Басқа адамның көмегіне мұқтаж 1, 2 топтағы жалғыз басты мүгедектерді күтуге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрін көрсету туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылғы 5 сәуірдегі N 11/12 қаулысы. Қарағанды облысы Әділет департаментінде 2012 жылғы 11 мамырда N 1907 тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысының әкімдігінің 2023 жылғы 15 қыркүйектегі № 66/01 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысының әкімдігінің 15.09.2023 № 66/01 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңдарына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Басқа адамның көмегіне мұқтаж 1, 2 топтағы жалғыз басты мүгедектерді күтуге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрі 2012 жылғы 1 наурыздан бастап бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде көрсетілсін.

      2. Қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрін көрсету төмендегі 1, 2 топтағы мүгедектерге:

      қолданыстағы заңнама бойынша оларды асырауға міндетті туыстары жоқ мүгедектерге;

      жұмыс істемейтін мүгедек, зейнеткер болып табылатын туыстарымен бірге тұратын мүгедектерге;

      кәмелетке толмаған балаларымен бірге тұратын мүгедектерге жүзеге асырылатыны анықталсын.

      3. Осы қаулының 2 тармағында көрсетілген 1, 2 топтағы мүгедектерге үстемақы оны алуға құқық пайда болғаннан кейін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау мерзіміне өтінген айдан бастап тағайындалатыны белгіленсін. Үстемақыны өткен айға төлеу қаржыландырудың түсуіне байланысты жүргізіледі. Үстемақыны төлеуді тоқтататын жағдай пайда болса (алушының қайтыс болуы, алушыға 3 топ мүгедектігін белгілеу немесе мүгедектікті алу, қолданыстағы заңнама бойынша мүгедек адамды ұстауға міндетті туысқандарының пайда болуы және басқалар) үстемақыны тағайындау тиісті жағдай пайда болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Ақпараттарды дұрыс бермегеннің салдарынан үстемақы заңсыз төленген жағдайда төленген сома алушылардан өз еріктерімен немесе сот тәртібімен қайтарылады.

      4. Облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың әкімдеріне осы қаулының 2 тармағында көрсетілген мүгедектерге қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрін көрсету облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері банкте ашылған шоттың нөмірі көрсетілген олардың өтініштерінің негізімен және төмендегі құжаттарымен қамтамасыз етіледі:

      өтініш білдірушінің жеке басын куәландыратын құжат;

      медициналық-әлеуметтік сараптаманың (белгіленген үлгідегі) 1 немесе 2 топтағы мүгедектігін белгілеген анықтамасы;

      2 топтағы мүгедектерге басқа адамның көмегіне мұқтаждығы жөнінде дәрігерлік-консультативтік комиссия шешімінің үзіндісі.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қарағанды облысының әкімдігінің 09.03.2022 № 13/01 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. "Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі күтімге қосымша үстемақыны облыстық бюджетте қарастырылған қаражаттар шегінде төлеуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Т.А. Әбілдаға жүктелсін.

      7. Осы қаулы алғаш ресми түрде жарияланғаннан кейінгі он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі және 2012 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған қатынастарға таратылады.

Облыс әкімі

Ә. Құсайынов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады