Теректі ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы № 10-3 шешімі. Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментінде 2013 жылғы 2 мамырда № 3281 болып тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихатының 2016 жылғы 22 маусымдағы № 5-3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихатының 22.06.2016 № 5-3 шешімімен (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді).
      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес Теректі аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Теректі ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету туралы Қағидасы бекітілсін.
      2. Көрсетілген шешіммен бекітілген Теректі ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасының 2012 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн және 2014 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданыста болатын 2 тармағының бесінші абзацын, 5 тармағының оныншы абзацын және 3 тармағының бірінші абзацының ережесін жекешелендірілген тұрғын жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге берілетінін қоспағанда, осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. 2 тармақ жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихаттың 22.10.2013 № 16-2 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Сессия төрайымы Д. Ғ. Мұштанова
      Аудандық мәслихат хатшысы Ә. Ж. Нұрғалиев

  Теректі аудандық мәслихатының
2013 жылғы 28 наурыздағы
№ 10-3 шешімімен
бекітілген

Теректі ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы

      Осы Теректі ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңдарына және "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi – телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде отбасының (азаматының) бiр айда тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға жұмсалған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кiрiсiне пайызбен қатынасы;
      отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кiрiстерiнiң жалпы сомасы;
      кондоминиум объектiсiн басқару органы – кондоминиум объектiсiн басқару жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкiлеттi орган – тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын "Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрi - уәкiлеттi орган);
      тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп–ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесiн күтiп–ұстауға, коммуналдық қызметтердi тұтынуды есептеудiң үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп–ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтердi төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетiн үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi шығыстарының мiндеттi сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн немесе оның жекелеген түрлерiн күрделi жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
      аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар.
      2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Теректі ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп–ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға; жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге;
      жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге берiледi.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
      3. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп–ұстауға арналған шығыстарға, жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге тұрғын үй көмегiн көрсету жөнiндегi шаралар қолданылатын, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7412 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес белгіленеді.
      Тұрғын үйдi күтiп ұстау және коммуналдық қызметтi пайдалану үшін шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының жиынтық табысынан 5% мөлшерінде белгіленеді.
      Ескерту. 3 тармақ жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихаттың 16.07.2013 № 14-2 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Тұрғын үй көмегi қызметтердi жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша көрсетiледi.

2. Тұрғын үй көмегiн тағайындау тәртiбi

      5. Тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн отбасы (азамат) уәкiлеттi органға өтiнiш бередi және мынадай құжаттарды ұсынады:
      өтiнiш берушiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      тұрғын үйге құқық беретiн құжаттың көшiрмесi;
      азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе мекенжай анықтамасы, немесе өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын ауылдық әкімдердің анықтамасы;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп–ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшерi туралы шоттар;
      коммуналдық қызметтердi тұтынуға арналған шоттар;
      телекоммуникация қызметтерi үшiн түбiртек-шот немесе байланыс қызметтерiн көрсетуге арналған шарттың көшiрмесi;
      жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жергiлiктi атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшерi туралы шот;
      жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге тұрғын үй көмегiн көрсету жөнiндегi шаралар қолданылатын түбiртек-шот.
      Ескерту. 5 тармаққа өзгерістер енгізілді - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихаттың 05.02.2014 № 18-2 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      6. Тұрғын үй көмегі барлық жарты жылдық бойына алты ай мерзімге, жарты жылдық алдындағы соңғы тоқсандағы кірістер бойынша тағайындалады, жарты жылдық алдындағы шығыстар өткен тоқсанға немесе қызметтер толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсанға ескеріледі. Тұрғын үй көмегін есептеу жартыжылдық сайын тоқсандарға бөле отырып тағайындалады. Тұрғын үй көмегін тағайындауға арналған құжаттары тіркелген арыздарды қабылдау жартыжылдықтың соңғы айының 10 күніне дейін жүргізіледі. Жаңа мерзiмге құжаттарды ресімдеу ресімдеудің алғашқы процедурасына ұқсас.
      Ескерту. 6 тармақ жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық мәслихаттың 16.07.2013 № 14-2 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      7. Отбасының (азаматтың) табыстары, тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға және коммуналдық қызметтердiң тұтыну төлемдерiнiң тарифтерi өзгерген жағдайда уәкiлеттi орган бұрын тағайындалған көмектi қайта есептейді.
      8. Тұрғын үй көмегiн алушылар тұрғын үй көмегiн алуға әсер ететiн мән-жайлар туралы он күн мерзiм iшiнде уәкiлеттi органға хабарлауға тиіс, ал өтiнiш берушiнiң тұрғын үй көмегiн заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған жалған мәлiметтер бергенi анықталған жағдайда, өтiнiш берушiге тағайындалған тұрғын үй көмегiн төлеу тоқтатылады.
      Артық төленген соммалар өз еркiмен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртiбiмен қайтарылуға жатады.
      9. Жеке меншiгiнде бiр тұрғын жай бiрлiгiнен артық тұрғын жайы немесе тұрғын жайын жалға немесе жартылай жалға берген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi тағайындалмайды. Тұрғын үй көмегi 3 жасқа дейiнгi баланы тәрбиелеп отырған, күтiмге мұқтаж мүгедектердi күтетiн тұлғаларды, сонымен қатар емдеу мекемелерiнде есепте тұрған психикалық аурулармен ауыратындар және уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнiнде дәрiгерлiк-кеңестiк комиссияның қорытындысы барларды қоспағанда, еңбекке жарамды, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған тұлғалар, бiрақ жұмыс iстемейтiн, оқымайтын, әскери қызмет атқармайтын және уәкілетті органға жұмыссыз ретiнде тiркелмеген отбасы мүшелерi бар отбасыларға (азаматтарға) берiлмейдi.

3. Тұрғын үй көмегiн төлеу

      10. Аз қамтамасыз етiлген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн төлеу екiншi деңгейдегi банктер арқылы уәкiлеттi органмен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады