Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 22 шілдедегі № 22/5-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 14 тамызда № 3455 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 18 маусымдағы № 36/2-VІ шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының 18.06.2019 № 36/2-VІ шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3 тармағына, "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес Абай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары бекiтілсін.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" 2012 жылғы 21 тамыздағы № 6-2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2012 жылы 12 қыркүйекте № 2645 болып тіркелген, 2012 жылғы 15-22 қыркүйекте № 35 "Абай елі" газетінде жарияланған);

      2) "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" 2012 жылғы 21 тамыздағы № 6-2 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2013 жылғы 15 шілдедегі № 14/5-V шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2013 жылы 5 тамызда № 3025 болып тіркелген, 2013 жылғы 5-11 тамызда № 28 "Абай елі" газетінде жарияланған).

      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен кейiн он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Сессия төрағасы С. Мұқатай
      Абай аудандық
      мәслихатының хатшысы Т. Аманғазы

  Абай аудандық мәслихатының
2014 жылғы 22 шілдедегі
№ 22/5-V шешімімен бекітілді

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының 28.03.2018 № 22/8-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жасалған 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1995 жылғы 28 сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы", 2008 жылғы 29 желтоқсандағы "Арнаулы әлеуметтік қызмет", 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы мүгедектерге әлеуметтік көмек", және Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2013 жылғы 21 маусымдағы № 504 және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындап белгілейді.

      "Абай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету аудан бюджетінде қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырады.

1. Жалпы ережелер

      2. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасында (бұдан әрі – Қағидалар) пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Абай ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.

      4. Осы Қағидалар Абай ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      5. Әлеуметтік көмек бір жолғы және ай сайын көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеу тәртібі

      7. Адам (отбасы) мынадай:

      1) жетімдік;

      2) ата-ананың қамқорлығынсыз қалу;

      3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девианттық мінез-құлық;

      3-1) кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;

      4) үш жасқа дейінгі балалардың туғаннан бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктерінің шектелуі;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;

      7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездік;

      9) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босау;

      11) пробация қызметінің есебінде болу негіздері бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылуы мүмкін;

      12) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зиян алған адамдар;

      13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      8. Жан басына шаққандағы адамның (отбасының) орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.

      9. Әлеуметтік көмек амбулаториялық емдеудегі туберкулез аурудың белсенді түрімен ауратын өкпе ауруына қарсы диспансердің тізіміне сәйкес, әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдарға кірісін есепке алмай, ай сайын алты айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      10. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      11.  Атаулы күндер мен мереке күндеріне бірреттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғаныстан аумағынан әскерлерді шығару күні интернационалист - жауынгерлерді еске алу күні - 15 ақпан:

      Ауғаныстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери міндетін өтеу кезіндегі әскери қызметшілерге - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғаныстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:

      "Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көп балалы аналарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде 23 жасқа толғанға дейін) - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациалық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні - 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттын, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      1988 - 1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-дағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың, қоныс аудару күнінде құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймағынан қоныс аударылғандардың (өз еркімен кеткендердің) және Қазақстан Республикасына қоныстанғандардың қатарындағы адамдарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балалары - 25 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі - 1 мамыр:

      мүгедек балаларға - 4,2 айлық есептік көрсеткіш;

      5) Жеңіс күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына - 215 айлық есептік көрсеткіш;

      қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелдi қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне (күйеулеріне) - 10,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған адамдарға - 25 айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға - 4,5 айлық есептік көрсеткіш;

      6) Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр:

      саяси құғын - сүргін құрбандары болған азаматтарға - 4,5 айлық есептік көрсеткіш.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзгеде ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 1 қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 2, 3 қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсету үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      18. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізуді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      21. Уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берушінің құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 14 және 15 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту жағдайы:

      1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн белгiлеген шектен артқан жағдайда.

      24. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы аудан шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген:

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіпте қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады