Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 68 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 3 желтоқсанда № 9923 тіркелді.

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 01.12.2022 № 346 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезіндегі қауіпсіздік қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (Е.Б.Қанағатов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынуды;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. "Дене шынықтыру және спорт сабақтарын, спорт жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын өткізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі міндетін атқарушысының 2011 жылғы 8 қыркүйектегі № 02-02-18/175 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7269 болып тіркелген, 2011 жылдың 7 желтоқсанында № 596-600 (26992) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Т.Қ. Есентаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мұхамедиұлы

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 3 қарашадағы
№ 68 бұйрығымен бекітілген

Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезіндегі қауіпсіздік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 01.12.2022 № 346 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қағида "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген, дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын, жеке тұлғалардың денсаулығын сақтау тәртібін (бұдан әрі - Қағида) белгілейді.

      2. Осы қағидада келесі ұғымдар қолданылады:

      1) дене шынықтыру және спорт саласындағы маман – дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке адам;

      2) дене шынықтыру-спорт ұйымы – негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы – спорттық кәсіптік білімі бар, спорттық нәтижелерге қол жеткізуі үшін спортшыны даярлаудың оқу-жаттығу процесін және оның жарыстастық қызметіне басшылықты жүзеге асыратын жеке адам;

      4) нұсқаушы-спортшы – спорттық қызметін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлемі шартымен жүзеге асыратын спортшы;

      5) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары – жеке адамдардың дене жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған, арнайы жабдықталған (соның ішінде спорттық объектiлер (алаңдар, үйлер, ғимараттар).

      3. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкімшілігі (бұдан әрі - Әкімшілік) жеке тұлғалардың, жаттықтырушы-оқытушы құрамының, қызмет көрсетуші персоналдың денсаулығына және өміріне қауіп туындаған жағдайда дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізуге жол бермейді.

      4. Әкiмшiлiк қауiпсiздiк техникасы қағидаларына, санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес дене шынықтыру және спорт сабақтары өткiзiлетiн орындарды спорттық мүкаммалмен және құралдармен қамтамасыз етеді.

      5. Дене шынықтыру және спорттан жүйелі сабақтар жаттықтырушының, жаттықтырушы-оқытушының (нұсқаушының) басшылығымен өтеді. Дене шынықтыру және спорт сабақтарына жіберу денсаулығы туралы тиісті медициналық анықтама (қорытынды) ұсынылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

      6. Әкімшілік:

      1) нысандардағы инженерлік жүйелер мен ішкі және сыртқы өртке қарсы су құбырлары жүйелерінің тоқтаусыз жұмысын, ғимараттар құрылысының сенімділігін, сыртқа шығару жолдарын, эвакуациялық шығу есіктерін құлыптармен қамтамасыз етуді, қызмет көрсетуші тұлғалардың болуын және қызметтік нұсқаулықтарға сәйкес оның іс-қимылын бақылауды қамтамасыз етуді;

      2) өрт техникасының спорттық ғимараттарына кіруін және жақындауын;

      3) қоғамдық тамақтануды, медициналық қызмет көрсетуді, көліктердің қозғалысын және тұрағын, киім шешу орындарын және сақтау камераларын, сондай–ақ қызмет көрсетудің басқа да түрлерін қамтамасыз етеді.

2-тарау. Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 01.12.2022 № 346 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Дене шынықтыру және спорт сабақтары:

      1) техникалық, санитарлық ережелерге және гигиеналық нормативтерге, пайдалану, өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес ғимараттарда, уақытша және бейімделген спорт ғимараттарында және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді ғимараттарда;

      2) сабақтар өтетін орындар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай болса;

      3) жеке тұлғалардың денсаулығына және өміріне қауіп төндермейтін ауа-райы жағдайларында өткізіледі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 01.10.2015 № 306 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.12.2022 № 346 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      8. Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дене шынықтыру және спорт ұйымдарының дене шынықтыру және спорт саласындағы маманы:

      1) сабақтар өтетін орындарды қарап шығады;

      2) мүкаммалдың мен құралдардың дұрыстығын тексереді.

      9. Спорт ғимаратында кез-келген электрлік аппаратураларды және электрондық құрал-жабдықтарды орнату және пайдалану электрик маманның қатысуымен жүргізіледі.

      10. Дене шынықтыру және спорт саласындағы дене шынықтыру – спорт ұйымдары дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезінде осы Қағиданы сақтауды қамтамасыз етеді.

      11. Дене шынықтыру және спорт сабақтары басталғанға дейін әкімшілік (жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы, нұсқаушы-спортшы) қауіпсіздіктің қажетті шаралары, жарақаттанудың алдын алу, алғашқы медициналық көмек шаралары туралы нұсқама жүргізеді.

      12. Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезінде жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы немесе нұсқаушы-спортшы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушыларды дене шынықтыру жаттығуларын қауіпсіз орындау тәсілдерін үйретеді және олардың белгіленген қауіпсіздік шараларын сақтауын бақылайды.

      13. Дене шынықтыру және спорт сабақтары аяқталғаннан кейін дене шынықтыру және спорт саласындағы маман сабақ өткен орындарды қарап шығады, электр құралдарын және жарықтарды сөндіреді.

      14. Әкімшілік және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандар дене шынықтырумен және спортпен айналысатын жеке адамдардың денсаулығына келтiрілген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады