Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық мәслихатының 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 19/114-V шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 23 қазанда № 2386 болып тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық мәслихатының 2015 жылғы 2 маусымдағы № 40/238-V шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық мәслихатының 02.06.2015 № 40/238-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Арыс қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат сессиясының төрағасы      Е.Медетбеков

      Қалалық мәслихат хатшысы                   Т.Тулбасиев

Арыс қалалық мәслихатының
25 қыркүйек 2013 жылғы
№ 19/114-V шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Әлеуметтік көмек Арыс қаласының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде тұрақты тұратын мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы қағидада қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын қаланың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      9) уәкілетті ұйым – «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      4. Осы қағиданың мақсаты үшін әлеуметтік көмек ретінде Арыс қаласы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      5. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20 бабында және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      7. Әлеуметтік көмек мынадай мереке күндеріне көрсетіледі:
      1) 8 наурызда (Халықаралық әйелдер күні) - «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға, біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) 9 мамыр «Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне» орай - Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерiне біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, соларға теңестірілген адамдарға және тыл еңбеккерлеріне біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      3) 1 маусым «Балаларды қорғау күніне» орай – үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедек балаларға біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      4) 1 қазан «Халықаралық қарттар мен мүгедектер күніне» орай – 80 жастан асқан қарт адамдарға, мүгедектерге, жалғызілікті зейнеткерлерге біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      5) жаңа жылдық шыршаға мүгедек балаларға біржолғы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық мәслихатының 19.12.2014 № 36/214-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      8. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау
және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      9. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:
      1) ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етiлген отбасыларына, жұмысқа қабiлетсiз аз қамтамасыз етiлген мүгедектерге бiржолғы 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      2) Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүгедектерiне, ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етiлген отбасыларына, жалғызiлiктi зейнеткерлер мен мүгедектерге, табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның тұрғын үйiне зиян келтiруiне байланысты бiржолғы 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      3) туберкулез ауруының жұқпалы түрi бар азаматтарға бiржолғы 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      4) Адамның Имун Тапшылығының Вирусы жұқтыру немесе Жұқтырылған Имун Тапшылығының Синдром ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінан болған олардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге өтемақы, ай сайын 21,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      5) Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүгедектерiне, жалғызiлiктi зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрғын үйiн жөндеуге бiржолғы 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      6) мерзімді баспасөз басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлеріне, батыр аналар, мүгедектерге, мұқтаж жауынгер –Ауғандықтарға, Чернобыль АЭС-ның апатын жоюға қатысушыларына біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жартыжылдықта;
      7) үйде оқып және тәрбиеленетiн мүгедек балаларға ай сайын 2 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      8) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектерге қоларбамен қамтамасыз етуге:
      серуендеуге арналған қоларбаға 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      бөлмеге арналған қоларбаға 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      9) зейнет жасындағы азаматтарға және мүгедектерге санаторлық-курорттық емдеуге жолдама алу үшiн жылына бiр рет 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде.
      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтар бір ай мерзім ішінде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру қажет.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс денгейіне еселік қатынаста алпыс пайызынан аспайтын табыстың болуы.
      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін қалалық мәслихат бекітеді.
      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық мәслихатының 19.12.2014 № 36/214-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Арыс қаласы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларға (одан әрі-Үлгілік қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 23-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы қағиданың 17 және 18 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күн ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін қалалық мәслихат белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Арыс қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады