РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес, Түлкібас аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса тіркелген Түлкібас ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы | М.Қошқаров |
Аудандық мәслихаттың хатшысы | А.Сапаров |
Түлкібас аудандық мәслихатының 2014 жылғы 15 сәуірдегі 27/8-05 шешімімен бекітілген |
Түлкібас ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже
1. Түлкібас ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы осы Ереже Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңын жүзеге асыру мақсатында жасалды.
2. Түлкібас ауданының Құрмет грамотасымен (әрі қарай – Грамота) Түлкібас ауданының алдында сіңірген еңбегін тану белгісінде, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқаны, аудан көлемінде өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, шығармашылық, спорт салаларында, заңдылықты қамтамасыз етуде, қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың құқы мен бостандығын қорғау және қамтамасыз ету жөніндегі қызметте, мемлекеттік және әскери қызметте, қоғамдық-саяси және қайырымдылық қызметтерде, қоршаған ортаны қорғауда, өзге өңірлермен мәдени және экономикалық байланыстарды кеңейтуде, халықтар арасындағы достық пен ұлтаралық келісімді нығайтуда қол жеткізген нақты нәтижелер мен қоғамдық мойындауға қол жеткізгені үшін азаматтар, еңбек ұжымдары және ұйымдар наградталады.
3. Түлкібас аудандық мәслихатына Грамотамен наградтауға ұсынымды Түлкібас аудандық мәслихатының депутаттары, Түлкібас ауданының әкімі, Түлкібас ауданының аудандық бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, Түлкібас ауданының аумағында қызмет жасайтын мемлекеттік орталық огандардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, Түлкібас ауданының ауыл округтері әкімдері, Түлкібас ауданының қоғамдық және діни бірлестіктерінің алқалық органдары енгізеді.
4. Ұсынымға Грамотамен наградталатын кадидаттардың аудан алдындағы нақты еңбектері мазмұндалған белгіленген үлгідегі марапаттау қағазы қоса беріледі.
5. Түлкібас аудандық мәслихатына келіп түскен ұсынымды алдын-ала қарау және Грамотамен наградтау туралы ұсынысты дайындауды Түлкібас аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірі жүзеге асырады.
6. Егер ұсыным берілген кандидатура немесе наградтау материалдары осы ережемен белгіленген талаптарға жауап бермесе, ол ұсыныс сессияның қарауына енгізілмейді.
7. Грамотамен наградтау туралы шешім Түлкібас аудандық мәслихатының сессиясында қабылданады.
8. Мерейтойларға, басқа да салтанатты оқиғаларға байланысты ерекше жағдайларда Грамотамен наградтау туралы мәселе Түлкібас аудандық мәслихатының тұрақты комиссиялар төрағаларының келісімімен Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасымен қаралуы және шешілуі мүмкін;
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының 07.08.2024 № 22/4-08 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.9. Грамотамен наградтау туралы шешім бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан халқына жеткізіледі.
10. Грамотамен қайта наградтау жүргізілмейді.
11. Грамота Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасымен немесе ол уәкілдік берген тұлғалармен Түлкібас аудандық мәслихатының сессиясында, сондай-ақ Түлкібас ауданында өткізілген ресми салтанатты шараларда табыс етіледі.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының 07.08.2024 № 22/4-08 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.