Зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттік есепке алу қағидасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 18-03/118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 мамырда № 10935 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағының 64) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы министрі                  А. Мамытбеков

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму министрі
      ___________ Ә. Исекешев
      2015 жылғы 30 наурыз

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі
      ___________ Е. Досаев
      2015 жылғы 1 сәуір

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы 
№ 18-03/118 бұйрығымен  
бекітілген        

Зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу
қағидаларын бекіту туралы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағының 64) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу тәртiбiн айқындайды.
      2. Зоологиялық коллекцияларға жануарлар дүниесi объектiлерi тұлыптарының, жұмыртқаларының, криоконсервiленген жыныс клеткаларының, препараттары мен бөлiктерiнiң, оның iшiнде хайуанаттар парктері, зообақтар, цирктер, зоологиялық питомниктер, аквариумдер, океанариумдер жабайы жануарларының ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелiк және эстетикалық құндылығы бар жинағы жатады.

2. Зоологиялық коллекциялар жинау тәртiбi

      3. Зоологиялық коллекциялар жинау жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау, оларды жинау, сатып алу, айырбастау, сыйға тарту, Қазақстан Республикасының заң актілерімен тыйым салынбаған басқа да тәсiлдермен алу арқылы жүргiзiледi.
      4. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының зоологиялық коллекциялар жинау мен оларды толықтыруы үшiн Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгiзiлген жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн аулауға және жинауға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлгендерден басқа, жануарлар дүниесi объектiлерiн Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларының зоологиялық коллекцилар жинау мен оларды толықтыру үшiн жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган берген рұқсаттың негiзiнде жүзеге асырылады.

3. Зоологиялық коллекцияларды мемлекеттiк есепке алуды
ұйымдастыру тәртiбi

      6. Зоологиялық коллекцияларды мемлекеттiк есепке алу осы қағиданың қосымшасындағы нысанға сәйкес оларды жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның ведомствосымен зоологиялық коллекциялардың тiзiлiмiне енгiзуi жолымен жүзеге асырылады.
      7. Зоологиялық коллекцияның иесi оны мемлекеттiк есепке қою мақсатында қызметтерді жүзеге асыру басталғанға дейін кемінде он жұмыс күні ішінде «Хабарламалар нысандарын және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы» 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес мекеме уәкiлеттi органды хабардар етеді (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10194 тіркелген).
      8. Мекеме уәкiлеттi орган зоологиялық коллекция иесiнің хабарламасына сәйкес оны тізілімге енгізеді.
      9. Мекеме уәкiлеттi орган зоологиялық коллекция иесiнiң оның жай-күйі және коллекциялық экспонаттардың айналымы туралы ақпаратты жылдан кейінгі 20 наурыздан кешiктiрмей беретiн жыл сайынғы есебiнiң негiзiнде тiзiлiмге енгізілген зоологиялық коллекциялар экспонаттары айналымының есебiн жүргiзедi.

Зоологиялық коллекциялар жинау
мен мемлекеттiк есепке алу 
қағидасына қосымша     

Нысан

Мемлекеттiк есепке алынған зоологиялық коллекциялар тiзiлiмi

      1. Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi.
      2. Тiркелген күнi.
      3. Коллекцияның атауы.
      4. Иесi.
      5. Иесiнiң мекен-жайы және коллекция орналасқан жердiң мекен-жайы.
      6. Меншiк нысаны (мемлекеттiк ұйымдар үшін ведомстволық бағыныстылығы).
      7. Коллекцияның мақсаты (ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелiк және басқалар).
      8. Коллекцияның негiзi қаланған жыл.
      9. Коллекцияның сипаттамасы (тiрi организмдер, тұлыптар, жұмыртқалар, құрғақ және ылғалды препараттар және басқалар).
      10. Бiрегей объектiлердiң болуы (Қызыл кiтапқа енгiзiлген типтер, паратиптер, түрлер).
      11. Коллекция құрамындағы өзгерiстер (айналымы).
      12. Коллекцияны сақтау (ұстау) шарттары.
      13. Коллекцияның қайта тiркелгенi туралы белгi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады