"Атырау облысы Ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Атырау облысы әкімдігінің 2014 жылғы 25 шілдедегі № 214 қаулысы. Атырау облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 07 тамызда № 2958 болып тіркелді. Күші жойылды - Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 230 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Атырау облысы әкімдігінің 18.10.2016 № 230 қаулысымен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 42-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27, 37-баптарына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Жарлығына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Атырау облысы Ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Мекеме) туралы ереже бекітілсін.
       Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.И. Дүйсембаевқа жүктелсін.
       Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов

  Атырау облысы әкімдігінің 2014 жылғы 25 шілде № 214 қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің 2014 жылғы 25 шілде № 214 қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
      2. Мекеменің ведомствалары жоқ.
      3. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 31 а үй. Индексі 060005.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Атырау облысы Ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Мекеменің қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мекеменің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Дамушы экономика жағдайында облыс аумағының эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы өнімінің экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған ветеринария саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу Мекеменің болып табылады.
      15. Міндеттері:
      1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
      2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
      3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағын басқа мемлекеттерден жұқпалы және экзотикалық аурулардың әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
      5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау;
      6) жануарлар аурулары диагностикасының, оларға қарсы күрестің және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу және пайдалану;
      7) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және жою.
      16. Функциялары:
      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      2) мемлекеттік саясатты іске асыру;
      3) осы облыс аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі жобасын әзірлеу;
      4) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді алып тастау туралы облыстың жергілікті атқарушы органдарының шешімі жобасын әзірлеу;
      5) ветеринариялық мақсаттағы препараттар өндірісін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ветеринария саласындағы қызметті лицензиялау;
      6) уәкілетті орган белгіленген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының шешімін әзірлеу;
      7) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағына ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;
      8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      9) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды, жануарға арналған ветеринариялық паспортты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру және оларды тасымалдау (жеткізу);
      11) ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлеріне қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;
      12) процессингтік орталықтан алынған ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды берушілерге олармен беруге шарттар жасасқанға дейін беруді қамтамасыз ету;
      13) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;
      14) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;
      15) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
      16) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
      17) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
      18) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;
      19) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;
      20) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекіту;
      20-1) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;
      20-2) тиісті әкімшілік аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      20-3) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
      20-4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      20-5) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
      20-6) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
       ішкі сауда объектілерінде;
       жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
       ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;
       экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
       экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
       тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
       экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
      20-7) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге,пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      20-8) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
      21) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кіреді.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгерістер енгізілді – Атырау облысы әкімдігінің 30.04.2015 № 127 қаулысымен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) меншігінде немесе жедел басқаруында оқшауланған мүлкінің, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасының болуына;
      2) сотта талапкер және жауапкер болуға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыруға құқылы.

3. Мекеменің қызметін ұйымдастыру

      18. Мекемеге басшылықты Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Мекеменің бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Мекеменің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Мекеменің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) қызметкерлерді лауазымға тағайындайды және босатады;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді ынталандыруды жүзеге асырады;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданады;
      4) өз құзыретінің шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік және қаржылық құжаттарға қол қояды;
      5) бөлімдердің ережелерін бекітеді;
      6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз Мекеменің атынан өкілдік етеді;
      7) жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға міндетті және жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
      9) Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
      22. Мекеменің бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мекеменің мүлкi

      23. Мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Мекеменің мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Мекемеге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады