Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды фискалдық деректер операторының мемлекеттік кірістер органдарына беру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 135 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 9 сәуірде № 10665 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 208 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 16.02.2018 № 208 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 645-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды фискалдық деректер операторының мемлекеттік кірістер органдарына беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны он күнтізбелік күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды заңнамаларда бекітілген тәртіпте қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрі Б.Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
2015 жылғы 27 ақпанның
№ 135 бұйрығымен бекітілді

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде
жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді
тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса
машиналарынан мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды
фискалдық деректер операторының мемлекеттік кірістер
органдарына беру қағидалары
1. Жалпы ереже

      1. Осы Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды фискалдық деректер операторының мемлекеттік кірістер органдарына беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 645-1-бабына сәйкес әзірленген.

      2. Мемлекеттік кірістер органдары салықтық әкімшілендіру мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуді жүзеге асыру кезінде ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының мәліметтерін пайдаланады. Бұл ретте фискалдық деректер операторы мынадай міндеттерді жүзеге асырады:

      1) салық төлеушілерден ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау;

      2) ақшалай есеп айырысулар туралы алынған мәліметтерді өзінің электрондық тасығыштарында сақтау;

      3) ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желілері бойынша жедел режимде мемлекеттік кірістер органдарына беру.

      3. Фискалдық деректер операторы осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген міндеттерді мыналарды пайдаланумен жүзеге асырады:

      1) ақпараттық ауқымдар ағыны үшін электрондық тасығыштарды;

      2) ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жинауды қамтамасыз ету және рұқсат етілмеген қолжеткізуден қорғау үшін деректерді электрондық сақтау орындарын;

      3) құжат айналымы кезінде қағаз тасығыштарды;

      4) кері байланыс, интерактивті өзара іс-қимыл үшін интернет ресурстарын пайдалана отырып іске асырады.

      4. Фискалдық деректер операторы осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген міндеттерді іскее асыру барысында салық төлеушінің тіркеу деректерін, салық құпиясын, сондай-ақ ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, сақтау және мемлекеттік кіріс органдарына беру қызметі барысында алынған салық төлеуші туралы өзге де ақпаратты жарияламау бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін сақтауға міндетті.

      5. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар мен қысқартулар:

      1) ақшалай есеп айырысулар – тауар сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы жүзеге асырылатын есеп айырысулар;

      2) бақылау-касса машиналары – деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз ететiн компьютерлiк жүйелер;

      3) бақылау-касса машинасын фискалдық деректер операторының бағдарламалық-аппараттық кешеніне VPN қосу – бақылау-касса машиналарын рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғауды қамтамасыз ететін клиент пен сервер дұрыс сәйкестендірулері бар арнайы қорғалған байланыс арнасы бойынша фискалдық деректер операторының серверіне қосу;

      4) бақылау чегі - сатушы (тауарды, жұмысты, қызметті жеткізуші) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асу фактісін растайтын бақылау-касса машинасының бастапқы есеп құжаты;

      5) қызметтерді көрсету шарты – салық төлеушіге фискалдық деректер операторының қызмет көрсету талаптарын айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте салық төлеуші мен фискалдық деректер операторы арасында келісім жасалғанын растайтын қағаз және/немесе электронды түрдегі құжат;

      6) токен – фискалдық деректер операторының серверіне ақшалай есеп айырысулар туралы деркетерді беру кезінде бақылау-касса машиналарын сәйкестендіру және рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғау үшін фискалдық деректер операторының сервері генерациялаған сандық код;

      7) уәкілетті орган – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      8) фискалдық белгі – бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау чектерінде көрсетілетін ерекшелік белгі;

      9) фискалдық деректер операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ортақ пайдаланудағы телекоммуникациялар желілері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде беруді қамтамасыз ететін заңды тұлға;

      10) фискалдық деректер операторының порталы – мынадай міндеттерді шешу үшін қажетті фискалдық деректер операторының интернет-ресурсы, фискалдық деректер операторының бағдарламалық-аппараттық кіші жүйесі: ұйымды тіркеу, уәкілетті органда бақылау-касса машиналарын тіркеу, ұйымның пайдаланушыларын басқару, бақылау-касса машиналарымен жұмыс істеу үшін токен беру, фискалдық операцияларды, ұйымның кассалары бойынша Х және Z есептерді қарау, фискалдық белгіні немесе бақылау чегінің дербес кодын тексеру;

      11) VLAN (ағыл.VirtualLocalAreaNetwork) – бұл виртуалды жергілікті желі (физикалық тұрғыда түрлі сегменттерде орналасқан, бірақ логикалық тұрғыда бір-бірімен байланысты және бір кеңтаралымды доменге біріктірілген желілік ресурстар тобы).

2. Фискалдық деректер операторының жұмысын ұйымдастыру

      6. Фискалдық деректер операторының жұмысын ұйымдастыру оның міндеттерін толық көлемде орындалуына ықпал ететін мына функцияларды іске асыруды білдіреді:

      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес бақылау-касса машинасын қолданумен жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысу операциялары туралы мәліметтерді қабылдау, өңдеу, сақтау және мемлекеттік кірістер органдарына өзгеріссіз түрде беру үшін бағдарламалық-аппараттық кешен құру және пайдалану;

      2) бақылау-касса машиналарын фискалдық деректер операторының бағдарламалық-аппараттық кешеніне VPN қосуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасының аумағындағы ақпараттық-телекоммуникациялық желі жұмысын қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген тарифтер бойынша бақылау-касса машиналарын фискалдық деректер операторының бағдарламалық-аппараттық кешеніне (серверіне) қосу және бақылау-касса машинасын қолданумен жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, өңдеу және сақтау қызметтерін көрсету;

      4) бақылау-касса машиналарының деректерін қабылдау, сақтау және беру жүйесін әзірлеу және пайдалануға енгізу;

      5) фискалдық деректер операторының қызметтерін пайдаланушылармен өзара интерактивті іс-қимыл үшін фискалдық деректер операторының порталын құруды және техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ олар үшін қосымша сервистерді әзірлеу және порталға орналастыру;

      6) фискалдық деректер операторының порталы, бағдарламалық-аппараттық кешені, ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің жұмысы мәселелері бойынша салық төлеушілердің, мемлекеттік кірістер органдарының консультациялық және техникалық қолдау қызметін мен бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталықтарын құру;

      7) салық, мемлекеттік және басқа да заңмен қорғалатын құпиядан тұратын ақпараттың жариялағаны үшін фискалдық деректер операторының қызметкерлерінің жауапкершілігі мәселелері бойынша құқықтық актіні бекіту;

      8) электрондық цифрлық қолтаңба арқылы фискалдық деректер операторының порталында тіркелгеннен кейін, деректерді алушыдан басқа, қызметтер көрсету шарттарының негізінде фискалдық деректер операторының бақылау-касса машиналардан мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды мемлекеттік кірістер органдарына беру тәртібі бойынша қызметтерді іске асыру;

      9) алып тасталды – ҚР Қаржы министрінің 30.03.2017 № 205 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10) фискалдық деректерді өңдеуге фискалдық деректерді (сондай ақ салық төлеуші туралы кез келген ақпаратты) өзгертуді, иесіздендіруді, бұғаттауды, өшіруді немесе жоюды қоспағанда, фискалдық деректер операторының оларды жинау, жазып алу, жүйелеу, жинақтау, өзгеріссіз түрде сақтау, шығару, пайдалану, мемлекеттік кірістер органдарына оларға қолжеткізілімді беру бойынша әрекеттері кіреді.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 30.03.2017 № 205 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. Фискалдық деректер операторының бақылау-касса машинасын
тіркеу, қайта тіркеу және есептен шығару тәртібі

      7. Мемлекеттік кірістер органдарында бақылау-касса машинасын тіркеуге қойған салық төлеуші фискалдық деректер операторының порталы арқылы бақылау-касса машинасын тіркеу, қайта тіркеу және есептен шығару туралы электрондық өтініш жібереді.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген салық төлеушінің өтінішін тіркеу алдында фискалдық деректер операторы автоматты режимде мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне:

      1) өтініште көрсетілген салық төлеушінің тіркеу деректеріне;

      2) өтініште көрсетілген бақылау-касса машинасының тіркеу деректеріне сәйкестігі тұрғысында жүргізетін форматтық-логикалық бақылау жүргізіледі.

      9. Уәкілетті орган мен салық төлеушіге бір мезгілде фискалдық деректер операторының форматтық-логикалық бақылау нәтижесі жіберіледі:

      1) өтініште көрсетілген салық төлеушінің тіркеу деректері мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сәйкес келеді (келмейді);

      2) салық төлеушінің өтінішінде көрсетілген бақылау-касса машинасының тіркеу деректері мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сәйкес келеді (келмейді).

      10. Уәкілетті орган салық төлеушінің өтініші бойынша қабылданған шешім (өңдеу нәтижесі) туралы фискалдық деректер операторына хабарлайды.

      11. Фискалдық деректер операторы салық төлеушінің бақылау-касса машинасын тіркеу, қайта тіркеу және есептен шығару туралы өтінішін өңдеу нәтижесін салық төлеушінің назарына жеткізеді. Бақылау-касса машинасын тіркеу кезінде оған тіркеу нөмірі беріледі.

4. Фискалдық деректер операторының бақылау-касса машинасынан
мәліметтерді қабылдау тәртібі

      12. Бақылау-касса машинасын қолданатын салық төлеушілер фискалдық деректер операторымен тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізу кезінде салық төлеуші жүзеге асыратын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, сақтау және мемлекеттік кірістер органдарына беру қызметін көрсету шартын жасасады. Қызмет көрсету шартында міндетті тәртіпте:

      1) салық құпиясын құрайтын салық төлеуші туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге фискалдық деректер операторының жауапкершілігі;

      2) мемлекеттік кірістер органдарынан тіркеу деректерін және салық төлеушіден ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторының алуына және өңдеуіне салық төлеушінің келісімі;

      3) шартты бұзу тәртібі мен рәсімі көрсетілуге тиіс.

      13. Ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау кезінде фискалдық деректер операторының серверінде бақылау-касса машинасы берген ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтер бар әрбір ақпарат үшін токен алу арқылы бақылау-касса машинасын сәйкестендіру жүргізіледі. Токенді құру мынадай сәйкестендіргіштерді пайдаланумен жүргізіледі:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес тіркеу кезінде бақылау-касса машинасына берілген мемлекеттік кірістер органындағы бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес тіркеу кезінде фискалдық деректер операторы бақылау-касса машинасына берген бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі.

      14. Осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген сәйкестендіргіштер тексергеннен кейін фискалдық деректер операторы бақылау-касса машинасына бақылау-касса машинасының бақылау чегінде басып шығару үшін ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желісі арқылы серверде қалыптастырылған ақшалай есеп айырысудың фискалдық белгісін жібереді. Бұл ретте фискалдық деректер операторы серверінің хабарламасында салық төлеушіге бақылау-касса машинасына мынадай деректер беріледі:

      1) деректердің қабылданғаны туралы растау;

      2) берілген әрбір бақылау чегінің генерацияланған фискалдық белгісі;

      3) жаңартылған токен.

      Фискалдық деректер операторының серверінде өңделген ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтер фискалдық деректер операторының серверіндегі фискалдық деректерді сақтау орнында сақталады.

      15. Фискалдық деректер операторының серверінде бақылау-касса машинасының бақылау чегінің фискалдық белгісін қалыптастыру хеш-функциялар алгоритмдері мен есептеу рәсімдері қолданыла отырып, бақылау-касса машинасынан алынған ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтер негізінде жүргізіледі.

      16. Фискалдық деректер операторының серверімен байланыс үзілген жағдайда бақылау-касса машинасы дербес режимге ауысады, оның ұзақтығы бақылау-касса машинасының бекітілген техникалық талаптары мен техникалық талаптарына сәйкестік нысанына сәйкес 72 сағаттан аспауы тиіс. Бақылау-касса машинасының фискалдық деректер операторының серверімен байланыс қалпына келтірілгеннен кейін фискалдық деректер операторының сервері:

      1) бақылау-касса машинасынан дербес режимде жұмыстың ұзақтығы туралы ақпараты бар хабарлама алуға;

      2) бақылау-касса машинасының барлық бақылау чектерін рет-ретімен және бақылау-касса машинасының дербес режимдегі жұмысы кезінде жинақталған алынған Z-есептер туралы белгілерді қабылдауға және олардың әр қайсысына бақылау чегінің қолданыстағы фискалдық белгісімен жауап жіберуге тиіс.

      17. Бақылау чегінің фискалдық белгісі немесе дербес коды фискалдық деректер операторының порталында тексеріледі.

5. Бақылау-касса машинасынан мәліметтерді сақтау тәртібі

      18. Фискалдық деректер операторының серверінде салық заңнамасында белгіленген салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі ішінде мынадай мәліметтерді сақтау қамтамасыз етіледі:

      1) салық төлеушінің өтінішінде көрсетілген тіркеу деректері;

      2) бақылау-касса машинасының тіркеу деректері;

      3) тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылған әрбір ақшалай есеп айырысу туралы ақпарат;

      4) әрбір бақылау-касса машинасының токенінің ағымдағы қолданыстағы мәні;

      5) әрбір ақшалай есеп айырысудың фискалдық белгісі.

      19. Ақпаратты сақтау оны рұқсат етілмеген қолжеткізуден қорғаумен байланысты іс-шараларды қамтиды, оның ішінде:

      1) бағдарламалық-техникалық құралдар кешенін және оларды барлық ақпарат өңдеудің технологиялық кезеңдерінде және жұмыс істеудің барлық режимдерінде, оның ішінде жөндеу және регламенттік жұмыстарды жүргізу кезінде қолдайтын ұйымдастыру шараларын қолдану;

      2) пайдаланушылар мен әкімшілердің қол жеткізу құқықтарының ара-жігін ажырату;

      3) мыналарды:

      қосымшаларды логикалық топтарға бөлуді және әр топты бөлінген виртуалды машинаға орналастыруды;

      VLAN құру арқылы сыртқы желілік трафикті ішкісінен оқшаулауды;

      белсенді жабдық бір қосымша құрауышпен резервке қойылатын жүйе бойынша әрбір бағдарламалық құрауышты резервке қоюды;

      жүйелік және желілік инженерлерден басқа кез келген мамандардың серверлерге тікелей қолжеткізуді болдырмауды қамтитын бағдарламалық қамтамасыз ету қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар кешенін пайдалану;

      дерекқорлардың тұтастығын қамтамасыз ететін шаралар кешенін пайдалану, атап айтқанда:

      баснан чектер бойынша деректерді өзгертуге, жоюға және жаңартуға мүмкіндік бермейтін дерекқорларға қолжеткізу құқығын конфигурациялау;

      инженерлер серверлік жабдықта жүргізген барлық операцияларды тіркейтін аудит жүйесі;

      дерекқорлардың барлық көшірмелері белсенді, резервке қою артық болып кететін, виртуалды машина немесе физикалық сервер істен шыққан жағдайда, деректер аз уақыт ішінде қалпына келетін жүйе бойынша дерекқорларды резервке қою.

6. Бақылау-касса машинасынан мәліметтерді беру тәртібі

      20. Бақылау-касса машинасынан мәліметтерді беру ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желісінің байланыс арналары арқылы бақылау-касса машинасы – фискалдық деректер операторы – уәкілетті орган кезектілігімен жүзеге асырылады.

      21. Фискалдық деректер операторының серверімен бақылау-касса машинасының және уәкілетті органның серверімен фискалдық деректер операторының ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желісінің байланыс арнасы рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғалуы:

      1) клиент пен сервердің дұрыс сәйкестендірілуі;

      2) бағдарламалық және/немесе бағдарламалық-аппараттық ақпаратты қорғау құралдарын пайдаланылуы тиіс.

      22. Фискалдық деректер операторы уәкілетті органға беретін ақпаратты қалыптастыру:

      1) мерзімді негізде әрбір бақылау-касса машинасы бойынша уәкілетті органның серверіне күнделікті жинақтаушы есептерді беретін;

      2) уәкілетті органның ақпараттық жүйелеріне берілген деректердің синхрондылығы мен толықтығын бақылайтын деректер алмасу модулінде жүргізіледі.

      23. Бақылау-касса машинасы уәкілетті орган бекіткен ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беруді қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының техникалық талаптарына және техникалық талаптарға сәйкестігі нысанына сәйкес ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторының серверіне береді.

      24. Бақылау-касса машиналарынан алынған деректерді талдап тексеру фискалдық деректер операторының порталында жеке кабинетінде уәкілетті органның қызметкерлеріне қажеттілігіне қарай ұсынылады.

      25. Уәкілетті органның бақылау өлшемдерінің модулі бақылау өлшемдеріне сәйкес уақыт аралығында уәкілетті органның серверіне келіп түскен ақпаратты талдайды және есептерді уәкілетті орган қызметкерлеріне береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады