Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 2013 жылғы 12 қыркүйектегі № 142/20-5 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 3 қазанда № 3824 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 2017 жылғы 23 қазандағы № 146/20-6 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 23.10.2017 № 146/20-6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабы 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына сәйкес, Целиноград аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Целиноград аудандық
мәслихаты сессиясының

төрайымы
Г.Саптаякова
      Целиноград аудандық
мәслихатының хатшысы
Р.Түлкібаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Целиноград ауданының
әкімі
Б.Мәуленов

  Целиноград аудандық мәслихатының
2013 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 142/20-5 шешімімен
бекітілген

Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың
жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың
қағидалары

      1. Осы Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабы 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Целиноград ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Ақмола облысының статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Целиноград ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша филиалы – "Әлеуметтік төлемдері ведомствоаралық есептеу орталығы" департаменті Целиноград аудандық бөлімшесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Целиноград ауданының ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 17.05.2016 № 29/3-6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 17.08.2016 № 53/6-6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      3. Осы қағидалар Целиноград ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға таралады.

      4. Осы қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне көрсететін көмек түсініледі.

      5. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20 бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16 бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе сәйкес келетін банктік операциялар жасауға лицензиялары бар ұйымдармен ақшалай түрде, алушының есеп шоттарына аудару арқылы ұсынылады.

      7. Әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы күндері және мереке күндерінің тізбесі:

      1) Жеңіс күні – 9 мамыр;

      2) Қарт адамдар күні – 1 қазан;

      3) Мүгедектер күні – қазанның екінші жексенбісі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 06.12.2013 № 169/23-5 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2. Санаттар тізбесі және әлеуметтік
көмектің шекті мөлшерлері

      8. Әлеуметтік көмек алушылардың келесі санаттарына беріледі:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға;

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген басқа тұлғалардың санаттарына;

      ең төмен зейнетақыны алатын және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын зейнеткерлерге;

      1, 2, 3-топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

      анықталған жағдайларға байланысты, жедел әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға (азаматтарға) өрт, басқа да табиғи және техногендік сипаттағы айрықша жағдайларда;

      әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын тұлғаларға (туберкулезбен, онкологиялық аурулармен);

      ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде және жоғары медициналық оқу орындарында ақы төлеу негізінде күндізгі оқу формасы бойынша оқитын студенттеріне.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан, азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру немесе әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың бар болуы.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 06.12.2013 № 169/23-5 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.09.2015 № 325/46-5 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      9. Әлеуметтік көмек келесілерге көрсетіледі:

      1) 9 мамыр - Жеңіс Күніне:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға;

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғалардың басқа да санаттарына;

      2) Қарт адамдар күніне:

      ең төмен зейнетақыны және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын зейнеткерлерге;

      2-1) Мүгедектер күніне:

      1, 2, 3-топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

      3) анықталған жағдайларға байланысты, жедел әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға (азаматтарға) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен үш айдан кешіктірмей өтініш берілгенде, кірісіне қарамастан, жылына бір рет:

      онкологиялық стационар жағдайда арнайы ем қабылдаудағы онкологиялық аурулармен ауыратындарға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      туберкулезбен ауыратындарға амбулаторлық емделу мерзіміне он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      анықталған жағдайларға байланысты, жедел әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға (азаматтарға) өрт, басқа да табиғи және техногендік сипаттағы айрықша жағдайларда отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде ақы төлеу негізінде күндізгі оқу формасы бойынша оқитын студенттеріне оқуын төлеуге арналған біржолғы көмек білім беру мекемесімен жасасқан келісім шарттың нотариалды куәландырылған көшірмесі, оқу орнынан берілген анықтаманың және көп балалы отбасы санатын растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататынын растайтын анықтама негізінде жылына бір рет облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен оқу құнының жүз пайыздық мөлшерінде;

      4-1) ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жоғары медициналық оқу орындарында ақы төлеу негізінде күндізгі оқу формасы бойынша оқитын студенттеріне оқуын төлеуге арналған біржолғы көмек уәкілетті орган, жоғары медициналық оқу орны және алушының арасында жасалған үш жақты келісім шарттың, оқу орнынан берілген анықтаманың және көп балалы отбасы мәртебесін растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататынын растайтын анықтама, учаскелік комиссия қорытындысы негізінде жылына бір рет жылдық оқу құнының мөлшерінде;

      5) коммуналдық қызмет шығындары үшін өтініш берусіз уәкілетті ұйыммен ұсынылған тізімдерінің негізінде:

      екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашисттер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына, ай сайын, бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, ай сайын, облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен жүз пайыз мөлшерінде:

      сумен, канализация, жылумен, қоқыстарды жою, электр қуатымен қамтамасыз ету қызметтерін көрсеткендері үшін қызмет көрсетушілері берген тізілімдеріне сай алушының өтініші бойынша қызмет көрсетушілердің шоттарына;

      байланыс қызметтері (абоненттік төлемақы), газбен қамтамасыз ету алушылардың жеке шоттарына.

      Әлеуметтік көмекті алушының қалауы бойынша қатты отынға жұмсалған шығындар жылу беру мерзімінде Ұлы Отан соғысы қатысушының немесе мүгедектің нақты тұрып жатқан жері бойынша тұрғын үйдің алып жатқан алаңына сай 1 шаршы метр алаңын жылытуға қажетті көмірдің шығынын есептегенде тұрғын үй ғимараттарының 1-2 қабатты құрылыстары үшін 49,75 килограмм мөлшерінде алушылардың жеке шотына немесе қатты отынды сатып алғаны жөнінде ұсынылған түбіртектеріне сай өтеледі.

      Әлеуметтік көмек онымен бірге тұратын және тіркелген отбасы мүшелеріне де көрсетіледі, оларға жеңілдіктер Ұлы Отан соғысының қатысушысы оларды пайдаланып жүргенге дейін тарайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 06.12.2013 № 169/23-5 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.09.2015 № 325/46-5 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Целиноград ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Үлгілік қағидалардың 1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      12. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларының 2, 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      16. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      17. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      18. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      19. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 15 және 16 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      20. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      21. Алынып тасталды – Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 17.05.2016 № 29/3-6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден келесі жағдайларда бас тартылады:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталғанда;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқанда, жалтарғанда;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Целиноград ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату
және қайтару үшін негіздемелер

      24. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Целиноград ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      25. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      26. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады