Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын аттестаттаудан өткізу қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің м.а. 2013 жылғы 28 ақпандағы № 51 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 26 наурызда № 8389 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 10 наурыздағы № 184 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Энергетика министрінің 10.03.2015 № 184 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 5-бабының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын аттестаттаудан өткізу қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті (А. Тұрлубек) осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Б.М. Жақсалиевке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы                            А. Рау

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа  
технологиялар министрiнің міндетін атқарушының 
2013 жылғы 28 ақпандағы № 51 бұйрығымен бекiтiлген 

Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын
аттестаттаудан өткізу қағидалары

1. Жалпы ереже

      1. Осы Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 5-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленген және энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын аттестаттаудан өткізу тәртібімен мерзімдерін айқындайды.
      2. Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын аттестаттау кәсіби және біліктілік даярлық деңгейін, іскерлік қасиетін айқындау, біліктілік санаттарын (разрядтарын) белгілеу бойынша мерзімді жүзеге асырылатын рәсім.
      3. Аттестаттауға энергетикалық ұйымдардың барлық басшылары мен мамандары жатады.
      4. Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандары энергетикалық ұйымдарында кейінгі үш жыл өткен соң, бірақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап алты айдан ерте емес, аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау нәтижелері оны өткен сәттен бастап үш жыл бойы жарамды.
      Бала күтіміне байланысты демалыста отырған энергетикалық ұйым басшылары мен мамандары қызметке шыққаннан соң алты айдан кейін аттестаттаудан өтеді.
      Энергетикалық ұйым мамандары (бұдан әрі – мамандар) энергетикалық ұйымда аттестаттаудан өтеді. Энергетикалық ұйым басшылары (бұдан әрі – басшылар) мемлекеттік энергетикалық қадағалау бойынша мемлекеттік органда (бұдан әрі – МЭҚ) аттестаттаудан өтеді.

Энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын
аттестаттаудан өткізу тәртібі

      5. Аттестаттау өзіне мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) электр энергетикасы, лауазымдық міндеттер, қауіпсіздік техникасы және жабдықты пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды білуіне, электр энергетикасы саласындағы кәсіби білімді пайдалануына байланысты аттестатталуға жататын энергетикалық ұйым басшылары мен мамандарын тестілеу;
      2) энергетикалық ұйымның аттестаттау комиссиясымен өткізілетін мамандармен әңгімелесу, МЭҚ комиссиясымен өткізілетін басшылармен әңгімелесу;
      3) тиісті аттестаттау комиссиясының шешімдерін шығару.
      6. Энергетикалық ұйымдар ағымдағы күнтізбелік жылдың 15 қаңтарына дейін МЭҚ-қа аттестаттауға жататын бірінші басшылар (бас директор және оның орынбасарларының, президент және вице-президенттің, басқарма төрағасы мен оның орынбасарларының, бас инженерлер мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі қызмет бастықтарының) тізімін ұсынады.
      7. МЭҚ басшысы энергетикалық ұйым ұсынған ақпарат негізінде аттестаттауға жататын тұлғалар тізімі бекітілген, аттестаттауды өткізу мерзімдері және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесі белгіленген бұйрықты шығарады.
      8. Энергетикалық ұйымның кадрлар бөлімшесі мамандарға атестаттауды өткізу мерзімдері туралы, оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей жазбаша хабарлайды. Аттестаттауды өткізу мерзімдері туралы МЭҚ басшыларға оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей жазбаша хабарлайды. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттар жиынтығы басшылар мен мамандарға хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде ұсынылады.
      9. Аттестаттауға ұсынылатын құжаттар тізбесі:
      1) еркін нысандағы аттестаттау туралы өтініш;
      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша маманның қызметтік мінездемесі (мамандар үшін);
      3) аттестатталушы тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;
      4) білімі туралы құжаттың көшірмесі;
      5) біліктілігін арттыру курсынан өтуін куәландыратын құжаттың көшірмесі (егер бар болған жағдайда);
      6) еңбек кітапшасының көшірмесі (басшылар үшін).
      Мамандар құжаттар жиынтығын тігілген және нөмірленген түрде энергетикалық ұйымның кадрлар бөлімшесіне тапсырады. Басшылар құжаттар жиынтығын тігілген және нөмірленген түрде МЭҚ-қа тапсырады.
      10. Тестілеу автоматтандырылған компьютерлік тәсілмен немесе қағаз тасығышта аттестатталушының таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жүргізіледі. Басшылар үшін тест сұрақтарының саны 120 сұрақты құрайды. Мамандар үшін тест сұрақтарының саны 100 сұрақты құрайды. Тестілеу уақыты 2 сағатты құрайды. Басшыларға арналған тест сұрақтары МЭҚ-мен әзірлейді және бекітеді. Мамандарға арналған тест сұрақтарын энергетикалық ұйым басшысы бекітеді. Тест сұрақтары үш жылда бір рет жаңартылып отырады. Тестілеу нәтижелерін оң деп тану үшін негіздеме болып табылатын дұрыс жауаптардың шекті деңгейі тесттерде қамтылған сұрақтар санынан мамандар үшін 75%-ды, басшылар үшін 85%-ды құрайды.
      Энергетикалық ұйым бірінші басшысының немесе оны ауыстыратын тұлғаның мөрі және қолы қойылған мамандарды тестілеудің қорытынды нәтижелері аттестатталушыларға беріледі.
      11. Тестілеудің қанағаттанарлықсыз нәтижесі кезінде тиісті аттестаттау комиссиясы хаттаманы ресімдейді және бірінші тестілеуді өткізген күннен бастап екі аптадан ерте емес және бір айдан кешіктірмейтін мерзімде қайта тестілеуді тағайындайды. Қайта тестілеу бір реттен артық болмайды.
      12. Қайта тестілеуді өткізу мерзімдері туралы тиісті аттестаттау комиссиясы аттестатталушыға оны өткізу басталғанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
      Басшымен немесе маманмен тестілеудің теріс нәтижелері қайта алынған жағдайда, тиісті аттестаттау комиссиясы осы Қағидалардың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімді қабылдайды.
      13. Басшылар немесе мамандар тестілеудің оң нәтижесін алғаннан кейін тиісті аттестаттау комиссиясы отырысында әңгімелесуді өткізеді.
      14. Дәлелді себептермен (аттестатталушы тұлғаның жеке қатысуына мүмкіндік бермеген еңбек қабілеттілігін жоғалтуға байланысты ауру, жақын туысының қайтыс болуы немесе қатты ауыруы, қызметтік іссапар, еңбек демалысы, әскери жиындарда болуы) аттестаттауда болмаған аттестатталушы тұлға аттестаттауды тиісті аттестаттау комиссиясымен айқындалған мерзімде жұмысқа шыққаннан кейін өтеді.
      Дәлелсіз себептермен аттестаттауға келмеген аттестатталушы тұлға аттестатталмаған деп танылады.
      15. Тиісті аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделеп, аттестатталушы тұлғамен әңгімелесу өткізіп, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) аттестатталды;
      2) қайта аттестаттауға жатады;
      3) аттестатталған жоқ.
      16. Қайта аттестаттау осы Қағидалармен айқындалған тәртіппен алғашқы аттестаттау өткізілген күннен бастап алты айдан кейінгі өткізіледі.
      17. Тиісті аттестаттау комиссиясы қайта әңгімелесу қорытындысы бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) аттестатталды;
      2) аттестатталған жоқ.
      18. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің және хатшының қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.
      19. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес аттестаттау парағына шығарылады.
      Аттестаттау парағы екі данада құрастырылады, біреуі басшыға/маманға беріледі, екіншісі МЭҚ-те немесе энергетикалық ұйымда қалады. Аттестаттау парағы аттестатталушыға аттестаттау өткізілгеннен кейінгі үш жұмыс күнінің ішінде беріледі.

3. Аттестаттау комиссиясы

      20. Энергетикалық ұйымның аттестаттау комиссиясы және МЭҚ аттестаттау комиссиясы төрағадан, хатшыдан және оның мүшелерінен тұрады. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің саны – тақ, хатшының дауыс беруге құқығы жоқ. Қатыспаған мүшелердің орнын ауыстыруға жол берілмейді.
      21. Аттестаттау комиссиясының төрағасы бірінші басшы немесе оны ауыстыратын тұлға.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы, оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, кадр қызметінің өкілі болып табылады.
      Аттестаттау комиссиясының жұмыс кестесі бірінші басшымен немесе оны ауыстыратын тұлғамен бекітіледі.
      22. Энергетикалық ұйымның аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ МЭҚ-те бірінші басшымен немесе оны ауыстыратын тұлғамен бекітіледі.
      23. Энергетикалық ұйым аттестаттау комиссиясының құрамына бөлімше басшылары, кадр және заңның қызметтерінің өкілдері кіреді. МЭҚ аттестаттау комиссиясының құрамына төраға немесе оны ауыстыратын тұлға, сондай-ақ басқарма бастықтары кіреді.
      24. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және аттестаттау комиссиясы мүшелері отырысына қатысушылар санынан көпшілік дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, аттестаттау комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      25. Энергетикалық ұйым аттестаттау комиссиясының отырысы оған қатысушылар құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі.

4. Аттестаттау комиссиясы шешіміне шағым беру

      26. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте шағым беруге болады.

Энергетикалық ұйым басшылары  
мен мамандарын аттестаттаудан өткізу
қағидаларына 1-қосымша     

Нысан

Аттестатталуға жататын маманның қызметтік мінездемесі
(энергетикалық ұйым маманының тiкелей басшысымен толтырылады)

      Маманның Т.А.Ә. _______________________________________________
      Лауазымы ______________________________________________________
      Тағайындалған күні ____________________________________________

      1. Лауазымдық мiндеттердi атқаруы (шешiмiнде маман қатысқан негiзгi мәселелер тiзбесі келтіріледі; қызметтік міндеттерді атқару тиімділігі және адалдығы, шығармашылық бастамашылығы және тағы басқалар бағаланады).
      2. Электр энергетикасы, қауіпсіздік техникасы және жабдықты пайдалану саласындағы нормативтік техникалық және нормативтік құқықтық актілерді білуі, электр энергетикасы саласындағы кәсіптік білімді пайдалану.
      3. Жеке қасиеттері (энергетикалық ұйым маманының жеке қасиеттері сипатталады: тіл табысқыштығы, ұжымда жұмыс істеу қабілеті, өзін-өзі жетілдіру қабілеті, көшбасшылық және басқалар).
      4. Маман қызметіне қорытынды баға беру (тікелей басшысының маман туралы пікірі көрсетіледі: атқаратын қызметіне сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді, жоғары тұрған немесе төмен тұрған лауазымға ұсынылуы мүмкін және басқалар).
      5. Өзге мәлiметтер.*
_____________________________________________________________________
Басшы лауазымы
_____________________________________________________________________
Басшының Т.А.Ә.

Күнi 20_ жылғы «__»____________

*Ескертпе: қызметтiк мiнездемеге энергетикалық ұйым маманы басшысының ерекшелiгін ескере отырып, толықтырулар енгізіледі.

Энергетикалық ұйым басшылары 
мен мамандарын аттестаттаудан өткізу
қағидаларына 2-қосымша     

Нысан

Аттестаттау парағы
_______________________________________________________________
аттестатталушы тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты

Туған жылы 19__ жыл «__»____________________
Бiлiмі ______________________________________________________________
Мамандығы ___________________________________________________________
Аттестаттау кезіндегі атқаратын қызметі _____________________________
Тестілеу нәтижелері _________________________________________________
Өзге мәліметтер _____________________________________________________

__________________________________                        ___________
Аттестаттау комиссиясы төрағасының ТАӘ                        қолы
___________________________________________               ___________
Аттестаттау комиссиясы хатшысының ТАӘ                         қолы

Аттестаттауды өткізу күні 20___ жылғы «___»______

Аттестаттау парағымен таныстым _________________________________
                              (аттестатталушы тұлғаның қолы, күні)

МО
*Ескертпе: аттестаттау парағына энергетикалық ұйым қызметінің ерекшелiгін ескере отырып, толықтырулар енгізіледі. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады