Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 28 қарашадағы N 4/1030 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2013 жылғы 10 желтоқсанда N 1013 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 05 шілдедегі № 3/323 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 05.07.2016 № 3/323 қаулысымен.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Жарлығының 2 тармағына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының Қағидалары бекітілсін.
      2. Алматы қаласы әкімінің аппараты осы қаулыны Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Е. Әлиқұловқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Алматы қаласының әкімі
А. Есімов

      
      Енгізуші:
      Алматы қаласы әкімі
      аппаратының басшысы Е. Әлиқұлов
      Келісілді:
      Алматы қаласы әкімі аппараты
      заң бөлімінің басшысы А. Қасымова

  Алматы қаласы әкімдігінің
2013 жылғы "28" қарашадағы
№ 4/1030 қаулысымен бекітілді

Алматы қаласы әкімдігі мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік этика қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласы әкімдігі мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік этика қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы" Жарлығына және жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес Алматы қаласы әкімдігі мемлекеттік қызметшілерінің мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
      2. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірінші басшылары, және Алматы қаласы аудандарының әкімдері осы Қағидалар талаптарының орындалуын, Қағидалар мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында жалпыға көрінетін қолжетімді орынға орналастыруды қамтамасыз етеді.

2. Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жалпы қағидалары

      3. Мемлекеттік қызметшілер:
      1) заңдылық қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституцияның, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуға;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіруге ықпал ететін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;
      3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтініштерін қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеуге, өтініштер бойынша белгіленген мерзімде қажетті шаралар қолдануға;
      4) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
      5) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
      6) адал, әділ, қарапайым да сыпайы болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және өзінің әріптестерімен қатынас жасау кезінде сыпайылылық пен әдептілік сақтауға;
      7) мемлекеттің мүддесіне залалын тигізетін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне бөгет болатын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісіне айналуға;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды сақтауға;
      10) мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, берілген өкілеттіктерді тиімді иеленуге; өзінің қызметтік міндеттерін адал, туралықпен және сапалы атқаруға; жұмыс уақытын тиімді пайдалануға;
      11) жеке және заңды тұлғаларға басымдық бермеуге, қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
      12) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілердің және өзге де тұлғалардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
      13) кадрларды туысқандық, жерлестік және жеке өзіне берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
      14) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар жасауға мәжбүрлемеуге;
      15) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілерін болдырмауға және олардың жолын кесуге;
      16) өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
      17) бағынысты қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, адамдық қадір-қасиетін кемсітуге, жөнсіздік, орынсыз мінез-құлық көрсетуге жол бермеуге;
      18) басшылардың тапсырмаларын орындау барысында тек объективті де анық мәліметтер беруге;
      19) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды әрі тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;
      20) ұжымда іскерлік өзара қарым-қатынасты және сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал жасауға;
      21) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға;
      22) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киімнің іскерлік қалпын ұстануға тиіс.
      4. Мемлекеттік қызметшілер іскерлік этикетті сақтауға, ресми мінез-құлық қағидаларын құрметтеуге тиіс.
      5. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
      Басшы лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер бағынысты қызметкерлерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
      6. Егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыруына тыйым салынады.
      7. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға тиiс.
      8. Туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте мемлекеттiк қызметшi өзiнiң тiкелей басшысына немесе мемлекеттiк органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
      Тiкелей басшысы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде, мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға, оның iшiнде:
      1) оған байланысты мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруға;
      2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң келiсiмi бойынша оны басқа лауазымға ауыстыруға тиiс.
      9. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.

3. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы

      10. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс.
      Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуі тиіс.
      11. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
      Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
      Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
      12. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
      13. Мемлекеттік қызметшілер мемлекетке экономикалық залалдың алдын-алу жөнінде барлық мүмкіндіктерді пайдалануы, жеке мүдделеріне және үшінші тұлғалардың мүдделеріне орай тексерулерге бастамашылыққа жол бермеуі тиіс.
      14. Мемлекеттік қызметшілер жеке мүліктік және мүліктік емес пайдалар алу үшін өзінің лауазымдық өкілеттіктерін және онымен байланысты мүмкіндіктерді қолданбауға тиіс.
      15. Мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолдануы тиіс.
      16. Мүдделер қақтығысы туындаған ретте, яғни мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделілігі және оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше атқаруының немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің арасында осы заңды мүдделерге зиян тигізетіндей қайшылық туындайтын жағдайда, мемлекеттік қызметші оның жолын кесу және реттеу жөнінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген шараларды қабылдауға міндетті.

4. Көпшілік алдында сөйлеу

      17. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
      Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікір сайысты әдепті түрде жүргізуі тиіс.
      18. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік ісінің мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:
      1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес немесе;
      2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
      3) мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.
      19. Мемлекеттік саясатты жүргізумен, мемлекеттік органның және мемлекеттік қызметшілердің қызметтерімен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органның атынан жариялымдарына жол берілмейді. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асырады.
      20. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.

5. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы

      21. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
      22. Мемлекеттік қызметшілер қарапайымдылық танытуға, көлік, сервистік және өзге де қызметтерді алу кезінде мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп туғызбауға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады