Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап бөгде адамның көмегіне мұқтаж 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемдер түрінде әлеуметтік көмектің қосымша шарасы келесі тұлғаларға берілсін:
күтімді жүзеге асыратын тұлғалары жоқ;
мүгедектігі бар жұмыс істемейтін адамдар болып табылатын туыстарымен, зейнеткерлермен бірге тұратын;
кәмелетке толмаған балалармен бірге тұратын.
2. Төлемдер түріндегі әлеуметтік көмектің қосымша шарасы осы қаулының 1-тармағында көрсетілген адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау мерзіміне оны алу құқығы туындағаннан кейін жүгінген айдан бастап тағайындалады деп белгіленсін. Әлеуметтік көмектің қосымша шараларын төлеу өткен айға қаржыландырудың түсуіне қарай жүргізіледі. Төлемдерді тоқтатуға әкеп соққан мән-жайлар (алушының қайтыс болуы, алушының 3 топты белгілеуі немесе мүгедектікті алып тастауы, заң бойынша мүгедектігі бар адамдарды және басқаларды ұстауға міндетті туыстарының пайда болуы) болған кезде төлем тиісті мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Заңсыз төлеуге әкеп соққан дұрыс емес ақпарат ұсынылған жағдайда, сомалар алушылардан ерікті не сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері осы қаулының 1-тармағында көрсетілген адамдарға, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен олардың өтініші негізінде банктегі шот нөмірін және мынадай құжаттарды көрсете отырып, төлемдер түрінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетуді қамтамасыз етсін:
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
мүгедектіктің 1 немесе 2 тобын белгілеу туралы медициналық-әлеуметтік сараптаманың (белгіленген үлгідегі) анықтамалары;
2-топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін дәрігерлік-консультативтік комиссияның бөгде көмек көрсету қажеттілігі туралы шешімінен үзінді көшірмелер.
Құжаттар салыстыру үшін түпнұсқада немесе электрондық үкімет инфрақұрылымының цифрлық құжаттама қызметінен цифрлық құжат түрінде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
4. "Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі облыстық бюджетте көзделген қаражат шегінде осы қаулының 1-тармағында көрсетілген тұлғаларға төлемдер түрінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетуді қамтамасыз етсін.
5. Мыналардың:
1) "Басқа адамның көмегіне мұқтаж 1, 2 топтағы жалғыз басты мүгедектерді күтуге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрін көрсету туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылғы 5 сәуірдегі № 11/12 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1907 тіркелген);
2) "Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылғы 5 сәуірдегі № 11/12 "Басқа адамның көмегіне мұқтаж 1, 2 топтағы жалғыз басты мүгедектерді күтуге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша үстемақылар түрінде әлеуметтік көмектің қосымша түрін көрсету туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2022 жылғы 9 наурыздағы № 13/01 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27141 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қарағанды облысының әкімі | Е. Булекпаев |