Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14299 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 28) тармақшасына, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.02.2024 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы, Қағидалардың 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 69-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2016 жылғы 31 тамыздағы
  № 205 қаулысымен
  бекітілген

Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету
бойынша қызметке қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Төлем карточкаларын шығару тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды айқындайды.

      Төлем карточкаларын шығару тәртібінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда төлем карточкаларын шығару, төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар қамтылады.

      2. Қағидалар осы заңды тұлғаның қызметкерлеріне қызмет көрсетуге арналған заңды тұлғаның төлем карточкалары жүйелеріне қолданылмайды.

      3. Қағидаларда "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) авторизация – эмитенттің төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыруға рұқсат беруі;

      2) алдын ала төленген төлем карточкасы – ұстаушысына бастапқы ұстаушысы алдын ала енгізген және эмитенттің шоғырландырылған шотында есептелетін ақша сомасы шегінде төлемдерді және (немесе) төлем жүйелерін жүзеге асыру және (немесе) қолма-қол ақшаны алу мүмкіндігін беретін төлем карточкасы. Алдын ала төленген төлем карточкаларына микропроцессорлық карточка немесе осындай карточканың немесе арнайы электрондық құралдың ұстаушысына төлемдер және (немесе) ақша аударымдары және өзге операциялар шегінде жүзеге асырылатын қолжетімді ақша сомасы туралы ақпарат сақталатын өзге арнайы электрондық құрал жатпайды;

      3) алдын ала төленген төлем карточкасын толықтыру – эмитентке алдын ала төленген төлем карточкасын шығарумен байланысты емес ақша сомасын енгізу, оның шегінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру және (немесе) қолма-қол ақшаны алу үшін бұрын шығарылған (қолданыстағы) алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалану көзделеді;

      4) байланыссыз төлем карточкасы – ұстаушысына операцияны жүргізу кезінде төлем карточкасының және электрондық терминалдардың немесе өзге қондырғылардың нақты жанасуын талап етпейтін, сымсыз байланыс технологиясын пайдалану негізінде төлемдерді байланыссыз тәсілмен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;

      5) банкомат – төлем карточкаларын ұстаушыға қолма-қол ақшаны алуға және төлем карточкасын пайдалана отырып эмитенттің басқа да қызметтерін пайдалануға мүмкіндік беретін электронды-механикалық құрылғы;

      6) дебеттік карточка – ұстаушысына клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;

      7) дербес сәйкестендіру нөмірі – төлем карточкасына берілетін және төлем карточкасын ұстаушыны сәйкестендіруге арналған құпия код;

      8) корпоративтік төлем карточкасы – заңды тұлғаның уәкілетті өкіліне эмитент пен заңды тұлға-банк шоты иесінің арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарт негізінде берілетін төлем карточкасы;

      9) кредиттік карточка – эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен эмитент берген банктік қарыз сомасы шегінде ұстаушысына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;

      10) процессинг – төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын және басқа да операцияларды жүзеге асырған кезде қалыптасатын ақпаратты жинауға, өңдеуге және беруге байланысты қызмет;

      11) процессинг ұйымы – процессингті, сондай-ақ төлем карточкалары жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын төлем карточкалары жүйесіне қатысушы;

      12) сауда чегі – төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру фактісін растайтын құжат;

      13) слип – өзі жеткізетін тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) ақы төлеу бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру үшін төлем карточкаларын қабылдайтын дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (бұдан әрі – кәсіпкер) немесе эквайердің төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру кезінде қағаз тасымалдағышта жасалатын төлем құжаты;

      14) төлемдік емес қосымшалар – төлемдерді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырумен, қолма-қол ақша берумен және төлем карточкасы арқылы орналастырылатын (іске асырылатын) банктік қызметтің өзге түрлерін көрсетумен байланысты емес қосалқы қосымшалар (функциялар);

      15) төлем карточкалары жүйесіне қатысушы – жасалған шарттарға сәйкес белгілі бір төлем карточкалары жүйесінің төлем карточкасын пайдалана отырып, төлемдерді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру кезінде жасалған төлем құжатын беруді, өңдеуді және (немесе) орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      16) төлем карточкасын беру – эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын және оған берілетін жеке сәйкестендіру нөмірін беру процесі және (немесе) эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға оның деректемелері туралы ақпаратты беруі;

      17) төлем карточкаларының жүйесі – төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;

      18) төлем карточкасын беру туралы шарт – төлем карточкасы беруге негіз болатын эмитент пен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалатын шарт;

      19) төлем карточкасын бұғаттау – төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға толық немесе ішінара тыйым салу;

      20) төлем карточкасын пайдалану – төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасы не оның деректемелері арқылы төлемдерді, ақша аударымдарын жасаумен, қолма-қол ақшаны алумен, валюталарды айырбастаумен байланысты операцияларды және (немесе) төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның талаптарымен басқа операцияларды жүзеге асыруы;

      21) төлем карточкасын ұстаушы – төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдаланатын жеке тұлға немесе егер төлем карточкасы алдын-ала төленген болса, оны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыратын жеке тұлға. Банк шотының иесі-заңды тұлғаның уәкілетті өкілі корпоративтік төлем карточкасының ұстаушысы болып табылады;

      22) төлем карточкасының деректемелері – төлем карточкасының оның ұстаушысына және (немесе) эмитентіне және төлем карточкаларының жүйесіне тиесілі болуын белгілеуге мүмкіндік беретін төлем карточкасындағы және (немесе) эмитенттің ақпараттық жүйесінде сақталатын нөмірін, қолданылу мерзімін, төлем карточкалары жүйесінің атауын қамтитын ақпарат;

      23) эквайер – төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді және (немесе) ақша аударамын жүзеге асырған кезде кәсіпкермен жасалған шарт талаптарына және (немесе) кәсіпкерде жасалған төлем құжатының талаптарына сәйкес кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны қабылдауға және (немесе) кәсіпкермен жасалған шартта көзделген өзге іс-әрекеттерді орындауға тиісті банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк). Қолма-қол ақшаны беруді және (немесе) осы банктің клиенттері болып табылмайтын төлем карточкаларын ұстаушыларға төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру бойынша өзге қызметтерді жүзеге асыратын банк те эквайер болып табылады;

      24) эмитент – төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асыратын банк, оның ішінде бас банк немесе еншілес банк, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асырған банктің активтері мен міндеттемелерін оған берген жағдайда иеленуші банк;

      25) эмитенттің шоғырландырылған шоты – эмитент ашқан және алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшін арналған ішкі шот.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Төлем карточкаларын шығару тәртібі

1-параграф. Жалпы ережелер

      4. Төлем карточкасы төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде шығарылады.

      4-1. Эмитент қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында төлем карточкасын бергенге дейін шетелдікті және азаматтығы жоқ адамды тиісті түрде тексереді, олар ұсынатын құжаттарға қойылатын талаптарды белгілейді, төлем карточкаларын шығару және пайдалану шарттарын айқындайды.

      Ескерту. Қағидалар 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.02.2024 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Төлем карточкасы дебеттік карточка және кредиттік карточка деп бөлінеді.

      6. Эмитент төлем карточкасын бергенге дейін төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаттарымен таныстырады.

      7. Жеке тұлға төлем карточкасын немесе оның деректемелері туралы ақпаратты алған күннен бастап төлем карточкасының ұстаушысы болып табылады. Ұстаушының төлем карточкасын алу фактісін растайтын, банк айқындайтын еркін нысанда жасалған құжаттағы төлем карточкасын ұстаушының қолы ұстаушының төлем карточкасын алғанын растау немесе банк - эмитенттің ішкі құжаттарында және төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленген қауіпсіздік рәсімдерін қолдана отырып, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда көзделген сәйкестендіру құралдарын пайдалану болып табылады.

      Эмитентің төлем карточкасының ұстаушысына оның деректемелері туралы ақпаратты шартта көзделген тәсілмен беру арқылы төлем карточкасы электрондық түрде шығарылған жағдайда төлем карточкасының алынғанын растау қажет етілмейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 221 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Төлем карточкасын беру туралы эмитент пен клиент арасында жасалған шарт негiзiнде жеке тұлғаларға бiрнеше қосымша төлем карточкаларын беруге болады.

      9. Төлем карточкасын беру туралы шартта мына талаптар:

      1) төлем карточкасын беру талаптары, оның ішінде эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға немесе оның уәкілетті адамына төлем карточкасын және дербес сәйкестендіру нөмірін беруі қамтылады. Жеке сәйкестендіру нөмірін беру жөніндегі талап шығарылуы эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға оның деректемелері туралы ақпаратты ұсынуы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылатын төлем карточкасына қолданылмайды;

      2) төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру талаптары;

      3) Қағидалардың 44-тармағын ескере отырып, банк шотының валютасынан өзге валютадағы төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде қолданылатын шетел валюталарын айырбастау бағамын белгілеу тәртібі;

      4) төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары және өзге де операциялар туралы үзінді-көшірмені ұсыну тәртібі;

      5) қосымша төлем карточкалары берілетін адамдардың тізімі немесе адамдар тізіміне сілтеме (төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде әртүрлі ұстаушыларға бірнеше төлем карточкасын берген кезде);

      6) төлем карточкасын алу, бұғаттау және қайта шығару тәртібі мен талаптары;

      7) төлем карточкасының және (немесе) төлем карточкасын беру туралы шарттың қолданылу мерзімі;

      8) төлем карточкасын ұстаушының эмитентке төлем карточкасын жоғалуы, ұрлануы немесе рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабарлау тәртібі мен мерзімдері;

      9) төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы хабарлау тәртібі;

      10) төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілген операциялар жөнінде хабарлау тәртібі, төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілген операциялар туралы хабарланғаны үшін комиссияларды алу мөлшері мен тәртібі;

      11) төлем карточкасын беру туралы шартты бұзу тәртібі қамтылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Эмитент төлем карточкасын беру туралы шартты оның мазмұнын оқуды және оның үлгісін төлем карточкасын ұстаушы үшін эмитенттің қолжетімді орнында және (немесе) эмитенттің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз ететін нысанда баяндауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ оның талабы бойынша төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген тәртіпте қағаз және (немесе) электрондық нысанда ұсынады.

      11. Эмитент клиентке төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген тәсілмен, оның ішінде ақпаратты эмитенттің интернет-ресурсында орналастыру және клиент көрсеткен электрондық поштаның мекенжайына, ұялы байланыс құрылғысына қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарлар жіберу арқылы хабарлайды, төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар және қызмет көрсету комиссиясының мөлшері туралы төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес олар күшіне енгізілген күнге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын кешіктірмей хабарлайды.

      12. Эмитент хабарламада клиенттің төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қолданылатын күнге дейін төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес шартты бұзғаны үшін қосымша комиссияны төлеусіз оны бұзу мүмкіндігі туралы көрсетеді.

      13. Ұстаушыға төлем карточкасын беру кезінде аралас шартты жасауға рұқсат беріледі, онда төлем карточкасын беру туралы шарттың, банк шоты шартының және (немесе) банк қарызы шартының элементтері болады.

      14. Дебеттік карточканы ұстаушыға эмитент берген сома шегінде банк қарызын беруге рұқсат беріледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14-1. Кәмелетке толмаған балаға төлем карточкасын беру кезінде эмитент кәмелетке толмаған баланың заңды өкілінен эмитент айқындаған нысан мен тәсілдер бойынша төлем карточкасы бойынша қолжетімді операциялар түрлері, операциялардың ең жоғары сомасы, төлем карточкасын үшінші тұлғалардың толықтыру мүмкіндігі туралы ақпарат пен рұқсаттарды, эмитент айқындаған өзге де ақпаратты және (немесе) рұқсаттарды алады.

      Кәмелетке толмаған баланың төлем карточкасы заңды өкіл және (немесе) эмитент белгілеген талаптар мен шектеулер шегінде пайдалану үшін оған қолжетімді.

      Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі оған шығарылған төлем карточкасына шектеулер белгілеуден бас тартқан кезде эмитент бұл бас тартуды айқындаған тәртіппен тіркейді.

      Ескерту. Қағидалар 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.02.2024 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14-2. Қағидалардың 14-1-тармағының талаптары он төрт жасқа толған, кәмелетке толмаған балаға жалақыны, стипендияны, салымдарды және өзге де кірісті алу үшін шығарылған төлем карточкаларына, сондай-ақ кәмелетке толмаған бала толық көлемде әрекетке қабілеттілікті алған кезде қолданылмайды.

      Ескерту. Қағидалар 14-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.02.2024 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Клиентке банк қарызын беру эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.

      16. Әртүрлі жеке тұлғаларға қосымша төлем карточкаларын берген кезде қосымша төлем карточкасын ұстаушы мен клиент арасындағы өзара қарым-қатынастар егер өзгешесі төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленбесе, клиент белгілейді.

      17. Эмитент клиентке оның төлем карточкасының қолданылу мерзімінің аяқталғаны жөнінде ол аяқталған күнге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленген тәсілмен хабарлайды.

      18. Эмитент шығарған төлем карточкасына басқа адамдар өздері арасында жасалған шарттарға сәйкес іске асыратын белгілі бір қызмет түрлерін көрсету және есепке алу үшін пайдаланылатын төлемдік емес қосымшаларды енгізуге болады.

      19. Эмитент шығарған алдын ала төленген төлем карточкасының ең көп сомасы 200 000 (екі жүз мың) теңгеден немесе алдын ала төленген төлем карточкасын шығару күніндегі оның шетел валютасындағы баламасынан аспайды. Алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар осы тармақта белгіленген сома шегінде жүзеге асырылады.

      20. Алдан ала төленген төлем карточкасында оның ұстаушысын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелердің болмауына рұқсат беріледі.

      Эмитент алдан ала төленген төлем карточкалары ұстаушыларының ақшасын есепке алу үшін эмитенттің шоғырландырылған шотын ашады.

      21. Эмитент шығарған белгіленген сомасы бар алдын ала төленген төлем карточкасының ең көп сомасы 200 000 (екі жүз мың) теңге сомасынан аспайды, оны алдын ала төленген төлем карточкасында көрсетуге болады.

      Белгіленген сомасы бар алдын ала төленген төлем карточкасы толықтырылуға жатпайды.

      22. Электрондық түрде шығарылатын алдын ала төленген төлем карточкасы төлем карточкасының деректемелерінен тұрады және қосымша толықтыруға, қолма-қол ақшаны алу үшін пайдалануға жатпайды. Клиент банкке алдын ала төленген төлем карточкасын шығару кезінде алдын ала енгізген ақша сомасы шегінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін осындай алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалануға рұқсат беріледі.

      23. Эмитент төлем карточкаларының ұстаушыларына төлем карточкаларының нөмірлері мен өзге де деректемелері бар өзі берген төлем карточкаларының тізбесін жүргізеді.

      24. Эмитент белгілі бір төлем карточкалары жүйесінің төлем карточкаларын немесе жаңа үлгідегі төлем карточкаларын шығаруды бастау немесе аяқтау күнінен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін жазбаша түрде хабардар етеді. Хабарда мыналар:

      1) төлем карточкаларын шығаруды бастау немесе аяқтау күні;

      2) төлем карточкалары жүйесінің атауы;

      3) төлем карточкасының түрі (магниттік жолақпен, интегралды микросызбамен, аралас немесе басқа) көрсетіледі.

2-параграф. Алдын ала төленген төлем карточкаларын сату (тарату)

      25. Алдын ала төленген төлем карточкаларын жеке тұлғаға сатуды (таратуды) эмитентпен жасалған шарттың негізінде төлем агенті жүзеге асырады.

      26. Төлем агенті эмитент пен төлем агенті арасындағы шартқа сәйкес шығарылған алдын ала төленген төлем карточкасының сомасына тең ақша сомасын алғаннан кейін алдын ала төленген төлем карточкаларын жеке тұлғаға сатуды (таратуды) жүзеге асырады.

      Төлем агентіне ол эмитенттен алдын ала сатып алған (бұрын эмитент шығарған) алдын ала төленген төлем карточкасын сатуға (таратуға) жол беріледі.

      27. Төлем агенті берген ақша сомасын жеке тұлғаның енгізуін растайтын ерікті нысандағы құжат жеке тұлғаның төлем агентінен алдын ала төленген төлем карточкасын сатып алғанының растамасы болады.

      Эмитент төлем агентінің алдын ала төленген төлем карточкасын ұстаушыға жеке тұлғаның эмитент пен төлем агенті арасындағы шартта көзделген тәртіппен төлем агентінен сатып алуы кезінде ақша сомасын енгізгенін растайтын құжатты беруін қамтамасыз етеді.

      28. Эмитент пен төлем агенті арасында жасалатын шарт:

      1) төлем агентінің алдын ала төленген төлем карточкаларын сату (тарату) тәртібі мен талаптарынан;

      2) алдын ала төленген төлем карточкаларын сату (тарату) кезінде ақпаратпен алмасу режімі мен тәртібінен;

      3) сатылған (таратылған) алдын ала төленген төлем карточкалары жөніндегі ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету талаптарынан;

      4) төлем агенті жеке тұлғадан төлем агентінің банк шотына қабылдаған қолма-қол ақша сомасын есептеу тәртібі мен талаптарынан;

      5) эмитент пен төлем агенті арасындағы дауларды шешу тәртібінен тұрады.

      29. Төлем агенті жеке тұлға алдын ала төленген төлем карточкаларын сатып алғанға дейін эмитент айқындаған алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру талаптары туралы жеке тұлғаға хабарлайды.

3-тарау. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет
көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар

1-параграф. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша
аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын төлем құжаттарын жасауға
қойылатын талаптар

      30. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын төлем құжаты (бұдан әрі – төлем құжаты), төлем карточкалары жүйесінің қатысушылары арасында қағаз тасымалдағышта және (немесе) электрондық түрде жасалады және беріледі.

      Қағаз тасымалдағыштағы төлем құжатының негізінде электрондық түрде жасалған төлем құжатында Қағидалардың 33-тармағында көзделген қағаз тасымалдағышта жасалған құжаттар үшін міндетті болып табылатын деректемелерді қоспағанда, қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжатында көрсетілген деректемелер болады.

      31. Төлем құжаттарын электрондық түрде жасауға және көрсетуге төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген рұқсат берілмеген төлемдерден қорғау іс-әрекеттері тәртібін сақтаған жағдайда, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның талаптарына сәйкес жол беріледі.

      32. Төлем құжаты қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жасалады. Төлем құжатын жасау кезінде өзге тілдерді пайдалану мүмкіндігі төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда айқындалады.

      33. Төлем құжатында мына деректемелер:

      1) төлем құжатының нөмірі, оны жазу күні, айы және жылы;

      2) кәсіпкердің және эквайердің атауы (коды);

      3) төлем карточкасының деректемелері;

      4) төлем сомасы;

      5) төлем валютасы;

      6) төлем карточкасын ұстаушының қолы (қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжаттары үшін);

      7) кәсіпкердің немесе эквайердің уәкілетті адамының қолы (қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжаттары үшін);

      8) төлем мақсатының коды болады.

      Төлем құжатында төлем карточкалары жүйесіне катысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген қосымша деректемелер болуына жол беріледі.

      34. Төлем құжаты:

      1) кәсіпкерде төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған кезде - сатылған тауарлар, орындалған жұмыстар және (немесе) көрсетiлген қызметтер үшiн ақша сомасын төлеу туралы кәсiпкердiң эквайерге берген нұсқауы;

      2) қолма-қол ақшаны алған кезде - төлем карточкасын пайдалана отырып оны ұстаушыға берілген қолма-қол ақша сомасын қайтару туралы эквайердiң эмитентке немесе делдал банкке берген нұсқауы;

      3) эмитентке тиесілі банкоматтар арқылы төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру кезінде - бенефициардың пайдасына ақша аудару туралы төлем карточкасын ұстаушының эмитентке берген нұсқауы.

      Кәсіпкердің пайдасына төлемді жүзеге асырған кезде төлем құжаты эквайер мен кәсіпкер арасындағы шартта белгіленген тәртіпте эквайерге беріледі.

      35. Қағазда шығарылатын төлем құжаты кемiнде үш данада жасалады. Төлем құжатының бiр данасы кәсiпкерде қалады, екiншi данасы төлем карточкасын ұстаушыға берiледi, үшiншiсi эквайерге берiледi. Қолма-қол ақшаны берген кезде эквайерде төлем құжатының екi данасы қалады.

      36. Слиптi үш данада жасаған кезде, оның екеуі көшiрме қағаз арқылы жасалады, слиптiң бiрiншi данасына оның қалған екi данасында көрiнетiндей қол қоюға жол беріледі. Слиптiң барлық үш данасында жеке қол қою талап етiлмейдi. Эквайерге ақша аудару үшiн слиптiң бiрiншi данасы қойылған қолдардың түпнұсқасымен берiледi.

      37. Егер слип төлем карточкасын ұстаушының қатысуынсыз жасалған болса, кәсiпкердiң төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип жасауына жол берiледi. Төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип төлем карточкасын ұстаушының жеке басын анықтауға мүмкiндiк беретiн электрондық құжаттың негiзiнде жасалады.

      38. Қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжатына түзетулер енгізуге жол берілмейді.

2-параграф. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша
аударымдарын жүзеге асыруға қойылатын талаптар

      39. Қағидаларға сәйкес ұстаушы төлем карточкасын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ қолма-қол ақша алу, валюталар айырбастау және оның эмитентi айқындаған талаптармен басқа операциялар үшін қолданады.

      Төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезiнде төлем карточкасын немесе оның деректемелерiн пайдалана отырып төлем құжатын жасау арқылы жүзеге асырылады.

      Банк төлем қызметтерін көрсеткенге дейін қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы клиентке көрсетілетін электрондық банктік қызметтер бойынша алынатын комиссияның ақшалай мөлшері туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінің талабы төлем карточкасын нақты пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаумен байланысты қызметтерге, сондай-ақ ұялы байланыс құралы арқылы қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарлар арқылы төлемдер жіберу бойынша қызметтерге қолданылмайды.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      40. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, алдын ала төленген төлем карточкаларын қоспағанда клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде және (немесе) эмитент ұсынған банктік қарыз сомасы шегінде клиенттің банк шотында көрсетіледі.

      Алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары эмитенттің шоғырландырылған шотында көрсетіледі.

      Эмитент және клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде берілген төлем карточкаларының бір немесе әртүрлі жүйелердің бірнеше төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын бір банк шотында көрсетуге жол беріледі.

      40-1. Эмитент өзі мен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген тәртіппен және тәсілмен үшінші тұлғаның пайдасына төлем карточкасын пайдалана отырып ақша аудару бойынша төлем қызметтерін көрсеткенге дейін оған:

      1) үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттеріне байланысты ықтимал тәуекелдер;

      2) үшінші тұлғалардың, оның ішінде өзін мемлекеттік, құқық қорғау органдарының немесе банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдардың ықпалымен (өтініші бойынша) ақша аударымын жүзеге асыруға байланысты тәуекелдер;

      3) ақша алушының бастамасы (шешімі бойынша) не сот шешімі бойынша операцияның күшін жою және ақшаны қайтару мүмкіндіктері туралы хабарлайды.

      Ескерту. 3-тарау 40-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.10.2023 № 84 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      41. Банк шотының валютасынан ерекшеленетін валютада төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде эмитент төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде жасалған эмитентке төлем құжаты келіп түскен күні мен уақытында эмитенттің қолданыстағы шетел валютасын айырбастау бағамын қолдана отырып клиенттің банк шоты бойынша көрсетуді жүзеге асырады.

      42. Байланыссыз төлем карточкасын пайдалана отырып төлем карточкалары жүйесінің iшкi құжаттарында белгіленген сома шегінде операцияларды дербес сәйкестендіру нөмірін енгізбей-ақ жүзеге асыруға жол беріледі.

      Ескерту. 42-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.04.2020 № 59 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      43. Корпоративтік төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер заңды тұлғаның банк шотындағы ақша сомасы және (немесе) осы заңды тұлғаға берілген банктік қарыз сомасы шегінде жүзеге асырылады.

      43-1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар клиенттердің төлем карточкаларына микрокредиттер беруді жүзеге асыру кезінде қарыз алушының пайдасына микрокредит сомасын аударуды жүзеге асыру үшін шығарылған және соған арналған жеке арнайы корпоративтік төлем карточкасын (бұдан әрі – корпоративтік кредиттеу картасы) пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Эмитент микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым корпоративтік кредиттеу картасын пайдалана отырып, қарыз алушының пайдасына микрокредит сомасын аударуды жүзеге асыру кезінде ақша аударымын тағайындауда (мақсатында) осы қарыз алушыға берілген микрокредит туралы ақпаратты көрсетуді қамтамасыз етеді, эмитент осы эмитент шығарған төлем карточкасын ұстаушы болып табылатын қарыз алушыға берілген микрокредит сомасының оның банктік шотына түскені туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тарау 43-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.10.2023 № 84 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      44. "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгемен жүзеге асырылады.

      Төлем карточкасын пайдалана отырып валюталық операциялар Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18512 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 221 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      45. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резиденті банктiң төлем карточкаларын пайдалана отырып оның қызмет ету желісінде жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша процессингтi осы банк және (немесе) процессинг ұйымы жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резиденті банк шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып басқа Қазақстан Республикасының резиденті банктерге қызмет ету желісінде жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша процессингтi процессинг ұйымы жүзеге асырады.

      46. Процессинг ұйымына эквайермен және кәсіпкерлермен жасалған шарттарға сәйкес төлем карточкаларына қызмет көрсетудің меншікті желілерін құруына жол беріледі.

      47. Төлем карточкасын пайдалана отырып салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді банкоматтар арқылы төлеген кезде жасалған төлем құжатын орындау эмитент оны алған күннен кейінгі операциялық бір күннен кешіктірмей жүргізіледі.

      48. Егер төлем бір валютамен жасалып, ал банк шоты басқа валютада жүргізілетін болса, банк шотынан ақша алу төлем валютасы банктік шот валютасына айырбасталғаннан кейін төлем карточкаларының қатысушылары арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      49. Егер бұл талап эмитент пен клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шартта көзделсе, эмитент авторизация сомасына банк шотындағы ақша сомасын бұғаттайды. Бұл жағдайда төлем карточкасын беру туралы шартта банк шотында ақшаны бұғаттау талаптары мен мерзімдері болады.

      Авторизация алу тәртібі төлем карточкалары жүйесінің қатысушылары арасында жасалған шартпен айқындалады.

      50. Авторизация нәтижелері бойынша эмитент эквайерге төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен эмитент шығарған төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша ақша сомасын қайтарады

      Авторизация төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылмайды.

      51. Төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес, эмитентке клиенттің банк шотынан төлемдерді және ақша аударымдарын төлем карточкасын пайдаланбай жүзеге асыруға нұсқау келіп түскен кезде клиенттің банк шотынан клиенттің нұсқауын орындау авторизация жүргізілген және банк шотында ақша бұғатталған операциялардың сомаларын шегере отырып, банк шотындағы ақша қалдығы шегінде жүзеге асырылады.

      52. Клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салынған, өндіріп алуға өтініш білдірілген және (немесе) клиенттің банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрған кезде авторизация эмитентке олардың негізінде клиенттің банк шотындағы ақшаға өндіріп алу жүзеге асырылатын атқарушылық құжаттар, төлем құжаттары және (немесе) банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдері (өкімдері) келіп түскен күнге және уақытқа дейін жүргізілген төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілген төлем, сондай-ақ олардың негізінде клиенттің банк шотындағы ақшаға өндіріп алу жүзеге асырылатын атқарушылық құжаттар, төлем құжаттары және (немесе) банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдері (өкімдері) клиенттің банк шоты бойынша көрсетіледі.

      53. Авторизация жүргізілгеннен кейін эмитент төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде жасалған төлем құжатының негізінде эквайерге төлем құжатының сомасын төлеуді жүзеге асырады.

      54. Клиент өзінің банк шотында төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған кезінде жасалған төлем құжатын орындау үшін ақша сомасын қамтамасыз етеді. Қажетті ақша сомасын қамтамасыз ету, егер бұл олардың арасында жасалған шартта көзделсе, эмитенттің клиентке берген банктік қарызы есебінен де жүзеге асырылады.

      55. Төлем карточкасын пайдалана отырып шетел валютасын алу шетел валютасын өткізетін банктің бағамы бойынша алынатын шетел валютасы сомасына теңгемен төлем жасау арқылы жүргізіледі.

      56. Төлем карточкасын ұстаушыға төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырғаннан кейін сауда чегі немесе төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жүзеге асырылған кезде жасалған төлем құжатының (слиптің) данасы беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі сауда чегі төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын ұстаушының талап етуі бойынша берілген кезде байланыссыз төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыруға қолданылмайды.

      57. Төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес сауда чегі төлем карточкасын ұстаушыға қағаз тасымалдағышта не, оны қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарлар арқылы төлем карточкасын ұстаушы көрсеткен электрондық почта мекенжайына және (немесе) ұялы байланыс қондырғысына жіберу арқылы электрондық түрде беріледі.

      58. Сауда чегінде мынадай деректемелер:

      1) құжат нөмірі, оны жазған күні, айы, жылы;

      2) кәсіпкердің немесе эквайердің атауы (коды);

      3) төлем сомасы;

      4) төлем валютасы;

      5) төлемді төлем карточкалары жүйесінде сәйкестендіретін авторизация коды немесе басқа код;

      6) төлем жүргізу уақыты;

      7) төлем карточкасының деректемелері қамтылады. Төлем карточкаларының жүйесінің және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес төлем карточкасының деректемелерін толық көрсетпеуге жол беріледі.

      Сауда чегіне кәсіпкер мен эквайер арасындағы шартта көзделген қосымша деректемелерді енгізуге жол беріледі.

      59. Салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді банкоматтар не өзге де электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырған кезде төлем карточкасының ұстаушысына берілетін сауда чегінде Қағидалардың 58-тармағында көзделген деректемелер, сондай-ақ мынадай деректемелер қамтылады:

      1) салық төлеушінің жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      3) бюджеттік жіктеулер кодының сандық мәнін көрсете отырып, салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да төлемнің атауы;

      4) мемлекеттік кіріс органының коды;

      5) төлем мақсатының коды;

      6) комиссиялық сыйақының мөлшері (комиссия алынған жағдайда);

      7) көлік құралына салық төлеген жағдайда көлік құралының сәйкестендіру нөмірі.

      60. Егер төлем карточкасын ұстаушы аталған төлемді Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның талаптарына сәйкес, оның ішінде дербес сәйкестендіру нөмірінің көмегімен рұқсат берген кезде немесе егер өзгеше эквайермен жасалған шартта басқаша көзделмесе, кәсіпкер төлем карточкасын ұстаушының сауда чегіне қол қоюын талап етпейді.

      61. Кәсіпкер мен эквайер арасындағы шартта кәсіпкер өзінің қызметін жүзеге асыратын орындарда клиент төлемдерді төлем карточкасын пайдалана отырып жасаған кезде клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты кәсіпкерге беру талаптары туралы клиентке арналған ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ететін талап қамтылады.

      62. Клиент төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде егер осы талап кәсіпкер мен эквайер арасында жасалған шартта көзделсе, кәсіпкерге оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді.

      63. Эквайер нақты уақыт режімінде өзіне тиесілі банкоматтар желісінің жұмысына мониторинг жүргізеді және оларды жұмыс жағдайында және іске қосылған күйінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.

      64. Нақты уақыт режімінде банкоматтар желісінің жұмысына мониторинг жүргізу мына іс-шараларды қамтиды:

      1) арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдана отырып, банкоматтардың жұмысын бақылау;

      2) банкоматтардың жұмысындағы іркілістерді (техникалық ақауларды) және оларды пайдалану процесінде туындайтын өзге де проблемалық ахуалдарды жедел анықтау;

      3) банкоматтардың жұмысындағы іркілістердің (техникалық ақаулардың) және өзге де проблемалық ахуалдардың (техникалық құралдар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің қосылмауы, байланыс арнасының бұзылуы, қолма-қол ақшаның, шығыс материалдарының (журналдық және чек таспасының) болмауы) себептеріне талдау жасау;

      4) банкоматтардың жұмысындағы іркілістердің (техникалық ақаулардың) және өзге сипаттағы проблемалардың уақтылы жойылуына мониторинг;

      5) банкоматтардағы қолма-қол ақшаның болуына және ақша қалдығына және олардың қолма-қол ақшамен уақтылы толтырылуына мониторинг;

      6) банкоматтардың жұмысындағы іркілістерді (техникалық ақауларды) анықтаған жағдайда эквайер банкоматтардың жұмыс істеу қабілеттілігін қалпына келтіру және банкоматтардың жұмысындағы техникалық ақауларды немесе өзге сипаттағы проблеманы тудырған себептерді жою бойынша шаралар қабылдайды.

      65. Эквайер банкоматтардың жұмысында орын алған іркілістер (техникалық ақаулар) фактілерінің және оларды анықтау және жою күні мен уақытын көрсете отырып, оларды жою әдістерінің (тәсілдерінің) есебін жүргізеді.

      66. Эквайерге тиесілі банкоматтарға мынадай талаптар қойылады:

      1) банкоматтарда дербес сәйкестендіру нөмірін қауіпсіз (жасырын) теруге арналған жабдық орнатылады;

      2) банкоматтарда төлем карточкасын ұстаушының бет-әлпетін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір камера орнатылады. Камера тіркеген бейнелерді эквайер кемінде күнтізбелік алпыс күн сақтайды.

      Эквайер банкоматын пайдалануға байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде төлем карточкасын ұстаушы өтініш жасаған жағдайда, камера тіркеген бейнелерді сақтау мерзімі даулы жағдайлар шешілгенге дейін ұзартылады;

      3) банкоматтың ішкі бағдарламалық қамтамасыз етуі вирусқа қарсы бағдарламамен қорғалады.

      Ескерту. 66-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      67. Төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер бойынша кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны эквайердің есептеу талаптары мен мерзімдері кәсіпкер мен эквайер арасындағы шартта белгіленеді.

      68. Кәсіпкерге Қазақстан Республикасының бейрезиденті эквайердің қызметтерін пайдалануға жол берілмейді.

     

3-параграф. Төлем құжаттарын орындаудан бас тарту және ақша қайтаруды
жүзеге асыру

      69. Төлем карточкалары жүйесінің қатысушысы мынадай жағдайларда:

      1) төлем құжаты Қағидаларда белгіленген талаптарды және (немесе) төлем құжаттарын жасау және ұсыну тәртібіне арналған шарттардың талаптарын бұза отырып жасалса;

      2) төлем құжатының жалған құжат белгісі болса;

      3) төлем заңсыз болса;

      4) төлем заңды бола тұрып, бірақ төлем құжаты эмитентке төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген талаптар бұзыла отырып берілсе, төлем құжатын орындауға қабылдамайды.

      70. Эмитент немесе эквайер төлем құжатын алған күннен бастап операциялық бір күннен кешiктiрмей төлем құжатын орындаудан бас тартады.

      71. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын пайдалана отырып сатып алынған тауарлардан, жұмыстардан немесе қызметтерден бас тартқан жағдайда, кәсіпкер төлем карточкасын ұстаушыға ақшаны төлем карточкасын ұстаушының пайдасына қолма-қол төлемді жүзеге асыру арқылы төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда көзделген тәртіппен қайтарады.

      72. Егер төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда кәсіпкердің ақшаны төлем карточкасын ұстаушыға қолма-қол төлем жасамай қайтару мүмкіндігі көзделмесе, ақшаны қайтару қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жүргізіледі.

      73. Банк шотынан ақшаның қате алынғаны, өз банк шотына ақшаның есептелгені анықталған жағдайда және (немесе) рұқсат берілмеген төлем жасалған, сондай-ақ төлем карточкасын жоғалтқан кезде клиент бұл туралы эмитентке төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген тәртіппен хабарлайды.

      74. Эмитент клиенттің банк шотынан ақша қате алынған немесе клиент төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асырмаған банк шотына ақша қате есептелген және ақшаның қате алынғанын немесе қате есептелгенін анықтағаннан кейін эмитентке аталған факт туралы хабарлаған кезде, ақша қате алынған немесе есептелген сәтке дейінгі жағдай бойынша клиенттің банк шотындағы ақша қалдығын жиырма төрт сағат ішінде қалпына келтіреді.

      75. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге ақша аударылған кезде төлем құжатын орындауға ұсыну мерзімі төлем жүзеге асырылған төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленеді.

4-параграф. Төлем карточкасын пайдалана отырып рұқсат етілген және рұқсат
етілмеген төлемдер

      76. Егер төлем жасаған кезде эмитент төлем карточкасын бұғаттамаса оның қолданылу мерзімі өтпесе және төлем карточкасы төлемді жүзеге асыру үшін төлем жүзеге асырылған төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес пайдаланылса, төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем рұқсат етілген болып табылады.

      77. Төлем байланыссыз төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған кезде эмитент эмитент пен байланыссыз төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген, рұқсат етілмеген төлемдерден сақтайтын қауіпсіздік рәсімдерін сақтауды қамтамасыз етеді.

      78. Клиентке эмитенттің төлем жасағаны үшін комиссияны қоса алғанда рұқсат етілмеген төлем сомасынан аспайтын рұқсат етілмеген төлемді өтеуіне жол берілмейді.

      79. Эмитент төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша тиісті бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен не эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген өзге де тәсілмен төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған рұқсат етілген операцияларды анықтау бойынша мониторингті жүзеге асырады.

      Эмитент пен процессинг ұйымы арасындағы шарттың негізінде процессинг ұйымының эмитентіне төлем карточкаларын пайдалана отырып рұқсат етілген операцияларды анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыруды беруге жол беріледі.

5-параграф. Төлем карточкаларын бұғаттау және алып қою

      80. Эмитент төлем карточкасын мынадай:

      1) төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғандығы туралы хабарлама алған;

      2) төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамаған;

      3) төлем карточкасын пайдаланудың эмитент пен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген ішкі құжаттарын сақтамаған жағдайларда бұғаттайды.

      81. Төлем карточкасын ұстаушының эмитентке төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғаны туралы хабарлау тәртібі мен мерзімдері төлем карточкасын беру туралы шартта айқындалады.

      82. Егер төлем карточкасын беру туралы шартта төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғаны туралы хабарламаның күшіне ену мерзімдері айқындалмаса, мұндай хабарлама оны эмитент немесе осындай хабарламаны қабылдайтын төлем карточкалары жүйесінің өзге қатысушысы алған күннен бастап күшіне енеді.

      83. Эмитент мынадай жағдайларда:

      1) төлем карточкасының қолданылу мерзімі аяқталғанда;

      2) төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын беру туралы шартты орындамағанда;

      3) төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын пайдаланудан бас тартқанда;

      4) төлем карточкасын беру туралы шартты бұзғанда төлем карточкасын ұстаушыдан алып қоюына жол беріледі.

6-параграф. Клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірмелер жасау және ұсыну

      84. Төлемдерді төлем карточкасын пайдалана отырып клиенттің банк шоты бойынша жүзеге асыруды растайтын құжат сауда чегі немесе ұсыну тәртібі төлем карточкасын беру туралы шартта айқындалатын клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірме болып табылады.

      85. Эмитент клиенттің талап етуі бойынша клиент көрсеткен уақыт кезеңі үшін төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты қамтитын клиенттің банктік шоты бойынша үзінді-көшірмені оған береді. Үзінді-көшірме төлем карточкаларын беру туралы шартқа сәйкес қағаз тасымалдағышта немесе электрондық тәсілмен ұсынылады және онда мынадай ақпарат:

      1) төлем карточкасының нөмірі қамтылады. Төлем карточкалары жүйелерінің және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес төлем карточкасының нөмірін толық көрсетпеуге жол беріледі;

      2) есепті кезеңнің бастапқы және соңғы күні;

      3) әрбір төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыру сомасы мен күні;

      4) төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жасағаны үшін клиенттен ұсталған комиссиялардың мөлшері қамтылады.

      Клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірмеге эмитент пен клиент арасындағы шартта көзделген қосымша ақпаратты қосуға жол беріледі.

      86. Эмитент клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірмені төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес кемінде айына бір рет өтеусіз береді.

      87. Эмитент клиентке беретін клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірмеде төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес эмитентті сәйкестендіретін деректемелер болады.


  Қазақстан Республикасының
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2016 жылғы 31 тамыздағы
  № 205 қаулысына
  қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық
элементтерінің тізбесі

      1. "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 1260 тiркелген, 2000 жылғы 23 ақпан – 5 қараша аралығында Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысында № 22 (193) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 қыркүйектегі № 328 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 1667 тiркелген, 2001 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде № 36-37 жарияланған).

      3. "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 2 қыркүйектегі № 361 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 1984 тiркелген, 2002 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде № 43-44 жарияланған).

      4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының төлем карточкаларын пайдалану мәселелері жөніндегі кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 370 қаулысының (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 2582 тiркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 1-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1260 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 2158 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы" 2002 жылғы 23 желтоқсандағы № 510 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 371 қаулысының (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 2581 тiркелген, 2003 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 318 (23617) жарияланған) 1-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы № 91 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 3852 тiркелген).

      7. "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы № 138 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 3950 тiркелген).

      8. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 28 мамырдағы № 58 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 4788 тiркелген, 2007 жыл 27 шілдеде "Заң газеті" газетінде № 114 (1143), 2007 жылы Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған).

      9. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 24 тамыздағы № 85 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 5806 тiркелген, 2009 жылғы 30 қазанда "Заң газеті" газетінде № 165 (1589) жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаулылары тізбесінің 6-тармағы.

      10. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлерінің мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 1 шілдедегі № 65 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 7122 тiркелген, 2011 жылғы 15 қыркүйекте "Заң газеті" газетінде № 133 (1949) жарияланған) 1-қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      11. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 205 қаулысының (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 7408 тiркелген, 2012 жылғы 28 сәуірде "Егемен Қазақстан" газетінде № 195-200 (27274) жарияланған) 1-тармағы.

      12. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 108 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 7625 тiркелген, 2012 жылғы 23 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 540-545 (27618) жарияланған) 1-қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерінің 5-тармағы.

      13. "Кейбір нормативтік құқықтық актілерге ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 117 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 8513 тiркелген, 2013 жылғы 23 шілдеде "Заң газеті" газетінде № 107 (2308) жарияланған) қосымша болып табылатын Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер тізбесінің 4-тармағы.

      14. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 232 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 8802 тiркелген, 2013 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 263 (28202) жарияланған).

      15. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 27 тамыздағы № 168 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 9796 тiркелген, 2014 жылғы 12 қарашада "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      16. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 28 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 10715 тiркелген, 2015 жылғы 6 мамырда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      17. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 8 мамырдағы № 72 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 11163 тiркелген, 2015 жылғы 2 маусымда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      18. "Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 33 қаулысы (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 13229 тiркелген, 2016 жылғы 4 сәуірде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады