"Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 24 шілдедегі № 180-1213 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2014 жылғы 2 қыркүйекте № 833 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 28 қыркүйектегі № 180-1675 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 28.09.2015 № 180-1675 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі заңдарына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметімен белгіленетін интернет-ресурсында және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Қ.Т. Сұлтанбековке жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Әкім                                       И. Тасмағамбетов

Астана қаласы әкімдігінің  
2014 жылғы 24 шілдедегі   
№ 180-1213 қаулысына қосымша

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру
басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын (бұдан әрі – АЭА) дамыту, инновация және инвестициялар тарту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Достық көшесі, № 13.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға Қазақстан Республикасы заңнамасының актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: АЭА-ны инновациялық және инвестициялық дамыту, қызметін қамтамасыз ету.
      15. Міндеттері:
      1) АЭА-ны дамытуға және құрылыс салуға қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
      2) АЭА даму бағдарламасы мен стратегиясын іске асыруды қамтамасыз ету;
      3) АЭА аумағында объектілерді салу және даму жөніндегі Астана қаласы әкімінің өкімдері мен шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету;
      4) АЭА-ның іскер, отандық және халықаралық ортада инвестициялық тартымдылығын жасауға инвестицияларды тарту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға ықпал ету;
      5) құрылыс барысында озық технологияларды қолдануға, заманауи инфрақұрылымды құруға ықпал ету;
      6) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, АЭА құрылыс алаңдарында сәулеттік-құрылыс, санитарлық-техникалық және экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету;
      7) АЭА аумағындағы салық және кеден органдарында тіркелген құрылыс кәсіпорындарының, жеткізушілердің қызметін үйлестіру;
      8) инновацияны дамыту мен енгізу және инновациялық бағыт бойынша іс-шараларды ұйымдастыру үшін қолайлы жағдай жасау;
      9) АЭА инфрақұрылымын құруды ұйымдастыру (инженерлік коммуникациялық желілерді);
      10) ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін (бұдан әрі – ЭКСПО-2017) өткізуге дайындау шеңберінде қалалық даярлық іс-шараларды дайындауды ұйымдастыру;
      11) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау;
      12) гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруға ықпал жасау;
      13) жұмысқа қабылдау және қызметкерлерді көтермелеу кезінде гендерлік теңгерім нормаларын сақтауға ықпал жасау.
      16. Функциялары:
      1) АЭА даму бағдарламасы мен стратегиясын әзірлеуге қатысу;
      2) АЭА жұмыс істеу мәселелері жөнінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық және басқа да актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу;
      3) мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесіп, сыртқы экономикалық байланыстарды және отандық және шетелдік инвестицияларды, сонымен қатар АЭА дамыту және оны құрудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық инвестициялық конференцияларға қатысу жолымен несие қаражатын тартуға ықпал ететін байланыстарды жүзеге асыру;
      4) мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесіп, АЭА аумағында құрылыс барысын және сапасын, атқарылған жұмыс көлемін, абаттандыру ережесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
      5) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын АЭА инфрақұрылымының инженерлік коммуникациялық желілерін салу бойынша тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асыру;
      6) бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын, АЭА инфрақұрылымының инженерлік коммуникациялық желілерін салу мақсатында жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюмен байланысты жылжымайтын мүлік объектілерін бұзумен оларды босату жөнінде тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асыру;
      7) АЭА объектілеріне қатысты объектілер бойынша жобалау құжаттамасын қарау және келісу;
      8) жергілікті бюджеттен қаржыландыратын АЭА инфрақұрылымының инженерлік коммуникациялық желілерін жобалау және салу кезінде ескертулер мен ұсыныстар енгізу;
      9) мердігерлердің шарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылау, АЭА инфрақұрылымының желілерін салу барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық қадағалауды жүргізу үшін инжинирингтік қызметтерді тарту;
      10) АЭА инженерлік коммуникациялық желілерін іске қосу бойынша қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;
      11) уәкілетті органның қайтару негізінде бөлген қаражатын есепке алуды және қайтаруды қамтамасыз ету;
      12) Қазақстан Республикасының үкіметтік кепілдігі негізінде берілген сыртқы займдар және басқа да көздер, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын АЭА инфрақұрылымының коммуникациялық желілерін жобалауға және салуға конкурсты ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;
      13) АЭА инфрақұрылымының инженерлік коммуникациялық желілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте құрылыс-монтаждау жұмыстарын өткізуге құқығы бар заңды және жеке тұлғаларды тарту жолымен салуды ұйымдастыру;
      14) заңды тұлғалармен АЭА аумағында қызметті жүзеге асыру жөнінде шарттар жасау;
      15) АЭА аумағында қызметті жүзеге асыру туралы жасалған шарттар жөнінде уәкілетті органды хабардар ету;
      16) салық органының сұрауы бойынша АЭА аумағына алып келінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс үдерісінде пайдалану фактісін растайтын құжаттар беру;
      17) АЭА аумағында құрылыс үдерісіне қатысатын шаруашылық субъектілердің есебін және құрылыс объектілерінің мониторингін жүргізу;
      18) АЭА қызметі мәселелері жөніндегі азаматтардың ұсыныстары мен жазбаша үндеулерін қарау;
      19) АЭА аумағындағы мемлекеттік және басқа да органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      20) Астана қаласындағы «Құрылыс материалдары» пилоттық кластерінің Үйлестіру кеңесі жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;
      21) арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы талаптарға сәйкес АЭА аумағында орналасқан жер учаскелерін таңдау актілерін келісу;
      22) инвестициялық және инновациялық даму бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
      23) АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың қызмет түрлерінен алынған (алынуға жататын) табыстарды табыстарға жатқызу негізінде жүзеге асырылатын растаманы беру;
      24) ЭКСПО-2017 өткізу шеңберінде Астана қаласын дайынау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
      25) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқармаға жүктелген басқа да қызметтерді жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) АЭА қызметі мәселелері жөнінде Астана қаласының әкімдігіне ұсыныстар ұсыну;
      2) АЭА қызметіне қатысты мәселелер бөлігінде Астана қаласының басқа атқарушы органдар әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобасын келісуді жүзеге асыру;
      3) АЭА қызметі мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссиялардың жұмысына қатысу;
      4) АЭА қызметі мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған кінәлі тұлғаларға шара қолдану үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға материалдарды жіберу;
      5) кәсіпорындардан, ұйымдардан және мекемелерден Басқармаға жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті мәліметтерді, анықтамаларды, құжаттарды сұрау және алу;
      6) шағым жасау, талап-арыз жазу, соттарда талапкер және жауапкер ретінде әрекет ету;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастыру және өткізу;
      8) АЭА аумағында қызметтерді жүзеге асыру туралы келісім шарттағы қызметтер орындалмаған жағдайда АЭА қатысушысларымен жасалған келісім шарттарды бұзу;
      9) АЭА объектілерін салу кезінде жаңа технологиялар енгізу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру, ақпараттық семинарлар өткізу;
      10) өз құзыреті шегінде заңды және жеке тұлғалар орындауға міндетті құқықтық актілер шығару;
      11) мемлекеттік уәкілетті органдар мен АЭА аумағында шаруашылық етуші субъектілерден қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен сұрау және алу.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармада басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың басшысы Астана қаласы әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады.
      20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
      1) өз орынбасарларының және Басқарманың бөлімдері басшыларының міндеттерін анықтайды және жауапкершілік деңгейін бекітеді;
      2) Басқарма қызметкерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
      4) Басқарма қызметкерлеріне орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
      5) өз құзіреті шегінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді.
      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгiлейдi.

4. Басқарманың мүлкi

      23. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.
      Басқарма мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк.
      24. Басқармаға бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
      25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады