Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 15.03.2022 № 11/90 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтарындағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 "Бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң үлгi қағидаларын бекiту туралы" қаулысына сәйкес қалалық мәслихат ШЕШТI:
1. Қоса берiлiп отырған Саяқ және Гүлшат кенттерінің бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң Қағидалары бекiтiлсiн.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Б. Сейсембеков |
Қалалық мәслихаттың хатшысы | Қ. Рахимберлина |
|
Саяқ және Гүлшат кенттерінде бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң Қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Саяқ және Гүлшат кенттеріндегі бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 39-3-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 "Бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң үлгi қағидаларын бекiту туралы" қаулысына сәйкес әзiрлендi және Саяқ және Гүлшат кенттерінің көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындарын өткiзудiң тәртiбiн белгiлейдi.
2. Саяқ және Гүлшат кенттердің (әрі қарай – кенттер) аумағындағы көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергiлiктi қоғамдастық жиындары (бұдан әрi - бөлек жиын) жергiлiктi қоғамдастықтың жиынына қатысу үшiн өкiлдердi сайлау мақсатында шақырылады және өткiзiледi.
2. Бөлек жиындарды өткiзу тәртiбi
3. Бөлек жиынды кенттердің әкiмдерi шақырады.
Балқаш қаласы әкiмiнiң жергiлiктi қоғамдастық жиынын өткiзуге оң шешiмi бар болған жағдайда бөлек жиынды өткiзуге болады.
4. Жергiлiктi қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсiлдермен олар өткiзiлетiн күнге дейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмей хабардар етiледi.
5. Көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жиынды өткiзудi кенттердің әкiмдері ұйымдастырады.
6. Бөлек жиынды ашудың алдында тиiстi көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған және оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тiркеу жүргiзiледi.
7. Бөлек жиынды кенттер әкiмi немесе олар уәкiлеттiк берген тұлғалар ашады.
Кенттер әкiмдерi немесе олар уәкiлеттiк берген тұлғалар бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
Бөлек жиынның хаттамасын рәсiмдеу үшiн ашық дауыспен хатшы сайланады.
8. Бөлек жиынның қатысушылары жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын он тұрғындардан бір адам сандық құрамында ұсынады.
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.
9. Дауыс беру ашық түрде әрбiр кандидатура бойынша дербес жүргiзiледi. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледi.
10. Бөлек жиында хаттама жүргiзiледi, оған төраға мен хатшы қол қояды және оны кенттер әкімдерінің аппараттарына бередi.