Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан шығару қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 262 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 сәуірде № 10816 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 740 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.11.2015 № 740 (01.01.2016 бастап күшіне енеді) бұйрығымен.

      «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 39-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан шығару қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде және мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауды;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін
      атқарушы                              М.Құсайынов

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының 
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 262 бұйрығымен  
бекітілген      

Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан шығару қағидалары

      1. Осы Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан шығару қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне (бұдан әрі - Тізілім) енгізу және одан шығару тәртібін айқындайды.
      2. Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган ведомствосы (бұдан әрі - монополияға қарсы орган ведомствосы) жүзеге асырады.
      Тізілім осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысанда жүргізіледі.
      3. Бекітілген Тізілім, сондай-ақ оған енгізілген өзгерістер монополияға қарсы органның Интернет-ресурсында жарияланады.
      4. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу оған енгізу, одан шығару, сондай-ақ Тізілімде қамтылған нарық субъектісі туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу жолымен жүзеге асырылады.
      5. Тізілімді қалыптастыру Заңның 39-бабының 14) тармақшасына сәйкес бекітілетін Тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемелеріне сәйкес монополияға қарсы орган ведомствосы жүргізген тауар нарықтарын талдау нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.
      Тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган ведомствосы төрағасының, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқарушының шешімі бойынша Тізілімге енгізу немесе шығару немесе оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы бәсекелес органның ведомствосы күнтізбелік он күн ішінде бұйрық шығарады.
      Егер нарық субъектісі Тізілімде тұратын көрсетілетін қызметтің атауы тиісті нормативтік құқықтық актінің негізінде өзгеретін болса, бірақ бұл ретте қызметті көрсетудің технологиялық процесі өзгеріске ұшырамаса, Тізілімде тұрған нарық субъектісінің көрсетілетін қызметінің атауына өзгеріс жаңа (қосымша) талдау жүргізілмей енгізіледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.07.2015 № 552 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      6. Монополияға қарсы органның ведомствосы нарық субъектісін енгізу немесе Тізілімге өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдаған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде оған Тізілімнен үзінді көшірме жібереді, нарық субъектісін Тізілімнен шығарған кезде, осы мерзімде Тізілімнен шығару туралы оны жазбаша хабардар етеді.
      7. Монополияға қарсы орган ведомствосы қызметтерін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-1-бабына сәйкес реттелетіндерге жатқызылған салаларда жүзеге асыратын нарық субъектісін тізілімге енгізген кезде уәкілетті органдарға тізілімнен үзінді көшірме жібереді.
      Реттелетін нарық субъектісі Тізілімнен шығарылған кезде монополияға қарсы орган ведомствосы тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарын жазбаша хабардар етеді.
      8. Заңға сәйкес тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері Тізілімге енгізуге жатады.
      9. Тұлғалар тобы Тізілімге біртұтас нарық субъектісі ретінде тиісті тауар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар тобына енетін барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалар көрсетіліп енгізіледі.
      Тізілімге тұлғалар тобын құрайтын нарық субъектілерін енгізу олардың жалпы санына және әрқайсысының нақты үлесіне байланысты болмайды.
      10. Тиісті тауар нарығына тізілімде тұрған және ұқсас (бірін-бірі алмастыратын) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізетін нарық субъектілерімен тұлғалар тобын құрайтын жаңа нарық субъектілері шыққан жағдайда, мұндай нарық субъектілері тізілімге жаңа (қосымша) талдау жүргізбестен тұлғалар тобының құрамында енгізіледі.
      11. Тұлғалар тобы ішінде олар бойынша тұлғалар тобы Тізілімге енгізілген қызмет түрлерімен айналысатын жаңа нарық субъектілері құрылған жағдайда, осы нарық субъектілері тізілімге олардың анықталу фактісі бойынша енгізіледі.
      12. Нарық субъектісін Тізілімнен шығару үшін негіздер:
      1) заңды тұлғаның, жеке тұлғаның дара кәсіпкер ретінде (нарық субъектілерінің өтініші бойынша) қызметін тоқтатуы;
      2) нарық субъектісін тізілімнен шығару туралы заңды күшіне енген сот шешімі;
      3) нәтижесінде нарық субъектісі тауар нарығында бәсекелес ортанның жағдайын талдау және бағалау нәтижелері бойынша белгіленген үстем немесе монополиялық жағдайын жоғалтқан, тиісті тауар нарығында нарық субъектісі үлесінің төмендеуі;
      4) нарық субъектісінің үстем немесе монополиялық жағдайға ие қызмет түрін жүзеге асыруды тоқтатуы болып табылады.

Нарық субъектілерін   
Үстем немесе монополиялық 
жағдайға ие нарық субъектілерінің
мемлекеттік тізіліміне енгізу және
одан шығару қағидаларына 
қосымша           

нысан

Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі

р/с №

Нарық субъектісі (субъектілері) атауы

Нарық субъектісі өткізетін тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) атауы

Тауар нарығының географиялық шекаралары

Нарық субъектісінің тауарлық нарықтағы үлесі

1

2

3

4

5

1.





2.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады