Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2013 жылғы 30 қыркүйектегі № 5С-20/4 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 24 қазанда № 3853 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2015 жылғы 21 тамыздағы № 5С-40/2 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 21.08.2015 № 5С-40/2 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) шешімімен.

      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына сәйкес, Бұланды аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Кезектен тыс 20-сессияның
      төрағасы                                   Е.Ахметов

      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы                                    Ш.Кұсайынов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Бұланды ауданының әкімі                    М.Балпан

Бұланды аудандық  
мәслихатының 2013 жылғы
30 қыркүйектегі  
№ 5С-20/4 шешімімен
бекітілген    

Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Бұланды ауданының әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Ақмола облысының статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбiр мүшесiне келетін үлесi;
      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      7) уәкілетті орган – «Бұланды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
      8) уәкілетті ұйым – «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалының Бұланды аудандық бөлімшесі;
      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Бұланды ауданының ауыл, селолық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      10) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      3. Осы Қағидалар Бұланды ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға таралады.
      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      5. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      6. Әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе тиісті банктік операциялар жасауға лицензиялары бар ұйымдар ақшалай түрде, алушының есеп шоттарына аудару арқылы ұсынылады.
      7. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын) көрсетіледі.
      8. Әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы және мереке күндерінің тізбесі:
      1) 9 мамыр - Жеңіс күні;
      2) 1 қазан - Қарттар күні;
      3) қазанның екінші жексенбісі - Қазақстан Республикасының мүгедектер күні.

2. Санаттар тізбесі және әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері

      9. Әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына беріледі:
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;
      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген басқа тұлғалардың санаттарына;
      ең төмен зейнетақыны алатын және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын зейнеткерлерге;
      барлық санаттағы мүгедектер;
      онкологиялық ауруларға;
      туберкулез ауруларына;
      табиғи апат немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға);
      аз қамтылған азаматтарға (отбасыларға), көп балалы отбасыларға;
      18-жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға;
      аз қамтылған және көп балалы отбасылардың студенттеріне.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен қарастырылған негіздер;
      2) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгіленбейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың бар болуы;
      3) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан, азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру немесе әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 18.03.2014 № 5С-25/6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      10. Әлеуметтік көмек көрсетіледі:
      1) 9 мамыр - Жеңіс Күніне:
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;
      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген басқа тұлғалардың санаттарына;
      2) Қарттар күніне:
      ең төмен зейнетақыны алатын және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын зейнеткерлерге;
      3) барлық санаттағы мүгедектер.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 18.03.2014 № 5С-25/6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      11. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдай туындаған кезде жылына бір рет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
      1) азаматтарға (отбасына) қиын тіршілік жағдайы туындаған кезде, азаматтың (отбасының) кірісіне байланыссыз:
      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған онкологиялық ауруларға;
      «Бұланды ауданының орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының тізімі негізінде туберкулез ауруларымен ауыратын адамдарға ем алу ақысы;
      2) азаматқа (отбасына) табиғи зілзала немесе өрт салдары келген жағдайда ең төмен күн көріс деңгейін есептемеген жағдайда оқиға болғаннан кейін үш айдан кешіктірмей берген өтініштері бойынша азаматтарға (отбасыларға);
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 18.03.2014 № 5С-25/6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      12. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне ай сайын облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен жүз пайыз мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі:
      сумен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз ету, канализация, қоқыстарды жою үшін қызмет көрсетушілері берген тізілімдеріне сай алушының шоттарына;
      байланыс қызметтері (абоненттік төлемақы), газбен қамтамасыз ету үшін алушылардың жеке шоттарына;
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жылу беру маусымы кезеңінде қатты отын шығындары алушылардың жеке шоттарына аудару арқылы немесе сатып алынған қатты отынның түбіртегіне сәйкес өтеледі.
      Жеңілдік Ұлы Отан соғысына қатысушысы қолданған кезеңге дейін, бірге тұратын және тіркелген барлық отбасы мүшелеріне де әлеуметтік көмек көрсетіледі.
      13. Ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде ақы төлеу негізінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге оқуын төлеуге арналған біржолғы көмек білім беру мекемесімен жасасқан келісім шарттың нотариалды куәландырылған көшірмесі, оқу орнынан берілген анықтаманың және көп балалы отбасы санатын растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататынын растайтын анықтама негізінде жылына бір рет облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен жылдық құнының жүз пайыздық мөлшерінде.
      14. Келесі санаттар азаматтарға бір жыл ішінде өмірдің қиын жағдайы туындаған кезде әлеуметтік көмек азаматтың (отбасының) ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі жан басына шаққандағы орташа табысын есепке ала отырып:
      1) көп балалы отбасылар;
      2) аз қамтылған азаматтар (отбасылар);
      3) 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеуші тұлғаларға.
      15. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия анықтайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді. Әлеуметтік көмек мөлшерінің шекті мөлшері 70 айлық есептік көрсеткішке тең (Қағидаларының 12 және  13 тармақтарының шекті көлемі таратылмауы тиіс).

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      16. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Бұланды ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      17. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Үлгілік қағидалардың 1 қосымшасына сәйкес отбасының құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      18. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      19. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      20. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларының 23-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      21. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      22. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      23. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      24. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      25. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидаларының 21 және 22 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      26. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда-негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      27. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      28. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      29. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Бұланды ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      30. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) Бұланды ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      31. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтарылуға жатады.

5. Қорытынды ереже

      32. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган «Е-собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады