Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы мәслихатының 2013 жылғы 29 мамырдағы № 10/142 шешімі. Маңғыстау облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 09 шілдеде № 2265 тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 29/439 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 10.12.2015 № 29/439 шешімімен(жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексінің 3-бабының 2-тармағына және «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн -өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



      Сессия төрағасы                         Ж.Нұрмұханов

      Облыстық
      мәслихат хатшысы                        Б.Жүсіпов
 
 

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы
      және ветеринария бөлімінің басшысы
      Б.Қасымов
      2013 жылғы 29 мамыр

      Ақтау қаласы ішкі істер
      басқармасының бастығы
      Б.Ақшауов
      2013 жылғы 29 мамыр

      Қазақстан Республикасы Ауыл
      шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық
      бақылау және қадағалау
      комитетінің Ақтау қалалық
      аумақтық инспекциясының басшысы
      Е.Сынабаев
      2013 жылғы 29 мамыр

Маңғыстау облыстық мәслихатының
2013 жылғы 29 мамырдағы
№ 10/142 шешімімен бекітілген

Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында
иттер мен мысықтарды ұстау
ҚАҒИДАСЫ 1. Жалпы ережелер

      1. Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексінің 3-бабының 2-тармағына және 311-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес жасақталған.
      2. Қағида Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында иттер мен мысықтарды ұстаудың тәртібін реттейді.

2. Иттерді және мысықтарды тіркеу тәртібі

      3. Иттер үш айлық жасынан бастап, мысықтар екі айлық жасынан бастап «Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – «Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі») тіркеуден өтеді.
      4. Тіркеу барысында иттер мен мысықтардың иесі осы Қағиданың талаптарымен таныстырылады. Жануарлардың иесі Қағидамен танысқандығы Тіркеу кітабына қол қоюмен куәландырылады.
      5. Иттер мен мысықтарды тіркеуден өткізгеннен кейін жануарлардың иесі есебінен белгіленген үлгіге сәйкес ветеринариялық паспорт беріледі.
      6. Тіркеу және қайта тіркеу кезінде иттер мен мысықтардың иелері келесі құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:
      иесінің жеке басын куәландыратын құжаты;
      мекен - жайы, байланыс телефоны;
      иттің немесе мысықтың түрі, жынысы, аты, туылған күні, түсі, ерекше белгілері немесе жануардың сипаты.
      7. Иттер және мысықтар сатылған, жоғалған, өлген, басқа тұлғаға берілген жағдайларда жануарлардың иесі оларды есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін екі апталық мерзімде қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне хабарлауы қажет. Иттер мен мысықтардың иелері мекен - жайын өзгерткен жағдайда жануарлар 15 жұмыс күн ішінде тіркелуге жатады.

3. Иттерді және мысықтарды ұстау тәртібі

      8. Иттер тұқымдарына қарамастан үш айлық жасынан бастап құтырма ауруына, обаға және эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша лептоспирозға, микроспорияға қарсы егілуі, сонымен қатар гельминттерге тексерілуі немесе профилактикалық дегельминтизация жасалуы қажет.
      9. Мысықтар екі айлық жасынан бастап жануарлар мен адамдарға ортақ жұқпалы ауруларға қарсы, эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша микроспорияға қарсы егілуден, гельминтоздарға тексерілуден өтеді.
      10. Егер иттер мен мысықтардың иесі заңды тұлға болса, ол иттер мен мысықтарды ұстауға жауапты адамды тағайындайды.
      11. Жануарлардың иесі дер кезінде, осы Қағидада белгіленген мерзімде міндетті ветеринарлық шараларды өткізеді, жануарлардың карантиндік режимін сақтайды, жұқпалы ауруларды жою бойынша шараларды өткізеді.
      12. Иттер мен мысықтарды ұстау санитарлық - гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Қағиданы сақтаған жағдайда жүзеге асады:
      бір ғана отбасынан тұратын тұрғын үй - жайларда;
      бірнеше отбасынан тұратын тұрғын үй - жайларда, тек өзіне тиесілі аумақта ұстауға (пәтердің барлық тұрғындарының жазбаша келісімімен);
      кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде, көп пәтерлі үйлерде, бау - бақшаларда, азаматтардың коммерциялық емес бірлестіктерінде, демалыс орындарында байлаулы түрде немесе торда және айналадағылардың мазаларын алмайтын және қауіп келтірмейтін жағдайда ұстау.
      13. Көп пәтерлі тұрғын үйдің пәтерінде бір отбасыға үштен көп емес алты айлық жасқа дейінгі күшіктер және үлкен және орта тұқымды ересек иттер мен мысықтарды ұстау ұсынылады.
      14. Иттерді (көзі нашар көретін адамдарды жетектейтін иттерден басқа) және мысықтарды ортақ пайдаланатын орындарда (ас әзірлейтін бөлмелер, кіреберістер, баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, лоджиялар, балкондар мен қосалқы жайлар) және үйлердің алдындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерінің алдындағы аумақтарынан басқа), қонақ үйлерде және жатақхана дәліздерінде ұстауға жол берілмейді.
      15. Қонақ үйлерде қонақ үй әкімшілігінің келісімімен, жануарлардың ветеринариялық паспорты болған және санитарлық - гигиеналық ережелер сақталған жағдайда иесі итімен немесе мысығымен тұрақтауына жол беріледі.
      16. Иттер және мысықтар жекелеген тұрғын үй қорындағы үйлерде, ғимараттарда және оларға тиесілі аумақтарда осы аумақтың иесінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғаның келісімімен ұсталуы керек. Иттер қашып шыға алмайтын, адамдарға немесе басқа жануарларға шабуылдау жасамайтын және жүріп өтушілерді қаба алмайтын қоршалған аумақта ұсталуы керек. Осы аумақта иттің бар екендігі жөнінде кіреберісте кемінде 20х30 сантиметр көлемінде иттің суреті бар «Ит күзетеді!», «Охраняется собакой!» деген ескерту тақтайшасы арқылы хабарланады.
      17. Жеке тұрғын үй қорындағы үйлерде үштен көп емес иттерді ұстау, егер жануарларды ұстау жағдайлары санитарлық - гигиеналық және зоогигиеналық нормалармен сәйкес келген жағдайда жол беріледі.
      18. Иттердi арнайы бекiтiлген, қоршалған жерлерде серуендету керек. Егер ондай жерлер болмаса, иттердi серуендету құла далада жүзеге асырылады;
      19. Мыналарға рұқсат етілмейді:
      1) тіркелмеген (есепке алынбаған) және егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға;
      2) иттер мен мысықтарды балалар алаңдарында, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында және қоғамдық шаралар өткізілетін орындарда серуендетуге;
      3) иттерді тұмылдырықсыз (декоративті түрінен басқа) және ұзын шылбырда серуендетуге;
      4) мас күйіндегі адамдар мен 14 жасқа толмаған жасөспірімдерге иттерді серуендетуге;
      5) адамдардың шомылуына арналған орындарда, су бұрқақтарда және бастау көздерінде иттер мен мысықтарды шомылдыруға.
      20. Иелері байлап тастап кеткен иттерден басқа, қоғамдық орындарда иесіз жүрген иттер қаңғыбас иттер болып саналады және арнайы қызметтердің қарауына жатады.
      21. Қаңғыбас иттерді және мысықтарды қарау жергілікті атқарушы органмен жасалған келісім - шартпен ветеринария саласындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жүзеге асырады.

4. Иттерді және мысықтарды саудаға салу,
сонымен қатар тасымалдау

      22. Иттерді және мысықтарды белгіленбеген орындарда, сондай-ақ ветеринарлық анықтамасынсыз және құжаттарынсыз саудаға салуға жол берілмейді.
      23. Иттерді және мысықтарды саудаға салу, тек тиісті ветеринарлық құжаттары болған жағдайда олар 2,5-3 жасқа толғанда ғана жол беріледі. Егер иттер және мысықтар ветеринарлық паспортынсыз 2,5-3 айға толмай сатылған жағдайда, сатып алушыға күшіктің және мысықтың денсаулық жағдайы жөніндегі анықтама ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалармен беріледі.
      24. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес иттерді және мысықтарды саудаға салу жануарлар шаруашылығы қоры (клубы), питомниктер, зоодүкендер және мамандандырылған базарлар арқылы рұқсат етіледі.
      25. Иттерді және мысықтарды Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылы аумағына, оның ішінде шет мемлекеттерден әкелу немесе қаладан және ауылдан тыс жерге әкету Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      26. Қаладан және Өмірзақ ауылынан тыс жерге иттерді және мысықтарды тасымалдауға (орын ауыстыруға) және әкелуге ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік органмен берілген иттердің және мысықтардың жағдайы және егілгендігі туралы ветеринариялық куәлік және арнайы үлгідегі ветеринарлық паспорты болған жағдайда рұқсат етіледі.
      27. Иттерді және мысықтарды әуе, теміржол, автомобиль, сонымен қатар су көлігімен тасымалдау осы көліктердің түрлерінде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау Ережелері негізінде жүзеге асырылады.

5. Ереженің сақталуын бақылау

      28. Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылы аумағында иттерді және мысықтарды ұстау Қағидасының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттік берілген мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

6. Қорытынды ережелер

      29. Осы Қағиданың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес белгіленеді.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады