Шығыс Қазақстан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 09 қазандағы № 14/171-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 26 қарашада № 3105 болып тіркелді

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 12.07.2017 № 12/142-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 92-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу ережесі бекітілсін

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 12.07.2017 № 12/142-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Н. Темірбеков
      Шығыс Қазақстан облыстық
мәслихатының хатшысы
Г. Пинчук
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Қоршаған
ортаны қорғау министрлігі
Су ресурстары комитеті
төрағасының м.a
2013 жылғы 22 қазан
Б. Шаханов
      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
министрлігі Мемлекеттік
санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
департаментінің басшысы
2013 жылғы 22 қазан
Т. Ерубаев

  Шығыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2013 жылғы 9 қазандағы
№ 14/171-V шешімімен бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу ережесі

      Ескерту. Ережесі жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 14.12.2022 № 21/199- VII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Шығыс Қазақстан облысының халқын орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алудың осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 92 - бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Шығыс Қазақстан облысының аумағында халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу тәртібін айқындайды.

      2. Ереже халықты орталықтандырылмаған сумен жабдықтау бойынша қызметтерді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға таралады.

      3. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) ауызсу – сапасы бойынша белгіленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сай келетін, халықтың ауызсу және шаруашылық-ауызсу мұқтаждарына арналған табиғи күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі су;

      2) орталықтандырылмаған сумен жабдықтау – суды шығындау орындарына бермей, жинауға арналған, жалпы пайдалану үшін ашық немесе жеке пайдаланылатын құрылыстар;

      3) сумен жабдықтау – суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы.

2. Халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алуға қойылатын талаптар

      4. Өз мұқтаждықтары үшін орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтауды жүзеге асыратын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 18 сәуірдегі № 19-02/183 бұйрығымен бекітілген Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су пайдалануды міндетті тіркеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7678 болып тіркелген) сәйкес тіркеуді ерікті негізде жүзеге асырады.

      5. Су объектілерінен тәулігіне елу текше метрге дейінгі көлемде су алу кезінде халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау арнайы су пайдалануға рұқсат алуды талап етпейді.

      6. Орталықтандырылмаған су көздерінің ауыз суының сапасы гигиеналық нормативтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 26 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31934 болып тіркелген) бекітілген "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 15.12.2023 № 9/85-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен облыстың жергілікті атқарушы органы су пайдалануды міндетті түрде тіркеп, тұтастай алғанда осы су объектілеріне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның оң қорытындысы болғанда тікелей жерүсті және жерасты су объектілерінен су алуға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады