Ескерту. Күші жойылды - Катонқарағай аудандық мәслихатының 2012.07.13 N 5/38-V шешімімен.
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысымен бекітілген «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу» мемлекеттік қызмет Стандартына сәйкес Катонқарағай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік көмекті тағайындау және көрсету жөніндегі Нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Н. Шаухин
Аудандық мәслихаттың хатшысы Д. Бралинов
Катонқарағай аудандық мәслихатының
2012 жылғы 30 наурыздағы ІІ сессиясының
№ 2/17-V шешімімен бекітілген
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмекті
тағайындау және көрсету жөніндегі Нұсқаулық
Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысымен бекітілген «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу» мемлекеттік қызмет Стандартына сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік көмек (бұдан әрі - әлеуметтік көмек) ақшалай төлем түрінде көрсетіледі.
2. Аудан бюджеті әлеуметтік көмектің қаржыландыру көзі болып табылады.
3. Әлеуметтік көмекті «Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік көмек» бюджеттік бағдарламасының әкімгері болып табылатын «Катонқарағай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ (бұдан әрі - Бөлім) бюджеттік бағдарламасына сәйкес және тиісті қаржы жылында аудан бюджетінде осы мақсаттарға қарастырылған қаржы шегінде ұсынылады.
2. Әлеуметтік көмекті алу құқығы
4. Біржолғы әлеуметтік көмекті алуға құқылы:
1) алдыңғы тоқсан қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар (азаматтар);
2) әртүрлі жағдайларға байланысты шұғыл әлеуметтік көмекке зәру жеке тұлғалар (отбасылар) (обыр ауруынан емделу, табиғи апат, су басу, өрт және өзге де болжауға болмайтын оқиғалар), сонымен қатар жан басына шаққандағы орташа табысқа тәуелсіз мереке күндеріне орай 8, 9, 10-тармақтарында көрсетілген кейбір санаттағы азаматтар.
5. Ай сайын және тоқсан сайын берілетін әлеуметтік көмекті алуға құқылы:
1) Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғалар мен облыстық маңыздағы дербес зейнеткерлер (коммуналдық шығындарын өтеу үшін);
2) стационарлық емделуде жатқандарды қоспағанда белсенді туберкулез ауруымен ауыратын, диспансерлік есепте тұратын азаматтар (қосымша тамақтану мен жол жүруге).
3. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына
әлеуметтік көмек тағайындау
6. Әлеуметтік көмек:
1) шұғыл түрдегі қымбат емделуге, әлеуметтік көмек мөлшері - 20000 (жиырма мың) теңге;
2) мүгедектігі бар азаматтарға медициналық мекеме дәрігерінің тағайындауымен тексерілуден өту үшін облыс аумағында жол жүру шығындарына, әлеуметтік көмек мөлшері - 3000 (үш мың) теңге;
3) обыр ауруымен және туберкулездің белсенді түрімен ауыратындарға медициналық мекеме дәрігерінің тағайындауымен тексерілуден өту үшін облыс аумағында жол жүру шығындарына, әлеуметтік көмек мөлшері - 3000 (үш мың) теңге (жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай);
4) обыр ауруынан емделуге, әлеуметтік көмек мөлшері - 20000 (жиырма мың) теңге (жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай);
5) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын азаматтарға қосымша тамақтануды қамтамасыз етуге әлеуметтік көмек мөлшері бір тоқсанға - 10000 (он мың) теңге;
6) төтенше жағдайлар және өртке қарсы қызмет бөлімдерінің қорытындысы бойынша табиғи апаттардан, су басудан, қасақана жағылмаған өрттен зардап шегіп, өмір сүруге қажетті заттарынан айырылған отбасыларына (азаматтарға), әлеуметтік көмек мөлшері - 20000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.
7. Бөлімге әлеуметтік көмекті алуға талаптанған жеке тұлғалардың ұсынуға тиісті құжаттары:
1) әлеуметтік көмекті тағайындау туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат;
3) салық төлеушінің нөмірі;
4) азаматтарды тіркеу кітабы немесе тұрғылықты жері туралы анықтама;
5) өтініш берушінің әлеуметтік көмекке мұқтаж екендігін растайтын құжаттар (медициналық қорытынды, жол шығындарын растайтын құжаттар, төтенше жағдайлар немесе өртке қарсы қызмет бөлімдерінің қорытындысы);
6) отбасының жиынтық табысын растайтын құжаттар;
7) тиісті округ әкімі бекіткен, өтініш берушінің тұрмыс жағдайын тексеру актісі.
Құжаттар комиссияға салыстыру үшін көшірме және түпнұсқа ретінде ұсынылады.
4. Мерекелік күндерге азаматтардың жекеленген санаттарына
біржолғы әлеуметтік көмекті тағайындау мөлшері
8. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 9 мамырға, әлеуметтік көмектің мөлшері - 10000 (он мың) теңге.
9. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар мен басқа санаттағылар:
1) қоршау кезіндегі Ленинград қаласының тұрғындарына 9 мамырға – 5000 (бес мың) теңге;
2) фашистік концлагерлердің тұтқындарына 9 мамырға – 5000 (бес мың) теңге;
3) Чернобль АЭС-нің зардабын жоюға қатысқан азаматтарға, мүгедектерге 26 сәуірге - 5000 (бес мың) теңге;
4) Ауған соғысына қатысқан әскери қызметшілерге және соғыста қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 15 ақпанға - 5000 (бес мың) теңге;
5) арнайы құрамалардың жұмысшыларына 9 мамырға – 5000 (бес мың) теңге;
6) Ұлы Отан соғысында қайтыс болған азаматтардың екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне 9 мамырға - 5000 (бес мың) теңге біржолғы әлеуметтік көмек ұсынылады.
Біржолғы әлеуметтік көмек тек бір негізге ғана төленеді.
10. Көпбалалы отбасыларға, соның ішінде:
1) «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісімен марапатталған көпбалалы аналарға 8 наурызға - 5000 (бес мың) теңге және 1 маусымға - 5000 (бес мың) теңге, барлығы - 10000 (он мың) теңге;
2) 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған бірге тұратын, сондай-ақ жасы 23-ке толмаған жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын балалары бар көп балалы аналарға 8 наурызға - 5000 (бес мың) теңге, 1 маусымға – 5000 (бес мың) теңге, барлығы - 10000 (он мың) теңге біржолғы әлеуметтік көмек ұсынылады.
5. Коммуналдық шығындарды өтеуге берілетін әлеуметтік көмек
11. Коммуналдық шығындарды өтеуге:
1) Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғаларға - ай сайын 2000 (екі мың) теңге;
2) облыстық маңыздағы дербес зейнеткер мәртебесі бар тұлғаларға - ай сайын 2000 (екі мың) теңге әлеуметтік көмек ұсынылады.
6. Әлеуметтік көмекті жүзеге асыруды бақылау
12. Әлеуметтік көмекті көрсетуді бақылау мен есептілік Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінің негізінде жүзеге асырылады.