Ескерту. Күші жойылды - Жетісу облысы Ақсу аудандық мәслихатының 15.12.2023 № 19-86 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабының 6-тармағына және "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1106 Қаулысына сәйкес, Ақсу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақсу ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың "Бюджет, әлеуметтік-мәдениет салалары, жастар саясаты, заңдылық және құқық қорғау мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы, | |
мәслихат хатшысы | С. Серпербаев |
"КЕЛІСІЛДІ" | |
Ақсу ауданының әкімі | Далбағаев Әділбек Егеубекұлы |
"05" 06 2014 ж |
Ақсу ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу
және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше,
көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау
тәртібі
1. Жалпы ережелер
1. Осы бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің тәртібі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 39-3 бабының 6-тармағына, "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1106 Қаулысына сәйкес әзірленді және Ақсу ауданында ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі тәртібін белгілейді.
2. Ауылдардың, ауылдық округтердің аумағындағы ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (бұдан әрі – бөлек жиын) жергілікті қоғамдастықтық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.
2. Бөлек жиындарды өткізу тәртібі
3. Бөлек жиынды ауылдық округтің әкімі шақырады.
Аудан әкімінің жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге оң шешімі бар болған жағдайда бөлек жиынды өткізуге болады.
4. Жергілікті қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
5. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жиынды өткізуді ауылдық округтің әкімі ұйымдастырады.
6. Бөлек жиынды ашудың алдында тиісті ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған және оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
7. Бөлек жиынды ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
Бөлек жиынның хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыспен хатшы сайланады.
8. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауылдық округтің аумағындағы ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй сайлаушыларының жалпы санының 1 пайызы мөлшерінде бөлек жиынның қатысушылары ұсынады.
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.
9. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
10. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және оны тиісті ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.