кешіктірмей учаскелік комиссияның қорытындысымен қоса тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті органға тапсырады.
8. Уәкілетті орган кентік, ауылдық округтің әкімдерінен қоса тіркелген құжаттармен және учаскелік комиссиялардың қорытындыларымен бірге өтініштер қабылдайды, оларды қабылдаған күннен бастап он күн ішінде қарайды және тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін берудің негізі болып табылады.
9. Тұрғын үй көмегін алушылар он бес күн мерзімде уәкілетті органды көмек мөлшерінің өзгеруі үшін негіз болатын немесе алуға әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етеді. Өтініш беруші тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына күман келтіретін мән-жайлар туралы хабарламағанда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған уақыттан).
Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда – сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
10. Кенттің әкімі, ауыл, ауылдық (селолық) округтің әкімі құжаттардың көшірмелерін тексеріп, оларды тіркеуден өткізеді және өтініш берушіге құжаттарын қабылдағаны жөніндегі растайтын құжат беріледі.
11. Өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етілетін тұрғын үйлер аумағының нормалары Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген отбасының әр мүшесіне тұрғын үй беру нормаларына баламалы.
Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің тарифтерін қызмет көрсетушілер ұсынады.
12. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
1) газ тұтыну – бір айға бір кішкене газ баллон;
2) электр энергиясын қолдану: 1 адамға – бір айға 45 киловатт;
4 және одан көп адамнан тұратын отбасына – бір айға 150 киловатт.
3) сумен қамтамасыз ету нормасын қызмет корсетушілер ұсынады;
4) пеш жағатын тұрғын үйлерге жыл бойына 4 тонна көмір.
13. Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша "Ескелді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
14.Тұрғын үй көмегінің төлемі көрсетілген операция түрлеріне лицензиялары бар тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган және банк филиалдары немесе басқа да ұйымдар арасында жасалған Агенттік келісімі негізінде тағайындалған соманы алушының жеке шотына аудару жолымен жүзеге асырылады.
3. Қорытынды
15.Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.