Ескерту. Қаулының күші жойылды - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 08.07.2020 № 501-1338 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы заңдарына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны әрі қарай пайдалану қағидасы бекітілсін.
2. "Астана қаласының Қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы осы қаулыны, кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста, және Астана қаласы әкімдігінің сайтында жариялаумен, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүргізсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Қ. Нағаспаевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Әкім | И. Тасмағамбетов |
Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 6 ақпандағы № 113-160 қаулысымен бекітілген |
Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен
салынған мүлікті қабылдау және оны одан әрі пайдалану қағидасы
Осы Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны әрі қарай пайдалану қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі, "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына, "Астана қаласының аумағында құрылыс салу Қағидалары туралы" Астана қаласы мәслихатының 2011 жылғы 3 наурыздағы № 432/58-ІV шешіміне сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны одан әрі пайдалану тәртібін белгілейді.
Қағида "Астана қаласының Энергетика басқармасы", "Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы", "Астана қаласының Құрылыс басқармасы", "Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы", "Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемелеріне (бұдан әрі - бюджеттік бағдарламалар әкімшілері), Астана қаласы әкімдігінің қатысу үлесімен коммуналдық заңды тұлғалар мен акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге таратылады.
Қағиданың орындалуын бақылау Астана қаласы әкімдігінің (бұдан әрі - Әкімдік) коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органы – "Астана қаласының Қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қаржы басқармасы) жүктеледі.
2. Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) "Астана қаласының Қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі - бюджетті орындау саласында басшылықты жүзеге асыратын және Астана қаласының коммуналдық мүлкін иеленуге, пайдалануға және билік етуге уәкілетті мемлекеттік мекеме;
2) бюджеттік бағдарлама әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
3) жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжат – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрын жүргізу мақсаты үшін қажетті жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамасынан тұратын құжат;
4) жылжымайтын мүлік – жермен тығыз байланысты жер учаскелері, ғимараттар, үй-жайлар мен басқа да мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;
5) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
6) коммуналдық мүлік - әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;
7) қабылдаушы тарап – мүлікті Астана қаласының коммуналдық меншігіне өзінің меншікті теңгеріміне шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға өз теңгеріміне қабылдайтын тарап;
8) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;
9) мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі – мемлекеттік инвестициялар есебінен немесе олардың қатысуымен салынған, құрылысы аяқталған объектіні мемлекеттік қабылдау комиссиясының пайдалануға қабылдау актісі;
10) тапсырушы тарап – Астана қаласының коммуналдық меншігіне мүлік тапсыратын заңды тұлға;
11) теңгерімдік құны – актив немесе міндеттеме бухгалтерлік теңгерімде танылатын сома;
12) техникалық паспорт – құқықтық кадастр жүргізу үшін қажетті бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамасынан тұратын, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру нәтижелері бойынша жасалған белгіленген нысандағы құжат;
13) электр энергетикасы объектілері – электр және жылу энергиясын өндіру, беру, жабдықтау және тұтыну саласы объектілері.
2. Астана қаласының коммуналдық меншігіне мүлік қабылдау
тәртібі
3. Салынған объектіні пайдалануға қабылдауды мемлекеттік қабылдау комиссиясы ол толық дайын болғанда жүргізеді.
Салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі дайын құрылыс өніміне арналған мүліктік құқықты тіркеудегі бастапқы ерекше құжат болып табылады.
Бюджет қаражаты есебінен салынған жылжымайтын мүлік құқығын тіркеген соң коммуналдық мүлікті тиімді пайдалану үшін коммуналдық меншікке беріледі.
4. Сатып алынған мүлік коммуналдық заңды тұлғалардың (шаруашылық жүргізу құқығындағы, жедел басқару) теңгеріміне бекітілген, сондай-ақ Әкімдік қаулысының, Қаржы басқармасы басшысының теңгерімге беру туралы бұйрығының, қабылдау-беру актісінің негізінде одан әрі пайдалану үшін Әкімдіктің қатысу үлесі бар акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталын төлеуге берілген сәттен бастап коммуналдық меншікке түскен болып саналады.
5. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған жылжымайтын мүлік пайдалануға енгізілген сәттен бастап мемлекеттік қабылдау комиссиясы актісінің негізінде жылжымайтын мүліктің меншік және тұрақты жер пайдалану құқығын тіркейді.
6. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері жылжымайтын мүлік тіркелген сәттен 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей Қағиданың 3-бөлімінде көрсетілген құжаттар тізбесін Қаржы басқармасына объектіні коммуналдық меншікке қабылдау және оны әрі қарай пайдалану туралы бұйрық әзірлеу және қабылдаушы және беруші тараптар қол қойған мүлікті қабылдау-тапсыру актісін бекіту үшін жібереді.
7. Объектіні коммуналдық меншікке беру кезінде құжаттарды рәсімдеуге қатысты барлық шығыстар бюджет қаражат есебінен іске асырылатын, объект құрылысына қатысатын бюджеттік бағдарлама әкімшісіне жүктеледі.
8. Барлық талап етілетін құжаттар болған жағдайда Қаржы басқармасы 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей мүлікті Астана қаласының коммуналдық меншігіне қабылдау туралы бұйрықты рәсімдейді және мүлікті қабылдау-беру актісін мемлекеттік және орыс тілдерінде, рәсімдеуге қатысатын, қабылдаушы, беруші тараптар үшін және Қаржы басқармасы үшін бір-бір данадан, үш данада бекітеді.
9. Астана қаласының коммуналдық меншігіне мүлікті қабылдағаннан кейін, жедел басқару және шаруашылық жүргізу құқығын тіркеуді теңгерім ұстаушы (қабылдаушы тарап) жүзеге асырады.
10. Бюджет қаражаты есебінен салынған электр энергетикасы объектілері Әкімдіктің қаулысымен Астана қаласының коммуналдық меншігіне қабылданады және "Астанаэнергосервис" акционерлік қоғамына акциялар төлеміне беріледі.
11. Әкімдіктің электр энергетикасы объектілерін коммуналдық меншікке қабылдау туралы қаулысы бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын, объект құрылысына қатысатын бюджеттік бағдарлама әкімшісінен жазбаша өтініш түскен сәттен бастап екі апта мерзімде қабылданады.
12. Әкімдіктің электр энергетикасы объектілерін коммуналдық меншікке қабылдау туралы қаулысы шығарылған күннен бастап, мүлікті қабылдау-беру актісі Қағиданың 8-тармағында көрсетілген мерзімде бекітіледі.
3. Қаржы басқармасына берілетін Астана қаласының коммуналдық
меншігіне мүлік қабылдау кезіндегі құжаттар тізбесі
1) тіркеу органында тіркелген, салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайда жұмыс комиссиясының қорытындысы ұсынылады;
2) жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт;
3) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты;
4) жылжымайтын мүліктің құқықтық кадастрынан мәліметтер;
5) бірінші басшы мен бас бухгалтердің қолы қойылған, қосымшаға сәйкес беруші органның мөрі басылған шығындарының толық талдамасымен берілген объектінің теңгерімдік құны туралы анықтама;
6) беруші, қабылдаушы тараптардың қолдары қойылған мүлікті қабылдау-беру актілері.
4. Қорытынды және өтпелі ережелер
13. Осы Қағидада қамтылмаған қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
Астана қаласының коммуналдық меншігіне кабылданатын объектінің
теңгерімдік құны туралы анықтама
Объектінің атауы: _____________________________________________
Р/с № | Объект салу кезінде орындалған шығындар атауы | Құны (теңге) |
1. | Ғимарат (орын-жай, ТҚС, ТҚС) | |
2. | Жабдық | |
3. | Инженерлік желілер | |
4. | Абаттандыру (көгалдандыру, жол, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар, телефондандыру) | |
5. | Құрылыс-монтаж жұмыстары (объект бойынша) | |
6. | Шағын сәулеттiк нысандар (орындықтар, сауыттар) | |
7. | Объектіні салу кезінде орындалған өзге де шығындар | |
Жиыны: |
Бюджет қаражаты есебінен іске
асырылатын, объектіні салуға
қатысатын бюджеттік бағдарламалар
әкімшісінің басшысы __________________
Бас бухгалтер _______________ МО