Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 21-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 7-бабының 5-5) және 5-6)-тармақшаларына сәйкес, қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларды және кәмелетке толмаған интернаттық ұйымдар түлектерін әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мақсатында Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға жұмыс орындар жалпы санының бір пайыз мөлшерінде жұмыс орындар квотасы белгіленсін.
2. Кәмелетке толмаған интернаттық ұйымдар түлектеріне жұмыс орындар жалпы санының бір пайыз мөлшерінде жұмыс орындар квотасы белгіленсін.
3. "Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларды және кәмелетке толмаған интернаттық ұйымдар түлектеріне жұмысқа жолдама беру кезінде осы қаулыны басшылыққа алсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары А. М. Қанафинаға жүктелсін.
5. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Павлодар қаласының әкімі | О. Қайыргелдинов |