"Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 34-21) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Теміржол вокзалдарының класын айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралар туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Инвестициялар және даму министрінің | |
міндетін атқарушы | А. Рау |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 31 бұйрығымен бекітілді |
Теміржол вокзалдарының класын айқындау әдістемесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Теміржол вокзалдарының класын айқындау әдістемесі (бұдан әрі – әдістеме) "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 34-21) тармақшасына сәйкес әзірленген.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 16.06.2016 № 499 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы әдістемені қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) класын айқындау – осы әдістемеге сәйкес балдық жүйе бойынша айқындалатын жұмыс (көрсетілген қызметтер) көлеміне және техникалық жабдықталуына байланысты осы вокзал жатқызылатын топтың атауы;
2) пайдаланушылар – жолаушылар теміржол тасымалдары саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін теміржол вокзалы алаңдарын пайдаланатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
3) теміржол вокзалы – класына қарай халыққа теміржол көлігімен тасымалдау және багажды, жүк-багажды қабылдау-беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үйлердің, ғимараттардың (жолаушы платформаларын, вокзал өтпелерін және вокзал маңындағы аумақты қоса алғанда) және басқа да мүлік түрлерінің кешені;
4) тұтынушылар – теміржол көлігінің жолаушылары, теміржол вокзалына келіп-кетушілер (соның ішінде жолаушыларды күтіп алушылар мен шығарып салушылар).
3. Әдістемені теміржол көлігі саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қолданады.
2. Теміржол вокзалдарының класын айқындау
4. Теміржол вокзалдарының класын айқындау мынадай жиынтық көрсеткіштерді қамтиды:
1) жылдық есептеуде тәулігіне жөнелтілген жолаушылардың жалпы саны 1 жолаушы - 1 балл;
2) алаңның әрбір 100 шаршы метр вокзалдық үй-жайларды күтіп-ұстау - 1 балл;
3) осы әдістемеге қосымшаға сәйкес теміржол вокзалдарының класы бөлінісінде балдық градация;
4) техникалық жабдықталуы (қосымша құрылыстар мен жабдықтар), соның ішінде эскалаторлар, лифттер, электрондық көрсеткіш тақта, жаяу жүргіншілер көпірлері, жерасты өтпелер әрбір объектіге (бірлікке) 0,05 балдан.
5. Теміржол вокзалының класы төменде келтірілген формулаға сәйкес айқындалады:
К=(Ж*1)+(S/100 ш.м)+Т
мұнда:
К - вокзал класы,
Ж - жылдық есептеуде тәулігіне жолаушылар,
S - вокзалдық үй-жайларды (жалпы алаңы) күтіп-ұстау,
Т - қосымша құрылыстар мен құрал-жабдықтар.
Ескертпе:
балды есептеу бөлігінде математикалық есептеулер жүргізу жөнелтілген жолаушылар саны есебінен айқындалады;
балды есептеу бөлігінде математикалық есептеулер жүргізу теміржол вокзалының техникалық паспортында көрсетілген теміржол вокзалы ғимаратының алаңына сәйкес айқындалады.
алынған көрсеткіштерді жиынтықтау класты айқындайтын балдар санын береді.
Математикалық есептеулер жүргізілген кезде бөлшек сандар бүтін санға дейін дөңгелектеуге жатады. Егер алынып тасталатын сандардың біріншісі 5-тен көп болса, онда сақталатын сандардың соңғысы бірлікке ұлғаяды. Ұлғайту бірінші алынып тасталатын сан 5-ке тең болғанда да жасалады.
Теміржол вокзалдарының класын айқындау әдістемесіне қосымша |
Теміржол вокзалдары класы бөлінісінде балдық градация
1. Вокзалдар орындалатын жұмыстар күрделілігіне және көлеміне байланысты градация бойынша төрт класқа бөлінеді:
1) кластан тыс;
2) 1-класс;
3) 2-класс;
4) 3-класс.
№ 1 кесте
Атауы | Кластан тыс | 1-класс | 2-класс | 3-класс |
вокзал | 2 500-ден және одан астам балл | 700-ден 2 499 балға дейін | 300-ден 699 балға дейін | 101-ден 299 балға дейін |
2. Тиісті есептеулер жүргізілгеннен кейін келтірілген № 1 кестеге сәйкес вокзал мәртебесі беріледі.