Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 301 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 сәуірде № 10721 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 қарашадағы № 486 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 24.11.2016 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістеме бекітілсін.
      2. «Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының 2013 жылғы 28 мамырдағы № 140-НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8538 тіркелген, 2013 жылғы 14 тамыздағы № 189 (28128) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                               Е. Досаев

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі  
№ 301 бұйрығымен   
бекітілген       

Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістеме

      1. Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      Осы Әдістеменің мақсаты тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) белгілейтін монополиялық жоғары бағаны айқындау болып табылады.
      2. Осы Әдістеме монополиялық жоғары бағаны белгілеуден көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы анықталған кезде қолданылады.
      3. Осы Әдістемеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
      4. Монополиялық жоғары бағаны белгілеу туралы мәліметтерді қарау шеңберінде монополияға қарсы орган ведомствосы мынадай іс-әрекеттерді жүргізеді:
      1) тауар нарығында бағаларды мемлекеттік реттеудің болу фактісін белгілейді;
      2) Заңмен бекітілген бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге немесе сатып алуға арналған мемлекеттің айрықша құқығының (мемлекеттік монополия) болу фактісін белгілейді;
      3) нарық субъектісінің Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі – Тізілім) болмау фактісін белгілейді;
      4) Тізілімге енгізілген нарық субъектісінің үстем үлесін белгілейді.
      5. Осы Әдістеменің 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуі белгіленген жағдайда, монополиялық жоғары бағаны белгілеу туралы тергеу жүргізілмейді.
      6. Монополияға қарсы органның ведомствосы тауар нарығына талдау жүргізгеннен және Субъектіні Тізілімге енгізгеннен кейін нарық субъектісінің іс-әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған кезде Заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізеді.
      7. Монополияға қарсы органның ведомствосы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректерді анықтау мақсатында тауар нарығындағы тауар өндіру (өткізу) бағасының және көлемдерінің серпініне, оның ішінде:
      1) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардың бағасын Субъектінің тиісті және салыстырмалы тауар нарығында басқа нарық субъектілерінің сондай тауар бағасынан асатын етіп белгілеуіне;
      2) тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында баға өсуінің тиісті қарқындарымен салыстырғанда Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының өсу қарқынының артуына;
      3) физикалық сипатын (мысалы, тауар бірлігінің салмағын) төмендету арқылы Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының көтерілуіне;
      4) өндіру немесе беру мүмкіндігі болған кезде тұтынушылардың сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндіру және (немесе) беру көлемін негізсіз қысқартуға немесе өндіруді және (немесе) беруді тоқтатуға талдау жүргізеді.
      8. Үстем үлесі 90 пайыз және одан астам субъектілер үшін монополияға қарсы органның ведомствосы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректерді анықтау мақсатында тауарды өндірудің (өткізудің) өзіндік құнына және рентабельділігіне, оның ішінде:
      1) Субъектінің тауары бірлігінің өндірістік өзіндік құнының өсуінен кезең шығыстары өсуінің артуына;
      2) Субъектінің өндірістік персоналы жалақысының өсу қарқынымен салыстырғанда әкімшілік персонал жалақысының өсу қарқынының ұлғаюына;
      3) Субъектіде сала немесе өңір бойынша орташа айлық жалақыдан орташа айлық жалақы деңгейінің артуына қосымша талдау жүргізеді.
      9. Нарық субъектісінің іс-әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы тергеу жүргізу туралы бұйрық шығарады.
      10. Тергеу жүргізу кезінде Субъектінің монополиялық жоғары бағаны белгілеу жөніндегі іс-әрекеттерін растайтын фактілердің болуын белгілеу қажет.
      11. Егер субъектінің үстем үлесі 90 және одан астам пайызды құраған, сондай-ақ салыстырмалы тауар нарығы болмаған жағдайда, монополиялық жоғары бағаны айқындау Әдістеменің 14-тармағына сәйкес жүргізіледі.
      12. Салыстырмалы тауар нарығын анықтау Заңның 14-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген критерийлер бойынша жүзеге асырылады.
      13. Монополияға қарсы органның ведомствасы тиісті тауар нарығындағы тауардың бәсекелестік бағасын айқындайды.
      Бәсекелестік жағдайда Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілейтін, осы тауар нарығындағы тауардың ең жоғары бағасы тауардың бәсекелестік бағасы болып табылады. Бұл ретте, Заңның 6-бабының 2) тармақшасында көзделген шартқа сәйкес келетін нарық субъектілері ескеріледі.
      Нақ сол тауар нарығындағы бәсекелестік бағаны белгілеу мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
      Бәсекелестік бағаны айқындау кезінде тауардың сапалық параметрлері ескеріледі.
      Тергеу объектісі тауарының бағасын Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі салыстырылатын тауар нарығындағы тауардың бәсекелес бағасымен салыстыруды жүргізу монополияға қарсы органның ведомствасы басшысының немесе орынбасарының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
      Салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда шығыстар мен пайданы талдау жүргізіледі және негізделген бағасы айқындалады.
      14. Егер Субъект белгілеген баға бәсекелестік бағадан асып түсетін болса немесе бәсекелестік бағаны анықтау мүмкін болмаса, монополияға қарсы органның ведомствосы осындай тауарды өндіру мен өткізу қажеттілігін, шығыстар мен пайданы бағалау мақсатында шығыстар мен пайдаға талдау жүргізеді.
      15. Шешім қабылдау үшін монополияға қарсы органның ведомствосы талдау, оның ішінде:
      1) Субъектінің қаржылық-шаруашылық қызметіне;
      2) өндіріс шығындарының ұлғаю себептерін анықтау мақсатында Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардың өндірістік және толық өзіндік құнының серпініне;
      3) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардан Субъекті алатын пайдасына;
      4) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының серпініне;
      5) Субъектінің тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;
      6) өндірістік қуаттарды пайдалануға;
      7) нәтижесінде Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасы тікелей немесе жанама қалыптастырылатын шарттарға;
      8) өндірістік шығындарға және кезең шығыстарына;
      9) Субъектінің инвестициялық бағдарламасына;
      10) кредиторлар мен қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелеріне жүргізеді.
      16. Қажет болған кезде қосымша негіздеме үшін Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының өзіндік құнының (шығындардың жекелеген баптары) және рентабельділік деңгейінің өсу қарқыны басқа нарық субъектілерімен салыстырылады.
      Айталық, егер Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының, өзіндік құнының, пайдасының және рентабельділігінің өсу қарқыны басқа нарық субъектілерінің осы көрсеткіштерінің өсу қарқынынан айтарлықтай асатын болса, бұл монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдаланудың мүмкін болатындығын қосымша растай алады.
      17. Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар өндірумен (өткізумен) тікелей байланысты қажетті шығындар мен пайданы айқындау кезінде мыналар ескеріледі:
      1) өзіндік құнға кіретін материалдық шығыстар растайтын құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларды және материалдық ресурстардың физикалық көлемін негізге ала отырып, тауардың бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының қолданылатын нормаларын және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларын негізге ала отырып айқындалады;
      2) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығыстар;
      3) Субъектінің есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалатын амортизациялық аударымдар;
      4) қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлеуге арналған шығыстар;
      5) Субъектінің тауар өндіруіне (өткізуіне) тікелей қатысты басқа да шығыстар;
      6) кәсіпорынның тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ететін пайда деңгейі.
      Пайда Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауарды өндіруден (өткізуден) алынған табыс және тауарды өндіру және (немесе) өткізу үшін қажетті негізделген шығыстар мен нақты төленген салықтар арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      Субъектінің дамуы үшін талап етілетін қажетті пайданың шамасы өндірілетін (өткізілетін) тауардың өзгешелігін, тауар нарығының ерекшелігін және Субъектінің жұмыс істеу шарттарын көрсетуі, сондай-ақ:
      жаңа активтерді құруға, қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңартуға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестицияларды;
      тәуекел деңгейін (өндірудің немесе тұтынудың маусымдық сипаты, климаттық факторларға жоғары тәуелділік және т.б.);
      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық шарттарда, Бас, салалық және өңірлік келісімдерде көзделген міндеттемелерді;
      жекешелендіру және концессия шарттарында, лицензиялық келісімдерде, инвестициялық шарттарда және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік бойынша өзге де келісімдерде көзделген міндеттемелерді;
      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларынан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де төлемдерді ескеруі тиіс.
      18. Субъектінің тауардың бір бірлігіне қажетті шығындары мен пайдасын бағалау кезінде қажет болған кезде тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығындағы басқа нарық субъектілерінің ұқсас шығындары мен пайдасын салыстырмалы талдау әдісі қолданылуы мүмкін.
      19. Егер негізінде тергеу басталған материалдарда шартқа Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасын көтеруге әкеп соғатын белгілі бір талаптарды енгізу арқылы Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасын жасанды көтерумен байланысты бұзушылық көрсетілсе, шарттарға талдау жүргізу қажет.
      Егер негізінде тергеу басталған материалдарда тауардың физикалық сипаттамаларын төмендету арқылы бағаны жасырын көтерумен байланысты бұзушылықтар көрсетілсе, монополияға қарсы органның ведомствосы Заңға сәйкес сарапшыларды тарта отырып, Субъект тауарының сипаттамаларына сараптама жүргізеді.
      20. Тергеу нәтижелері бойынша лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) Заңның 67-бабына сәйкес қорытынды дайындайды.
      21. Монополиялық жоғары баға белгіленген жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы Заңның 68-бабына сәйкес монополиялық табыстың есебін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады