Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекiту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 232 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 10 қазанда № 8802 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 205 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және төлем карточкаларын ұстаушылардың мүдделерін қорғауды және қолдау көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалану тәртібін нақтылау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекiту туралы» 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1260 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығында:
      3-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Осы Нұсқаулықта «Ақша төлемi мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлем туралы заң) 3-бабында және «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:»;
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) алдын ала төленген төлем карточкасы – ұстаушысына бастапқы ұстаушысы алдын ала енгізген және эмитенттің шоғырландырылған шотында есептелетін ақша сомасы шегінде төлемдерді жүзеге асыру және/немесе қолма-қол ақшаны алу мүмкіндігін беретін төлем карточкасы. Алдын ала төленген төлем карточкаларына микропроцессорлық карточка немесе осындай карточканың немесе арнайы электрондық құралдың ұстаушысына төлемдерді және өзге қаржы операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қол жетімді ақша сомасы туралы ақпарат сақталатын өзге арнайы электрондық құрал жатпайды. Алдын ала төленген төлем карточкасында оның ұстаушысын бірегейлендіруге мүмкіндік беретін деректемелер болмайды;
      алдын ала төленген төлем карточкасын толықтыру – эмитент-банкке төлемдерді жүзеге асыру және/немесе қолма-қол ақшаны алу үшін бұрын шығарылған (қолданыстағы) алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалануды көздеуге мүмкіндік беретін ақша сомасын алдын ала төленген төлем карточкасын шығарумен байланысты емес қосымша енгізу;»;
      24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «24) эквайер – төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырған кезде кәсіпкермен жасалған шарт талаптарына және/немесе кәсіпкерде жасалған төлем құжатының талаптарына сәйкес кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны қабылдауға және/немесе кәсіпкермен жасалған шартта көзделген өзге де іс-әрекеттерді орындауға тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк). Қолма-қол ақшаны беруді және/немесе осы банктің клиенттері болып табылмайтын төлем карточкаларын ұстаушыларға төлем карточкаларын пайдалана отырып ақша төлемі мен аударымдарын жүзеге асыру жөніндегі өзге қызметтерді жүзеге асыратын банк те эквайер болып табылады;»;
      мынадай мазмұндағы 6-6-тармақпен толықтырылсын:
      «6-6. Электрондық түрде шығарылатын және карточканың деректемелерінен тұратын алдын ала төленген төлем карточкасын қосымша толықтыруға және қолма-қол ақша алу үшін пайдалануға болмайды. Мұндай алдын ала төленген төлем карточкасын төлемдерді жүзеге асыру үшін пайдалануға клиенттің алдын ала төленген төлем карточкасын шығару кезінде банкке алдын ала енгізген ақша сомасы шегінде ғана жол беріледі.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Төлем карточкасын беру туралы шартта мынадай мiндеттi талаптар болады:
      1) төлем карточкасын беру талаптары;
      2) төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру талаптары;
      3) қосымша карточкалар берiлетiн тұлғалардың тiзiмi немесе тұлғалардың тiзiмiне сiлтеме (төлем карточкасын беру туралы шарт негiзiнде түрлi ұстаушыларға бiрнеше төлем карточкасын берген кезде);
      4) төлем карточкасын алудың, оқшаулаудың және қайта шығарудың тәртібі мен талаптары;
      5) төлем карточкасының және/немесе төлем карточкасын беру туралы шарттың қолданылу мерзiмi;
      6) клиенттің өтінішін қарау және зиянды қарау мен өтеу мерзімдерін көрсете отырып, рұқсат етілмеген төлем бойынша зиянды клиентке өтеу тәртібі;
      7) ықтимал зиянды қарау және өтеу мерзімдерін көрсете отырып, клиенттердің басқа талаптарын қарау тәртібі;
      8) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      9) тараптардың жауапкершiлiгi.
      Эмитент клиенттің өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын пайдаланумен байланысты даулы жағдайларды төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес белгіленген мерзімдерде, бірақ осы өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.
      Клиенттің өтінішін қарау мерзімдері операцияны төлем карточкасын пайдалана отырып Қазақстан Республикасының резиденті емес-банктің желісінде жасаған жағдайда, осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен асуы, бірақ күнтізбелік отыз күннен артық мерзімге аспауы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге жазбаша нысанда хабарланады.»;
      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «35. Төлем карточкасын пайдалана отырып валюталық операциялар Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7701 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 154 қаулысында белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана жүзеге асырылады.»;
      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «36. Төлем құжатын орындау үшін беру және көрсету тәртібі 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім), Төлем туралы заңның талаптарына және төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес белгіленеді. Осы Нұсқаулықтың 36-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, эквайерден басқа алушы-банк төлем құжатын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей орындайды.»;
      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «44. Төлем карточкасын ұстаушыға төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырғаннан кейiн сауда чегi немесе төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жүзеге асырылған кезде жасалған төлем құжатының (слиптiң) данасы берiледі.
      Мұндай талап төлемді сауда чегі төлем карточкасын ұстаушының талап етуі бойынша берілетін байланыссыз төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыруға қолданылмайды.
      Сауда чегі төлем карточкасын ұстаушыға қағаз тасымалдағышта не, сауда чегін қағаз тасымалдағышта беру мүмкіндігі болмаған кезде, оны қысқа мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарламалар арқылы карточканы ұстаушы көрсеткен электрондық почта мекенжайына және/немесе ұялы байланыс қондырғысына жіберу жолымен электрондық тәсілмен берілуі тиіс.»;
      52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «52. Банк шотынан ақшаның қате алынғаны немесе банк шотына қате есептелгені анықталған жағдайда немесе санкцияланбаған төлем жасалған жағдайда, сондай-ақ төлем карточкасын жоғалтқан жағдайда клиент бұл туралы эмитентке тез арада хабарлайды.
      Эмитент клиенттің санкцияланбаған төлем жасағаны туралы хабарламасын алғаннан кейін хабарламаны алғаннан кейін жүзеге асырылған операциялардың орындалуын эмитент пен клиент арасындағы шартта көзделген мерзімдерде тоқтата тұрады және клиенттен алынған хабарламаның негізінде төлем карточкасының пайдаланылуын тоқтатады, сондай-ақ эмитент пен клиент арасында жасалған шартта көзделген тәртіпте төлемнің санкциялығын/санкциясыздығын анықтау жөнінде шаралар жүргізеді.»;
      59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «59. Егер төлем жасау кезiнде төлем карточкасы оқшауланбаса, оның қолданылу мерзiмi өтпесе және төлем карточкасы төлемді жүзеге асыру үшiн төлем жүзеге асырылған төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес пайдаланылса, төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем санкцияланған болып табылады. Төлемнiң санкциялығына қойылатын талаптарды бұза отырып жүзеге асырылған төлем санкцияланбаған болып табылады. Жалған төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдер де санкцияланбаған төлемдер болып табылады.»;
      64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «64. Эмитент төлем карточкасын мынадай жағдайларда:
      1) төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкциясыз пайдаланылғандығы туралы хабарлама алғанда;
      2) төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген өз мiндеттемелерiн орындамағанда;
      3) төлем карточкасын пайдалану қағидаларын бұзғанда;
      4) эмитент пен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген өзге негіздемелер бойынша оқшаулайды.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
       Төрағасы                                  Г. Марченко

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады