Түркістан облысындағы арнайы комиссияның ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің 2014 жылғы 11 қыркүйектегі № 292 қаулысы. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 7 қазанда № 2821 болып тіркелді. Күші жойылды - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 27 қарашадағы № 250 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 27.11.2023 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 20.01.2021 № 9 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 бабының 2 тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына, "Арнайы комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 325-ө-м бұйрығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Түркістан облысындағы арнайы комиссияның ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 20.01.2021 № 9 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. "Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруын.

      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаевқа жүктелсін.

      Облыс әкімінің міндетін атқарушы Б.Оспанов
      Б.Жылқышиев
      Ә.Бектаев
      С.Қаныбеков
      Е.Садыр
      С.Тұяқбаев
      А.Абдуллаев
      Р.Исаева

  Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің 2014 жылғы 11 қыркүйек
№ 292 қаулысына қосымша

Түркістан облысындағы арнайы комиссия туралы ереже

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 20.01.2021 № 9 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 325-ө-м (бұдан әрі–Үлгілік ережелер) бұйрығына сәйкес әзірленді және арнайы комиссияның мәртебесі мен өкілеттігін айқындайды.

      2. Осы ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) уәкілетті орган – әлеуметтік көмек көрсетуді жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруды жүзеге асыратын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган;

      2) арнайы комиссия – (бұдан әрі – Комиссия) өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия.

      3. Комиссия аудан (облыстық маңызы бар қала) аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссия өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарымен ұйымдастырады.

      4. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      5. Комиссияның қызметін бақылауды аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жүзеге асырады.

2. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      6. Комиссияның негізгі міндеті осы Ереженің 9-тармағы негізінде жергілікті өкілді органдар бекітетін азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесіне сәйкес азаматтардың әлеуметтік көмекке мұқтаждығын және өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау болып табылады.

      7. Комиссияның негізгі функциясы әрбір жекелеген жағдайда әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсете отырып, Үлгілік ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығару болып табылады.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      8. Комиссия өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асырады.

      9. Комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауға тиіс.

      10. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Төраға болып табылады.

      Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы Ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

      11. Уәкілетті орган - ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Комиссия хатшысының міндеті бөлімнің маманына жүктеледі.

      12. Комиссия уәкілетті органнан құжаттардың толық пакетін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды және ашық дауыс беру арқылы әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттігі туралы шешім шығарады.

      13. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      14. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

      15. Комиссия қабылдаған шешім қорытынды нысанында ресімделеді және осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген мерзімде уәкілетті органға беріледі.

      Оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшері көрсетіледі.

      16. Комиссия әлеуметтік көмек мөлшерін айқындау кезінде жергілікті өкілді органдар бекіткен әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын басшылыққа алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады