Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2014 жылғы 7 наурыздағы № 100 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 наурызда № 9259 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 15 қарашадағы № 1433 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Әділет министрінің 15.11.2017 № 1433 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 30.11.2015 № 601 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптары бекітілсін.

      2. "Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 307 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6629 тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашадағы № 506-512 (26355) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов):

      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министрдің


міндетін атқарушы

З. Баймолдина


  Қазақстан Республикасы
Әділет Министрінің
міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы
№ 100 бұйрығымен
бекітілген

Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне
және жабдықталуына қойылатын талаптар

      Ескерту. Талап жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 30.11.2015 № 601 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Қызметтік үй-жайдың орналасқан жері және жабдықталуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы № 1077 қаулысымен бекітілген Өрт қaуiпciздiгi қағидаларының сақталуымен жүзеге асырылады.

      3. Қызметтік үй-жай жеке тұрған ғимараттарда немесе ғимаратқа жапсарлас салынған бейімделген үй-жайларда орналасады. Бөлек кіру есігі болған жағдайда, қызметтік үй-жайлардың тұрғын үй ғимараттарында орналасуына рұқсат етіледі. Қызметтік үй-жайлардың ғимараттардың жертөлесінде орналасуына жол берілмейді. Қызметтік үй-жайға кірген кезде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандустардың болуы қажет.

      4. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайы жеке сот орындаушысының қызметі үшін анықталған атқарушы округтың аумағында еркін қатынау үшін ашық және азаматтарды қабылдау үшін жарамды жерде болады.

      Жеке сот орындаушысының жұмыс уақыты мен қабылдау сағаты көрсетілген сыртқы маңдайша жазу қызметтік үй-жайға кіретін есікке орналастырылады.

      5. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайы жеке сот орындаушысының кабинетінен, азаматтарды күту, атқарушылық iс жүргiзулерді сақтайтын үй-жайлардан тұрады.

      Атқарушылық iс жүргiзулерді сақтауға арналған жеке үй-жай болмағанда, атқарушылық iс жүргiзулерді жеке сот орындаушысының кабинетінде жабылатын темір шкафтарда сақтауға жол беріледі.

      Жеке сот орындаушысының лицензиясы азаматтарға қол жетімді жерде орналастырылады.

      6. Басқа жеке сот орындаушыларымен бір атқарушылық округте ортақ қызметтік үй-жайда қызметін жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы өз өкілеттіктерін өз атынан атқарады.

      7. Қызметтік үй-жайдың алаңы қажетті кеңсе жиһазы мен жабдықтың еркін орналасуын қамтамасыз етеді және бір жеке сот орындаушысына 12 м2 құрайды.

      8. Жеке сот орындаушысының жұмыс орнына: кеңсе үстелі, компьютер не ноутбук, принтер кіреді. Қызметтік үй-жайда көшіру аппаратының және сканердің болуы қажет. Принтер, көшіру аппараты және сканер осы техниканың функцияларын көздейтін бір жабдыққа жинақталуы мүмкін. Үй-жайда құжаттарды, мөрлер мен мөртабандарды сақтауға арналған сейфтің болуы қажет.

      9. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылған талаптар жеке сот орындаушыларының кеңсесіне қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады