Т. Рысқұлов ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы мәслихатының 2013 жылғы 10 қазандағы № 18-7 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 6 қарашада № 2035 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық 2017 жылғы 12 сәуірдегі № 14-5 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 12.04.2017 № 14-5 шешімімен (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы 6-бабының 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес, Т. Рысқұлов аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Т. Рысқұлов ауданыда әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын қадағалау аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудандық мәслихат Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы хатшысы
      Б. Жантақбаев Б. Шамаев

  Т. Рыскулов аудандық
мәслихатының 2013 жылғы
10 қазандағы № 18-7 шешімімен
бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуiрдегi және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарына, сондай-ақ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi.
      2. Әлеуметтік көмек Т. Рысқұлов ауданында тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.
      3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаулысымен құрылатын комиссия;
      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      4) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      5) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      6) уәкілетті орган – "Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      7) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалының Т. Рысқұлов аудандық бөлімшесі;
      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері

      7. Атаулы және мереке күндеріне бір рет әлеуметтік көмек:
      9 мамырға:
      - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
      - қоршаудағы кезеңінде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен әрі "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
      - екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
      - қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне (күйеулеріне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезінде зақым алуының нәтижесінде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетіндерінен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екінші рет некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
      - Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған адамдарға және 6 айдан астам тылда еңбек еткендерге 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.
      15 ақпанға:
      - Ауғанстанда әскери міндетін өтеген әскери қызметшілерге және Ауғанстанда әскери міндетін өтеу кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге және қатысушыларға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
      - Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
      -1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға жұмысқа жіберілген жұмысшылар мен қызметшілерге 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.
      26 сәуірде:
      -1986-1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан және Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдарға және қатысушыларға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
      -1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.
      29 тамызға:
      - Азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі. Бір рет әлеуметтік көмек Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі бекіткен тізім бойынша:
      - туберкулез ауруымен ауыратын азаматтарға, амбулаториялық ем алушыларға 30 000 (отыз мың) теңге көлемінде көрсетіледі.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 06.04.2015 № 31-10 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күніне кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Алып тасталды - Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 06.04.2015 № 31-10 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күніне кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      9. Өтініші бойынша бір рет әлеуметтік көмек:
      - отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің бес еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда дәрілік заттарға төзімді туберкулез ауруымен ауыратын, амбулаториялық ем жалғастырушы адамдарға ай сайын 12 372 (он екі мың үш жүз жетпіс екі) теңге, ал туберкулездің 1 және 2 санатында қысқа мерзімде амбулаториялық ем алатын адамдарға 6 айға әр науқасқа айына 5 000 (бес мың) теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
      - жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын санаттағы азаматтар (отбасылар) үшін әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда 30000 (отыз мың) теңгеден 100 000 (бір жүз мың) теңгеге дейінгі мөлшерінде көрсетіледі;
      - табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде арнайы комиссия белгілеген 100 айлық есептік көрсеткіш шегінде көрсетіледі.
      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде мұқтаж азаматтар бір ай ішінде уәкілетті органға өтініш береді.
      Ескерту. 9 - тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 06.04.2015 № 31-10 шешімімен; өзгерістер енгізілді - Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 07.04.2016 № 2-8 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күніне кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі бекіткен тізім бойынша көрсетіледі.
      11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      12. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға жібереді.
      15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      16. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      17. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      18. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      19. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      20. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      21. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған.
      23. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      24. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы Т. Рысқұлов ауданы шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      25. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      26. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады