"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 30 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 15 қазанда № 9804 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 145 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 30.05.2016 № 145 бұйрығымен.

      «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 1-тармағының 6)тармақшасына, «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрілігінің мәселелері» 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуінен кейін он күнтізбелік күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» құқықтық-ақпараттық жүйесінде ресми жариялануға жолдауын;
      3) осы бұйрықтың ресми жарияланған кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі М.А. Әзілхановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы  
Мәдениет және спорт Министрінің
2014 жылғы 7 қазандағы  
№ 30 бұйрығымен     
бекітілген        

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Дін істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің
ережесі

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 08.04.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) діни қызмет саласындағы реттеуді жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар, мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
      5. Комитет заңнамаға сәйкес уәкілеттілігі болған жағдайда, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде көрінуге құқылы.
      6. Комитет, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрінің келісімі арқылы Министрліктің Жауапты
хатшысымен бекітіледі.
      8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, «Министрліктер үйі» ғимараты, № 15 кіреберіс.
      9. Комитеттің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін Істері комитеті» мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Комитетке өз функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілерімен келісім-шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      13. Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген жағдайда, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      14. Міндеттері:
      1) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамамен Комитетке жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
      15. Функциялары:
      1) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысады;
      2) республикадағы діни ахуалға зерделеу және талдау жүргізеді;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеп, оған талдау жүргізеді;
      4) өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді;
      5) өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүзеге асырады;
      6) дінтану сараптамаларын жүргізуді қамтамасыз етеді;
      7) Республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызмет етуіне, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктердің басшыларын тағайындауға келісім береді;
      8) діни қызмет саласында шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ынтымақтастық ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      9) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, сонымен қатар діни қызмет саласында халықаралық келісімдер, меморандумдар мен шарттар әзірлейді;
      10) діни қызмет және діни бірлестіктермен әрекеттестік мәселелері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіреді;
      11) діни қызмет саласындағы жергілікті атқарушы органдарды әдістемелік жетекшілік етуді жүзеге асырады;
      12) өз құзыреті шегінде діни қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және әзірлеуге қатысады;
      13) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу мәселелері бойынша стратегиялық және бағдарламалалық құжаттарды әзірлеуге қатысады;
      14) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы бұзушылықтарға қатысты өтініштерін қарайды;
      15) Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      16) заңнамада белгіленген жағдайлар мен тәртіпте әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды толтырады;
      17) өз құзыреті шегінде экстремизмнің алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды, терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асырады;
      18) өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз ету;
      19) Комитет өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызмет көрсету барысында тұтынушылар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді;
      20) Комитеттің кадрлық саясатында гендерлік теңдік қағидасының сақталуын қамтамасыз етеді;
      21) заңнамамен бекітілген тәртіпте діни қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізеді;
      22) «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» және «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік мекемелерге қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясына) басшылықты жүзеге асырады;
      23) Қазақстан Республикасы заңнамасымен бекітілген басқа да функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 08.04.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Комитет құзыреті шегінде іс-шараларды ұыймдастыру және өткізу;
      2) Комитет жанынан консультативтік-кеңесші органдарды құру;
      3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды
адамдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және
материалды сұрату және алу;
      4) Комитетке берілген мүлікті басқаруды жүзеге асыру;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;
      6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3. Комитет қызметін ұйымдастыру

      17. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің
орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты
болатын Төраға жүзеге асырады.
      18. Комитет төрағасын Қазақстан Республикасының заңнамасында
бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес
Министрліктің Жауапты хатшысымен қызметке тағайындалатын және
қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      20. Комитет Төрағасының өкілеттігі:
      1) Министрліктің Жауапты хатшысына Комитеттің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді;
      2) өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені, құрылымдық бөлімшелердің лауазымдық қызмет нұсқаулығын бекітеді;
      3) заңнамада белгіленген тәртіпте Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады (Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда);
      4) Министрліктің Жауапты хатшысына Комитет төрағасының орынбасарларын тағайындау мен қызметтен босату туралы, сондай-ақ оларды ынталандыру және тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсынымдар енгізеді;
      5) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілгін арттыру, ынталандыру, үстемеақылар төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ Комитет қызметкерлерін (төрағаның орынбасарларын қоспағанда) тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
      6) Министрліктің басшылығымен келісе отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынастығы ұйымдар басшыларын тағайындайды;
      7) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Комитет, қызметкерлерінің орындауы міндетті нұсқаулар береді;
      8) Комитеттің Әкімшілік және кадрлық жұмыс, құқықтық қамтамасыз ету, экономика және қаржы басқармаларына жетекшілік етеді;
      9) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;
      10) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шараларға дербес жауапты болады;
      11) өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселер бойынша шешім қабылдайды.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 08.04.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      21. Комитет Төрағасының орынбасарлары:
      1) өз өкілеттіктері шегінде Комитеттің қызметін үйлестіреді;
      2) Комитет басшысы белгілеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      22. Комитет Төрағасы болмаған кезеңде Комитет қызметіне жалпы басшылықты орынбасарлардың бірі жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын. жүзеге асыруға дербес жауапкершілік жүктеледі;
      23. Комитет қызметін ұйымдастырудың басқа мәселелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен, Министрліктің және Комитеттің бұйрықтарымен реттеледі.

4. Комитеттің мүлкі

      24. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.
      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      25. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады